Электр энергиясына төлейтін ақшаны қалай үнемдеуге болады?

Жарияланды
Түбіртекке көз салыңыз да, біздің кеңестерді назарға алыңыз

Ай сайын коммуналдық төлемдердің түбіртегіне үңіліп, қай қызметке қанша төлегеніңізді тексеріп тұрасыз ба? Әлде қарамастан төлей саласыз ба? Егер бұрын-соңды мән бермеген болсаңыз, онда мұқият болуға шақырамыз. Мысалы, елімізде электрэнергиясының тарифі жиі өзгеріп тұрады. Көбіне қымбаттайтынын ескерсек, үнемдеуд үйренген артық болмайды. Назарыңызға сіз ескере бермейтін кей әдеттерді ауыстыру арқылы азырақ ақы төлеуге мүмкіндік беретін құнды кеңестер ұсынамыз.

Қазір бәрінің дерлік үйінде гаджет көп. Олардың біразына электрэнергиясы қажет. Әрі ондай дүние азаймай, керісінше ай сайын түрлі жаңа зат сатып алып жатамыз. Біз қазір гаджетті азайту туралы емес, жай ғана үнемдеу әдетін қалыптастыру жайлы айтамыз.  

  • Егер қолданбайтын болсаңыз, токқа қосып қоймаңыз. Кей жабдықтар қосылып тұрмаса да, токқа тығылса энергия тұтына береді. Ондай гаджеттер қатарында мыналар бар: теледидар, маршрутизаторлар, компьютерлер. Көпшілігі өзін сөндіргенімен, токтан суырмайды. Ал негізі — сөндіріп жүрген абзал. Егер керек емес кезде толық өшіріп тастап жүрсеңіз, тұтынылатын энергияның шамамен 10 пайызға жуығын үнемдеуге болады. Одан соң, телефонды түнде ұйықтарда қуаттап қоятын әдеттен де арылу керек. Өйткені оның толық қуатталуына бар-жоғы екі сағаттай уақыт жеткілікті. Ал сіз 8 сағат түнде қойып қоятын болсаңыз, қалған алты сағатында ол энергияны бекер тұтынып жатыр деген сөз. Сонымен бірге, ұзақ уақыт қуаттағышта қосылып тұрғаны телефонның жұмысына да кері әсерін тигізеді. Уақыт өте келе ол тез қуаты таусылып қалатын болып кетеді. Егер бәрін сөндіріп жүруге ерінетін болсаңыз, онда сөндіргіштері бар жалғастыратын тетік алып қойыңыз. Ол жаққа кемінде екі гаджет қосып қоюға болады. Сонда жекелеп сөндіріп жүрмейсіз.  
  • Кір жуғыш және ыдыс жуатын машинаны пайдаланғанда ескеру керек жайттар. Шама келсе, қатты ыстық суға жумаңыз. Әрине, қатты кір болса, температурасы жоғары болуы шарт. Ал енді жай ғана бір шаятындай болса, онда 30-40 градуста жуу жеткілікті. Біле білсеңіз, кір жуғыш машина тұтынатын электрэнергиясының 90 пайызы суды ысытуға кетеді. 
  • Диодты жарықшамдарға көшіңіз. Мұны көпшілігі ендігі біліп алған да болар. Сонда да еске сала кетейік. Қыздыру шамдары мен энергия үнемдейтін шамдар диодты жарықшамдарға қарағанда көбірек энергияны қажет етеді.
  • Тұрмыстық техника сатып аларда үнемді санаттағысын алыңыз. Қанша энергия тұтынатынына қарай, тұрмыстық техника бірнеше санатқа бөлінеді. Эконом класстағысын алудан қашпаған дұрыс. Ол сізді кедей көрсетіп қалады деп қорықпаңыз. Мәселе мүлдем онда емес. Әсіресе, үнемі қосылып тұратын ірі техникаларды алғанда мән беру маңызды. Айталық, тоңазытқыш таңдаған кезде. Қолдануға да, үнемдеуге де қолайлысы — «А» деген белгісі бары. Одан бөлек, «А+» және «А++» деген одан да тиімдірек, одан да үнемдірек түрлері болады. Сатып алатын кезде консультанттан сұрап алыңыз. Нұсқаулығында да мұндай маркер белгіленіп тұрады. 
  • Кондиционер мен электр шәйнектің фильтрін айына бір тазартып тұрыңыз. Егер кондиционердің фильтрін айына кемінде бір тазалап тұратын болсаңыз, ол сіздің бөлмеңізді азырақ энергия жұмсап, жақсырақ салқындатады. Сонымен бірге токқа қосатын шәйнектердің де түбін қақтан жиі тазартып тұруды әдетке айналдыруға кеңес береміз. Өйткені тұрып қалған қақ шәйнекті ұзақ қайнатады. Ал қайнау уақыты ұзарды деген сөз — электрэнергиясын да көбірек шығындайды дегенді білдіреді.
  • Электр плитаны дұрыс әрі үнемді қолдануды үйреніңіз. Егер электрэнергиясын үнемдегіңіз келсе, кішкентай қазанды — кішкентай конфоркаға, үлкен қазанды үлкен конфоркаға қойыңыз. Мысалы, сізде диаметрі 20 см болатын таба бар делік. Егер оны кішкентай конфоркаға қойып қойсаңыз, қыздыруға көп уақыт кетеді. Шамамен 40 пайыздай көбірек энергия шығындайды. Сондықтан кез келген біреуіне қоя салмай, осындай ньюанстарды да біле жүрген дұрыс. Сонымен бірге мұздатқышта тұрған ет және өзге де азық-түліктерді ерте шығарып, бөлме температурасында жібітетіндей әдет қалыптастырыңыз. Сонда еріту үшін қысқа толқынды пеш қосып, энергия шығындап жүрмейсіз. Тағы бір айта кететін пайдалы кеңес: пеште бірдеңе пісіріп жатқанда қайта-қайта есігін ашып, қарай бермеңіз. Өйткені қызып тұрған пешке салқын ауа кірген кезде ол жалпы температураны суытады. Сөйтіп сіз қойған температураға қайта жеткізу үшін көбірек электрэнергиясы керек болады. 
  • Бөлменің жарығын барынша кеш жағатындай жағдай жасауға тырысыңыз. Күндізгі жарықты барынша тиімді пайдалану арқылы да әжептәуір үнемдеуге болады. Ең қарапайым кеңес — терезені жиі жуып тұру. Сонда ішке жарық жақсырақ түседі. Кешқұрым перденің шілтер шымылдығын ашып қойыңыз. Сонда бөлме жарықтау боп тұрады. Күндізні жарықты көбірек қолданудың тағы бір тәсілі — интерьер үшін ақ не ақшыл түсті түсқағаздар алу. Өйткені қара, салқын түсті түсқағаздар бөлме жарығына әсер етеді. Ақшыл түстер болса, жарықты жақсырақ шағылыстырады, сөйтіп жарықты кеш батпай қосып қоюды қажет етпейді. Мұндайды өзіңіз де байқаған боларсыз. Кейбір үйлер ақшам кірмей жатып жарық қосып қояды. Өйтпесе бөлме қараңғы болып тұрады. Ал оның астарында интерьердегі кей шешімдер жатуы мүмкін. Сондай-ақ, қабырғасы аппақ үйлерге қуаты мықты жарық шам керек болмайды.  
  • Тоңазытқышқа арналған орын таңдағанда ескеруіңіз керек тұстарды айта кетейік. Негізі тоңазытқыш деген өзі сондай «ерке» техника десек болады. Оларды кез келген жерге қоя салмайсыз. Мысалы жылыту құрылғылары, батареялардың қасына мүлдем қоюға болмайды. Электрпештің де жанында тұрмауы керек. Одан бөлек, тоңазытқыш тұрған бөлмені жиі желдетіп тұрғаны дұрыс. Егер мына ережелерді сақтамасаңыз, тоңазытқыш жиі-жиі қосылып, көбірек энергия тұтынады. Тағы бір айта кететін жайт, тоңазытқышқа ыстық кастрөлдерді салмаңыз. Есігін де ұзақ уақыт ашып қоймаңыз. Себебі қажетті температураны ұстап тұруы үшін әлгіндей жағдайда көбірек уақыт кетеді. 
Сондай-ақ оқыңыз