Корей еліне барып қара жұмыс істеген қазақ жігіті Астанадан баспана алды

Жарияланды
Қазір ауылдан жиһаз цехын ашқан Бейбіт Сыдықжановтың табыс табу құпиясы қандай?

Ол facebook әлеуметтік желісінде Bekbei Bek деген лақап атпен танымал. Мамандығы тарих пәнінің мұғалімі бола тұра, қаражат табу үшін Корей еліне барып екі жыл қара жұмыс істеді. Өзге елде жүріп күніне 70-80 мың жалақы алған Бейбіт Сыдықжанов шетелде табыс табудың қыр-сырын бүгінгі сұхбатта ашпақ.

– Бейбіт, шетелге баруыңа не түрткі болды?

 – Жалақының аздығы себеп болды. Көп жыл ұстаз болып қызмет еттім. Бірақ қаладан пәтер ала алмадым. Содан пандемия басталардың алдында Корей еліне жұмыс істеуге кеткен өскемендік студенттерім хабарласты. Келсеңіз көмектесеміз деген соң, жалақыма билет алдым да кетіп қалдым.

– Ол жақта қандай жұмыс істедіңіз?

– Корей еліне барғандар екі түрлі бағытта жұмыс істейді. Бірі зауытта, енді бірі көшеде тұрады. Оны арбайт дейді. Яғни 10 сағат түрлі жұмыс істесең, күніне 70 мың теңге ақша төленеді. Мен өнеркәсіп альпинизімінде жұмыс істедім. Онда  күніне 200 долларға дейін таптым.

Тапқан ақшаңызды қалай жинадыңыз?

– Кореяда тамақ, жататын орын қымбат. Егер көңіл көтеретін орындарға барсаң, тапқан табысыңды бір күнде құрта салуға болады. Сондықтан мен барынша үнемдедім. Менің қасымдағы азаматтардың барлығының ойы бір болды. Ақшаны тезірек жинап, Астанадан, Алматыдан үй алу. Көптеген жігіттер ақшаларын бизнеске салды. Кореядан елге киімдер, көлік, косметика жіберіп кәсібін дөңгелетті.

– Үй сатып алдыңыз ба?

– Екі жыл үздіксіз жұмыс істеп Астанадан үй алдым. Әкем ауырған соң, шетелдегі жұмысымды жалғастыра алмадым. Ұзынағаштағы анамның қасына келіп қазір жиһаз бизнесін аштым. Өз инстаграмм парақшамыз арқылы «Шебер Берік» деген цехта клиенттерден тапсырыс алып, кәсіпке бет бұрдым. Кейде Кореядан келетін көліктерді сатуға шығарамын.

– Қазір елдің барлығы шетелге барып тез байығысы келеді? Оларға не айтар едіңіз?

– Кореяға апарамыз дейтін алаяқ компаниялар өте көп. Олардың айтқандарына сеніп, жолға шығып кетуге болмайды. Көпшілігі сол елге кіре алмай кері қайтады. Мен «ол жаққа барып, көп ақша тауып келіңдер»деп кеңес айтудан аулақпын. Кореядағы жұмыст өте ауыр. Зауытта, бау-бақшада жұмыс істеуге тура келеді. Біздің елге қарағанда ақшаны көп тапқаныңмен денсаулығыңа да кері әсер ететіні анық.

– Қазіргі ашқан бизнесіңіздің табысы қалай?

– Табысымыз жаман емес. Бірақ Корей еліне барып жылдам ақша тауып үйреніп қалғаннан кейін бе, тағы да Норвегия, Канада деген сияқты елдерге барып қайту жоспарымда бар. Мұғалім мамандығына қайта оралғым келмейді. Жақсы жалақы алу үшін сағатың көп болуы керек. Ауылда тұрған соң, осы жерде бизнесті жандандырып көрейін деген едім, ақырындап қолымнан келіп жатыр.

– Facebook-те өте белсендісіз. Қызықты постар көп жазасыз. Жақында сатып алған есегіңізге «Акимат» деп атадыңыз. Неге?

– Facebook-те белсенді болып отыруымның басты себебі – еліміздің түкпір-түкпірінен көп дос тапқым келді. Шетелде де  Facebook маған көп көмектесті. Қызықты постар жазу арқылы еліме, жеріме деген сағынышымды бастым. Есекті 2 балама ермек үшін сатып әпердім. Атын әдейі «Акимат» деп қойдым. Әкімдік менің  есек кейіпкерімді Facebook-тан көріп соған назар аудара отырып, ауылдың жол, жарық мәселесін шешсе деп жануардың суретін әдейі саламын.

Сұхбатыңызға рақмет. 

Сондай-ақ оқыңыз