Қазақстан үшін Каспий маңы елдерінің маңызы зор

Каспий маңы азық-түлік хабын құру қолға алынады

Жақында ғана Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Мәскеудегі Сколково инновациялық орталығында Каспий маңы мемлекеттерінің экономикалық ведомстволарының басшыларымен бизнес-таңғы аста кездесті. Ол екінші Каспий экономикалық форум қатысушыларына ілтипат білдіріп, мұндай кездесулердің байланыс орнатуға және нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.

«Бүгінде әлемнің геосаяси картасында Каспий аймағының маңызы айрықша. Біздің өіңрде ірі әлемдік ойыншылардың мүдделері қиылысады. Осыған байланысты аймаққа мұқият назар аударылатыны туралы ұмытпау керек», деді Әлібек Қуантыров.

Каспий маңындағы 5 елдің үшеуі, яғни Қазақстан, Әзірбайжан және Түркіменстанның теңізге тікелей шыға алмайтыны белгілі. Сондықтан Каспий біз үшін маңызды су жолы және транзиттік ресурс болып есептеледі деді министр. Ол Қазақстан барлық әлем үшін ашық екенін және Каспий маңы елдерімен сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше мән берілетінін атап өтті.

Министрдің айтуынша, Қазақстанның Каспий маңы елдерімен тауар айналымы 2022 жылғы 6 айда өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 7,4 пайызға өсіп, 12,3 млрд долларды құраған. Сонымен қатар, Қазақстанға тікелей шетелдік инвестициялар ағынының оң серпіні байқалады – 2005-2022 жылдар аралығында 19,1 млрд доллар болды.

Сондай-ақ, ҰЭМ басшысы Қазақстан өңір елдері арасындағы тауар айналымын арттыруға мүдделі екенін атап өтті.

«Біз көлік бағыттарын әртараптандыруға ерекше назар аударамыз, өйткені қазіргі геосаяси жағдай дәстүрлі логистикалық тізбекті өзгертті. Транскаспий халықаралық көлік маршрутының байланыстырушы дәлізі транзиттік және сыртқы сауда жүктерін жүзеге асыру бойынша тамаша үлгісі болып табылады. Басқа бағыттардың әлеуетін арттыру үшін Солтүстік-Оңтүстік дәлізін дамыту жөніндегі бірлескен жол картасын әзірлеу ұсынылады», деді ҰЭМ басшысы.

Оның сөзінше, Каспий маңы елдерінің кооперациялық жобаларды дамыту, өзара инвестиция көлемін ұлғайту үшін үлкен әлеуеті бар. Бүгінгі таңда Транскаспий бағытын дамыту мақсатында Қазақстан Ақтау мен Құрық Каспий маңы порттарының жүк әлеуетін арттыруда. Сондай-ақ, Әзірбайжан, Грузия және Түркиямен тарифтік саясатты үйлестіру мәселесі талқыланды.

Қазақстан Ақтау портындағы көлік-логистикалық орталық болып саналатын «Каспий маңы азық-түлік хабы» инвестициялық жобасын қарауды ұсынды.

Бұл жоба елдер арасындағы тауар қозғалысын айтарлықтай жеңілдетеді.

Биыл маусым айында Ашхабадта Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий маңы азық-түлік хабын құруды ұсынған еді.

Каспий маңы мемлекеттері басшыларының алтыншы саммитінде Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтағы азық-түлік қауіпсіздігін күшейту мәселесіне арнайы назар аударды. Президенттің сөзінше, былтыр Қазақстанның Каспий маңы елдерімен арадағы өзара азық-түлік саудасының көлемі шамамен 3,5 миллиард доллар болған. Оның 70 пайызы Ресеймен құрлықтағы бағыт бойынша жүзеге асырылды.

«Ет-сүт өнімдерінің экспортын арттыру үшін Қазақстанның әлеуеті мол. Мемлекеттеріміздің өзара сауда-саттығын күшейту үшін заманауи логистикалық инфрақұрылымды дәйекті түрде дамыту қажет. Сондықтан Каспий маңы азық-түлік хабын құруды ұсынамыз. Бұл шығынды барынша азайта отырып, өзара тауар айналымын арттыруға мүмкіндік береді. Қазақстанда азық-түлік тауарларын қаттау, сақтау және сату бойынша технологиялық тұрғыдан дамыған жүйесі бар заманауи көтерме-тарату орталықтарының құрылысы басталды. Бұл орталықтар мен Каспий маңы азық-түлік хабы арасындағы жүйелі интеграция шаруалардың, сатып алушылардың, тасымалдаушылардың, сатушылар мен тұтынушылардың тиімді кооперациясына жаңа мүмкіндіктер ашады. Ең бастысы, жеткізілетін барлық өнімнің сатылуына сенімді кепілдік береді», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сөзін қорыта келе, Әлібек Қуантыров көлік-логистикалық және инвестициялық-экономикалық белсенділіктің артуын ескере отырып, барлық елдер табиғи байлықтарды болашақ ұрпаққа сақтап қалу үшін планетаның маңызды экожүйесі ретінде Каспий теңізінің биологиялық және басқа да ресурстарына ұқыпты қарау керектігін айрықша атап өтті.

Жалпы, биыл Транскаспий бағытының біз үшін маңыздылығы анық көрінді. Егер осыған дейін бұл бағытқа жеткілікті көңіл бөлмей келсек, енді кешігіп қалмаудың бүкіл шарасын қарастырып жатырмыз. Бұл түсінікті де. Өңірдегі геосаяси ахуал бізді өкшелеп келеді. Биыл бес айдың ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша жүк тасымалы 2,5 есе артыпты. Транскаспий дәлізі Қазақстанның транзиттік тасымалын әртараптандыруда ерекше рөлге ие.

Каспий маңы елдерімен арадағы жалпы тауар айналымы 9 пайыздан асып, Қазақстан теңіз арқылы өтетін жүк легінің көлемін ұлғайту мақсатымен оның айлақтарындағы инфрақұрылымды жаңғыртуға және теңіз флотын кеңейтуге кірісті. Бұл ретте теміржол қатынасы да назардан тыс қалмайды. Президенттің бағдарлауынша, Солтүстік – Оңтүстік перспективті дәлізін одан әрі дамыту мәселесіне де ерекше көңіл бөлу керек. Ол үшін Шығыс Азия мен Парсы шығанағы елдері арасындағы ең қысқа бағыт саналатын «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» теміржолының мүмкіндігін барынша пайдалану қажет.

Google News сайтында бізге жазылыңыз
Қатысты материалдар
Қазір оқуда