Әуе рейстерінің кешігуі қашан түзеледі?

Министр әуе тасымалы саласындағы проблемаларға тоқталды

Қазір Қазақстан әуежайларында ұшақтардың кешігіп ұшуы қалыпты жағдайға айналып бара жатыр. Әңгіме отандық әуе компаниялар тәртібі туралы болып отыр. Бұл жайлы азаматтар соңғы кезде әлеуметтік желіде наразылық пікірлер де білдіре бастаған еді. Аталған мәселеге орай Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев пікір білдірді.

«Әр жағдай бойынша қатаң түрде мән бердік. Біреулер «әуе компаниясы үшін 3 млн теңге айыппұл не болар дейсің» деуі мүмкін. Алайда бірінші айыппұл келеді, одан соң екіншісі, үшіншісі, оныншысы, бірте-бірте бұл жағдай қорқынышты бола бастайды. Мемлекеттік машинаның күн сайын солай тұрақты жұмыс істейтінін сезіне бастайды. Сол себепті олар өз жұмыстарын жақсы тарапқа қарай құрылымдайды», деді министр.

Бұл ретте олар ұлттық тасымалдаушыны қолдай сөйлеп, рейс кешіккен жағдайда жолаушыларды сабырлы болуға шақырды.

«Air Astana компаниясы әлемдік деңгейге сай келеді. Кешіктірулер техникалық себептермен орын алады. «Air Astana» жұмыс жүргізді. Өкінішке қарай, техникалық себептер әртүрлі болуы мүмкін: ұшақ құстармен соқтығысып қалады немесе датчик істен шығуы мүмкін. «Air Astana» егер ұшақ әуе сапарына 100 пайыз дайын болмаса ұшуға рұқсат етпейді. Сондықтан кешіктірулер болып жатса жолаушыларды төзімділік танытуға шақырамын», деді Қайырбек Өскенбаев.

Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Салтанат Томпиеваның айтуынша, жолаушылар ағынының артуы рейстердің кешігуіне әсер етеді.

«Рейс көбейген сайын кешігу де көбейеді. Соңғы кезде осы мәселеге орай көп сын айтыла бастады. Бірақ біздің де, азаматтық авиацияның да басты мақсаты – жолаушылардың қауіпсіз тасымалын қамтамасыз ету. Егер кешігу әуе компаниясының кінәсінен болса онда компания жолаушыларға қажетті жағдай ұсынуы тиіс. Яғни, 2 сағаттық кешігуден кейін жолаушыларға екі телефон қоңырауы, салқын су, ана мен бала бөлмесі, кешігудің ұзақтығына қарай – ыстық тамақ, қонақүй және трансфер. Егер әуе компаниясы жолаушыларға тиісті деңгейде жағдай жасамаса онда біз оларды 200-1000 АЕК аралығында әкімшілік жауапкершілікке тарта аламыз», деді Томпиева.

Министрдің айтуынша, 2030 жылға дейін Қазақстан жаңа ұшақтар санын 80-ге жеткізуді жоспарлап отыр. Биыл 14 жаңа ұшақ келуі тиіс. Оның бесеуі келіп қойған.

Мәселен, жақында «Scat» және «FlyArystan» әуе компаниялары өз парктерін жаңа әуе кемелерімен толықтырды.

«Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың тапсырмасы бойынша әуе кемелер паркін ұлғайту және қазақстандық авиакомпаниялардың тасымалдау сыйымдылығын арттыру бойынша жұмыстар жалғасуда. Мәселен, «SCAT» әуекомпаниясының әуе кемелер паркі ағымдағы жылы жоспарланған 9 ұшақтың бесіншісімен толықтырылды. Заманауи «Боинг-737» ұшағының сыйымдылығы – 189 орындық. Бұл әуе кемесі авиакомпанияның флотын 31 бірлікке дейін, оның ішінде 24 «Боинг» моделіне дейін ұлғайтады. Биылғы тамыздан бастап әуекомпания сыйымдылығы тиісінше 174-тен (оның ішінде 12 бизнес-класс орындары) 189 орынға дейін 4 «Боинг-737» ұшағын алып, іске қосты», делінген хабарламада.

Сонымен қатар, 2022 жылдың соңына дейін отандық тұрақты тасымалдаушылар тағы 8 ұшақ алады деп күтілуде, осылайша қазақстандық әуе компаниялардың тасымалдау сыйымдылығы 20 пайызға артады, бұл да ұшуды уақтылы орындауға оң әсер етеді деген сенім бар.

1 қазан күні түнде «Fly Arystan» әуекомпаниясының «А320nео» жаңа әуе кемесі келді. Бұл ұшақ авиакомпания паркіндегі 12-ші кеме және сыйымдылығы 188 орны бар алғашқы борт (әуекомпанияның қалған кемелерінің  сыйымдылығы 180 орын).

Сондай-ақ министрлік соңғы жылдары жолаушылар ағынының үлкен қарқынмен арта бастағанын мәлімдеді.

2022 жылдың 8 айында отандық әуекомпаниялар тасымалдаған жолаушылар саны 6,9 млн адамды құрағанын атап өтті. Атап айтқанда, олар ішкі желілерде биылғы қаңтар-тамыз айлары аралығында 4,9 млн адам (2021 жылғы сәйкес кезеңде – 4,9 млн адам), ал халықаралық желілерде 2 млн жолаушыны (2021 жылғы сәйкес кезеңде – 1,2 млн адам) тасымалдады.

«Мәселен, «Air Astana» компаниясы шамамен – 2,7 млн, «FlyArystan» – 2,1 млн, ал «SCAT» авиакомпаниясы 1,8 млн жолаушы тасымалдаған. Аталған кезеңде еліміздің әуежайларында қызмет көрсетілген жолаушылар саны 13,1 млн адамды құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13 пайызға артық (2021 жылы – 11,6 млн адам). Қазіргі уақытта ішкі авиарейстерді аптасына 617 рейс жиілігімен 57 бағыт бойынша 6 отандық әуе компаниясы орындайды», делінген ведомство хабарламасында.

Еске салайық, халықаралық рейстер аптасына 490 рейс жиілігімен 112 бағыт бойынша 28 елде орындалады. Олардың қатарында Түркия, БАӘ, Өзбекстан, Грузия, Тәжікстан, Ресей, Қырғызстан, Беларусь, Германия, Египет, Оңтүстік Корея, Нидерланды, Польша, Армения, Ұлыбритания, Мальдив аралдары, Таиланд, Әзірбайжан, Катар, Кувейт, Сауд Арабиясы, Моңғолия, Үндістан, Иран, Черногория, Грекия, Италия, Қытай мемлекеттері бар.

Google News сайтында бізге жазылыңыз
Қатысты материалдар
Қазір оқуда