Әріптестермен келіспей қалғанда, мәселені қалай шешу керек?

Жарияланды (жаңартылды )
Кикілжіңді тиімді шешудің 8 жолы

Жұмыс болған жерде пікір алуандығы, қарама-қайшылық болып тұрады. одан қашып құтылу мүмкін емес. Әріптесіңізбен не бастығыңызбен сөзге келіп қалғанда жұмыстан кеткіңіз келіп, бәрінен баз кешуге дайын боласыз. Дегенмен ондай келіспеушіліктердің болуы заңды екенін ескерсек, әр айқай-шудан кейін заттарын жинап, өз еркімен жұмыстан кетуге өтініш жаза берген болмайды. Олай болса, түсініспеушілікті қалай шешкен дұрыс? Әріптестермен жақсы қарым-қатынас сақтап, ұрыс санын азайтудың қандай амалдары бар? Бүгінгі материалымызда осы туралы талдап, шиеленіскен жағдайды шешудің сегіз тәсілімен танысамыз.

  • Келіспеушілікті бетпе-бет шешкен дұрыс. Ұрыс кез келген жерде туындап қалуы мүмкін: іс-шара кезінде, кеңседе, далада, тіпті ортақ чатта онлайн «ұрсысып» қалуыңыз ғажап емес. Мұндайда кімдікі жөн, кімдікі қате екенін жұрттың көзінше шешуге тырысудың қажеті жоқ. Одан гөрі, осы болған жайтты алдымен талқылап, әріптесіңіз не бастығыңызбен талдап алыңыз. Бәлкім, сіздікі қате болып шығатын болар? Содан кейін оппоненттің көзқарасын, келіспеушілік себебін анықтап, көзбе-көз сөйлесіңіз. Сыртынан сөйлегеннен гөрі бетпе-бет талқылаған дұрысырақ. Өйткені басқаның бәрімен осы жағдай туралы сөйлесіп, нақты оппонентпен талқыламасаңыз, кері әсері көбірек болады. Бір-біріңізге деген негізсіз реніш пен өкпе тудыруы мүмкін. Талқылауға арналған жерді де таңдай біліңіз. Қауіпсіз, басқаларға кедергі болмайтын жерде сөйлесіңіздер. Сізде де, қарсы тарапта да жайтты талқылауға уақыты жететін болсын. Әйтпесе, айтқыңыз келгенді аяқтай алмай, шиеленісті одан бетер күшейтіп алуыңыз мүмкін.
  • Қарсы тарапты тыңдай біліңіз. Айтушы ғана емес, тыңдаушы бола білген де — өнер. Көбіне келіспеушілік дұрыс тыңдамағаннан, айтқанын елемегеннен болады. Дұрыс тыңдамаған адам қате түсініп қалуы мүмкін. Сол себепті қарсы тараптың сөзін соңына дейін тыңдаған абзал. Ойын аяқтауға мүмкіндік беріңіз. Телефонға қарағыштай бермеңіз. Нақтылау үшін арасында сұрақ қойыңыз. Бастысы, агрессия болмасын. Салмақты, байыпты қалыптан таймаңыз. Осы әңгіменің маңызды екенін білдіре алсаңыз, ортақ тіл табысу да жеңілдейді. Өйткені оппонентке ол сезіледі.  
  • «Мен» дегеннен басталатын сөздермен айқындап айтыңыз. Бастықпен болсын, қол астындағы қызметкермен болсын сөйлескенде айқындауыш сөздерді қолданған дұрыс. Сонда біз сезімдеріміз бен эмоцияларымызды дұрыс білдіреміз. Әрі сұхбаттасушыны ренжітіп алмаймыз. Мысалы «Есепті неге уақытында тапсырмайсың? Неге кешіктірдің?» десеңіз, алда келіспеушілік басталу ықтималы жоғары. Мұндайда айналып өтуге тырысыңыз. Ол үшін салмақты қалыпты сақтап, «Сізден есепті 10-ға дейін күткен едім. Сіз жібермедіңіз. Бұл жұмысқа кері әсерін тигізді. Кленттер күтіп қалды. Неге олай болды?» деп сұраңыз. Енді салыстырып қараңыз. «Неге тапсырмадың?» деп дүрсе қоя бергеннен, осылай жұмсақ жеткізген жақсырақ емес пе? Сонда қарсы тарап та байыпты қалыпты сақтап, себебін түсіндіреді. Сонымен бірге жұмыс барысында біреудің жіберген қателігін не кемшілігін айтқан кезде «үнемі», «ешқашан» дегендей сөздерді қолданбауға тырысыңыз. Мысалы, әріитесіңіз күнде кешігіп келеді делік. Ондайда «сен-ақ үнемі кешігесің де жүресің» деп бастасаңыз, алда ұрыс болатыны белгілі. Сол себепті былай жеткізіп көріңіз: «Әріптестердің уақытында жұмысқа келмегенінен мен жалғыз жұмыс істеуге мәжбүрмін. Сөйтіп бір өзім бірнеше адамның міндетін мойныма аламын. Бұлай жалғаса бермеуі керек. Осы мәселені шешейік». 
  • Фактілермен сөйлеңіз. Келіспеушілікті шешу үшін не сезінгеніңізді айтып, түсіндіру жеткіліксіз болып қалуы мүмкін. Айталық, бастығыңыз қатал адам болса, оған жеткізу оңай емес. Ал әріптестеріңізге екі қойың — бір сом болса да ғажап емес. Сонымен бірге токсик яки зәрлі адамдарға сіздің эмоция білдіргеніңіз ешқандай әсер етпейді. Мұндайда артық сөз емес, дәлел мен дәйек керек. Сөзіңіздің растығын дәлелдейтін неғұрлым көп факт болғаны жақсы. Сонда қалаған нәтижеге де қолыңыз жетеді. Мысалы бір әріптесіңіз сізге негізсіз тиісіп жүруі мүмкін. Олай болса, сондай сөздерін жазып алу, бәйәдеп қылықтары болса камерадан қарау, мессенжерге хат жазса, соны скриндеп алу дегендей. Әлбетте, бұл соңына түсу дегенді білдірмейді. Шиеленіс болса, оны барынша әділ шешуге тырысу жайлы ғана айтып отырмыз.  
  • Міндетті түрде біреуді кінәлі қылып шығару керек десеңіз, қателесесіз. Арада туған кикілжіңді шешкен кезде әлдекімді кінәлі қып табу міндетті емес. Бұл жерде басты назар — себебінде. Яғни ол келіспеушіліктің түп-төркіні қайдан шыққан? Әрине, өзіңізден басқаның бәрі кінәлау оп-оңай. Біреу бастығының қаталдығын, біреу әріптестерінің артық сөзі көп екенін айтып әйтеуір кінә артып жатады. Мұнымен мәселе ешқашан шешілмейді. Фокусты өзгертіңіз. Егер бір қателік болса, оны кімнің жасағанынан бұрын, болу себебін іздеген дұрысырақ. Айталық, тоқсан есебінен қате кетті. Оны істеген адамды бас салып кінәлаудан бұрын, сәл тереңірек үңіліп көріңіз. Бәлкім, ол жұмысқа жаңа кірген шығар. Соның салдарынан нені, қалай істеу керегін білмеуі мүмкін. Егер сіз әр мәселе туған сайын себебін анықтау үшін тереңірек үңілуді әдетке айналдырсаңыз, ұжымдағы абырой-беделіңіз де арта түседі. Әрі жақсы атмосфера сақтауға себепші де боласыз. Бірақ бұл жерде ескеретін нәрсе бар. Адамға көп нәрсені кешіруге болады. Әсіресе, бірінші рет болса. Ал енді қанша айтса да, сол қатені жібере берсе, олай түсіністік танытып отырмайсыз. Неліктен олай ондай болып жүр? Себебін сұрастырыңыз. Егер құлықсыз болса не жұмыстан шаршаған болса, бәлкім оған да да жұмыс ауыстырған әлдеқайда дұрыс шешім болар. 
  • Сіздікі дәйім дұрыс бола бермеуі мүмкін. Сіздің де қателесетін кезіңіз болады. Осыны ұмытпағайсыз. Әркім өз пікірінің, ұстанымының дұрыс екеніне сенеді. Сенбесе, сол пікірде болмас еді. Дегенмен екі тарап дегенін айтқаннан кейін көп нәрсе айқындалады. Егер «менікі дұрыс» дегеннен айнымай, мойындамай қойсаңыз, арада келісімге келу қиындайды. Кейбірі қателігін мойындай алады. Ал енді бірі ешқашан «қателестім» демейді. Керісінше, одан сайын ушықтырады. Негізі біреудің мінін тере бермей, өз кінәңізді, қатеңізді мойындай білген жөн. Бір қарағанда «қазір мойындасаң, сені әлсіз деп ойап қалады» деген ой жылт етуі мүмкін. Бірақ сол ойды терістеп, кемшілігіңізді көре алсаңыз, «жаңылдым» деп айта алсаңыз, қарсы тарап сізді бұрынғыдан бетер сыйлап кетеді. Сізді сөзге тоқтайтын, адекват адам көреді. Әрі қатесін мойындай алатын адам сенімдірек көрінеді. Сөйтіп көп сөзіне еріксіз қосылғыңыз келіп кетеді. Сондықтан егер жұмыс барысында келіспеушілік туа қалса,  «бұл келесіде қайталанбауы үшін не істей аламын?» деп ойланып, ой елегінен өткізіңіз. Сонда сізбен талқылау жасау өзгелерге қызық болады. Басқалар ойыңызды сұрап тұрады. Өзіңіз де әркімді бір кінәлай бермейтін боласыз. 
  • Өз атыңыздан ғана сөйлеңіз. Өз сөзіңізге жауап беріңіз. Келіспеушілікті тиімді шешуге көмектесетін бұл стратегияның арқасында әңгіме байыпты, позитив қалыпта өтеді. Негатив аз болады. Біреудің айтқанын қыстырудың қажеті жоқ. Сол сияқты сыртынан сөз қылып, талқы жасамаңыз. Есіңізде болсын: сіздің мақсатыңыз — конфликтіні шешу. «Анау былай деді» деп айтып алып, келесі дауды бастап жіберуіңіз мүмкін. 
  • Келісімге келуге шақыр. Шиеленіскен жағдайларды шешудің ең оңтайлы тәсілдерінің бірі — компромисс. Егер келісімге келе алсаңыз, екі жақ та риза боп тарасады. Жағдайды қалыпқа келтіріп, ушықтырмауға септігі тиеді. Компромисс нәтижесінде екі тарап үшін де пайдалы шешім шығарылуы керек. Бір жақ ұтылып, екіншісі аспандап кетпеуге тиіс.
Сондай-ақ оқыңыз