Алып зауыт жабылса, 600 адам жұмыссыз қалмақ

Жарияланды (жаңартылды )
Орал қаласындағы әкімдік пен зауыт басшылары арасында дау басылмай жатыр.
Фото; Адырна сайтына алынды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жолдауында  «Макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, экономиканы әртараптандыру және  цифрландыру. Сондай-ақ, шағын және орта бизнес пен адам капиталын дамыту, заң үстемдігін орнықтыру. Сондықтан, тың тәсілдер қажет екені сөзсіз»-деп қадап айтқан болатын. Алайда Оралдағы «Кублей» зауыты мен әкімдік арасындағы  екі жыл бұрын бастаған дау  әлі бітер емес. Есесіне бір тәулікте 200 мың консервіленген қалбыр өндіретін өндіріс орны жабылудың аз-ақ алдында тұр, деп хабарлайды  «Адырна» ұлттық порталы. 

Егер зауыт заңгерлері мен шағымданушылардың талабы қанағаттандырылмаса, «Кублей» консерві зауыты жабылады. Кәсіпорын ғана емес, осы зауытқа ет өткізіп отырған 2500-дей шаруа қожалығы да табыссыз қалуы мүмкін. Сондай-ақ, 600 адам жұмыссыз қалады деп мәлімдеді  заңгер Бақытжан Базарбек . Оның айтуынша,әкімшілік консерві зауытының жанынан тұрғын үй кешенін салуға, құрылыс жүргізуге рұқсат берген.  Салдарынан бірнеше үй бой көтерген.

«Оралдағы әкімдік, жер қатынастары, сәулет құрылыс басқармасының үстінен шағымданудағы мақсатымыз – тек зауыттың саниатарлық аумағын сақтап қалу ғана емес, аталған мекемелердің жер телімінің нысаналы мақсатын ауыстыруына қатысты әрекеттерінің тексерілуін де талап етеміз. Барлық дәлелдемелдерді, 8 том айғақ ұсындық. Қарсы тарап бірде бір рет біз талап еткен құжаттарды ұсынған жоқ», – деді.

Ал әкімдік болса, Orda.kz тілшісіне арнайы  түсініктеме берген. Орал қаласы әкімінің орынбасарының айтуынша,   «2015 жылдың маусым айында «Кублей» ЖШС пайдалануға берілді. Қазір сотта «Кублей» ЖШС-нің әкімдікке қарсы процесі жүріп жатыр, онда зауытта санитарлық-қорғау аймағы бар ма, жоқ па деген мәселе қаралып жатыр», — деді Асхат Құлбаев.

Дегенмен үй салынып біткен. Алайда даудың салдарынан әзерге тұрғындарға пайдалануға берілмеген.

Айта кету керек, қазір жер теліміне қатысты дауға зауыт жанынан салынған үйдің тұрғындары да қатысып жатыр. Оларға судья «сотқа қатысушы үшінші тарап» деп анықтама берген.

Ал, прокуратура болса арнайы тексеру амалдары негізінде қалалық әкімдіктің бірнеше қызметкерінің жұмыс істеуіне шектеу қойылды. Оны ішінде Орал қаласының әкіміне қатаң сөгіс жарияласа, бас архитектор қызметінен қуылды. Сондай-ақ,  Батыс Қазақстан облысының бас сәулетшісіне де әкімшілік жаза қолданылып, жұмыстан шеттетілді.  

Егер зауыттың маңайына салынған үйлер тұрғындардың пайдаланылуына берілсе, 2024 жылы   «Кублей» ЖШС зауыты тиісті құжатын ала алмайды. Салдарынан  Оралдағы консерві зауыты жұмысын тоқтатуға мәжбүр болады.  Ал зауыт тоқтап, кәсіпкерлік тұншықтырылған кезде  дүкен сөрелеріндегі отандық тағамдар жойылып, қаншама адам жұмыссыздар қатарын толтырмақ.  Ал бой көтерген үйлердің заң бойынша қандай аймақта тұрғаны анықталмаса, тұрғындар да зардап шекпек. Сонымен әкімдік пен зауыт арасындағы дауға әлі нүкте қойылмайтын сияқты.

Сондай-ақ оқыңыз