Түркістан облысында суға батып кеткен екі шетелдік студенттің бірінің денесі табылды

Жарияланды
Қалған бір адамды іздестіру жұмыстары жалғасуда

10 қазан күні сағат 13:15-те үздіксіз іздестіру жұмыстарының барысында Ақсу өзенінен Ханарық ауылының солтүстік жағынан төмен қарай 1,5 шақырым жерде Республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушылары бір адамның мәйітін тапты. Бұл туралы ҚР ТЖМ баспасөз қызметі хабарлады.

Сараптама жүргізу үшін полиция қызметкерлеріне тапсырылды. Табылған мәйіт Төлеби ауданындағы Ақсу өзеніне батып кеткен Үндістандық екінші азамат болуы мүмкін. Қалған бір адамды іздестіру жұмыстары жалғасуда.

Іздеу-құтқару жұмыстарына Республикалық жедел-құтқару жасағынан 5 құтқарушы, 1 жүзу құралы, Түркістан облысы ТЖД 7 құтқарушы, 1 жүзу құралы жұмылдырылды.

Іздестіру-құтқару жұмыстары 3 ай көлемінде жүргізілді. Су деңгейінің жоғары болып, өзен ағысының қатты болуы да біршама кедергі болды. Сонымен қатар таулардың тік болуына байланысты өзен жағасына түсу мүмкіндігі қиын болды. Өзеннің тереңдігі 14 метрге дейін жетеді, ал сүңгуірлер 11 метрге дейін тереңдікке түсіп, іздестіру жұмыстарын жүргізді. Құтқарушылардың табанды іздестіру жұмыстарының арқасында, судың ағысы өтетін тастардың арасынан табылды.

Еске салайық, 2022 жылғы 26 маусым күні сағат 20.10-да Түркістан облысы ТЖД кезекші-диспетчерлік қызметінің пультіне сағат 16.49-да Төле би ауданының Ханарық ауылынан 5 шақырым жерде орналасқан Ақсу шатқалындағы Ақсу өзенінде 2001 жылы туылған 2 студенттің белгісіз жағдайда суға түсіп, батып кеткені туралы ақпарат түскен болатын. 21 студенттен құралған топ Шымкент қаласынан келген екен. Барлығы Үндістан Республикасының азаматтары, Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының студенттері.

Сондай-ақ оқыңыз