«7-20-25»-тің орнына жаңа бағдарлама шығады

Жарияланды
Қазірге дейін бағдарламаның 701,5 млрд теңгесі игерілген

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, мемлекет «7-20-25»-ке альтернатива болатын жаңа ипотекалық бағдарламаны нарыққа шығаруға ниетті.

«Біз халықтың әлеуметтік осал тобының баспанамен қамтылғанын қалаймыз, бірақ өмір сүріп, жұмыс істеп, отбасы құрып жатқан негізгі адамдар массасы туралы ұмытып кете береміз. Біз оларды қамтамасыз ету үшін отбасының цифрлық портреті арқылы атаулы әлеуметтік көмек көрсетуді қарастырып жатырмыз. Яғни, категорияға бөлмей, туындаған қиындық ауқымына байланысты әр отбасыға жеке мән беру керек. Бұл әлі қарастырылу кезеңінде тұр. Отбасының цифрлық портреті құрылды, ол толықтырылатын болады», деді Қайырбек Өскенбаев.

Ведомство басшысы жеңілдетілген жаңа ипотекалық бағдарламаның жақын арада таныстырылатынын айтты.

«Заң аясында қарастырып жатырмыз. Ең бастысы алғашқы жарнасы және қолжетімді ставка болады. Қолжетімді ставка – 7 пайыз. Есте болса, «Баспана Хит» бойынша 12 пайыз болған еді. Қайталама нарық қатты сұранысқа ие болды. Адамдар жаппай сатып алды, бірақ біз 7 пайыздан асырмаймыз деп отырмыз», деді министр.

Алдын ала мәліметке сүйенсек, несиелеу мерзімі 240 айды (20 жыл) құрайды. Алғашқы жарна алынатын тұрғын үй құнының 20 пайызынан кем болмайды. Үйді Бірыңғай оператор кепілдік берген салынып жатқан құрылыстан да, бастапқы нарықтан да алуға болады.

Займның ең жоғарғы сомасы өңірлерге байланысты әртүрлі:

  • Астана мен Алматы қаласында – 35 млн теңгеге дейін;
  • Ақтау, Атырау және Шымкент қаласында – 25 млн теңгеге дейін;
  • Қарағанды қаласында – 20 млн теңгеге дейін;
  • Өзге аймақтарда – 15 млн теңгеге дейін.

Министрліктің хабарлауынша, қазір тиісті органдармен және екінші деңгейлі банктермен бағдарлама шарттары талқыланып жатыр. Сондықтан алдағы уақытта қандай да бір өзгерістер енгізілуі мүмкін.

Еске салсақ, «7-20-25» бағдарламасы 2018 жылдың жазында іске қосылды. Содан бері тиімді әлеуметтік бағдарламаның арқасында мыңдаған қазақстандық өздерінің тұрғын үй жағдайларын жақсартты.

2021 жылдың 19 мамырында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіні ң төрағасы Мәдина Әбілқасымова «7-20-25» бойынша қаржыландырудың тоқтайтынын мәлімдеген еді.

«Мемлекет нарық принциптеріне орын босатып, біртіндеп несиелеу бағдарламаларынан шығуы керек. Үкімет тікелей қаржыландырудан кәсіпкерлік субъектілерінің несиелік тәуекелдеріне кепілдік беруге көшу мүмкіндігін қарастырады. Осыған байланысты биыл жыл басында Үкімет, Ұлттық банк және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі арасындағы 2021-2023 жылдарға арналған макроэкономикалық саясат шараларын үйлестіру туралы келісімге қол қойылды. Ол бойынша Ұлттық банк 2023 жылдан бастап мемлекеттік бағдарламаларды қаржыландырудан кете бастайды», деген еді Әбілқасымова.

«7-20-25»-пен бірге ел арасында ерекше танымал болған «Баспана Хит» ипотекалық бағдарламасы бойынша азаматтар бастапқы және қайталама нарықтан үй сатып алды. Сондай-ақ бұл бағдарлама аясында үлестік құрылыстан да үйге тапсырыс беруге болады. Бағдарлама аясында баспана 15 жылға дейінгі мерзімде, жылдық 10,75 пайызбен және алғашқы жарнаның 20 пайызын құю талабымен беріледі. Бұл бағдарлама 2021 жылдың соңында аяқталды.

Ал «7-20-25» бойынша бастапқы нарықтан пәтерді жылдық 7 пайызбен, алғашқы жарнаның үй құнының 20 пайызы мөлшерінде төлей отыра 25 жыл мерзімге дейін рәсімдеуге болады. Бұл бағдарлама бойынша кредит тек теңгемен ұсынылады. Займдарды беру 2018 жылдың 4 шілдесінде басталған. Биыл жыл соңына дейін бағдарлама қаржысы игеріліп бітуі тиіс.

2022 жылдың 29 қыркүйегіндегі ақпарат бойынша «7-20-25» аясында 54 022 займ берілген, ол үшін 701,5 млрд теңге қаржы бөлінген. Ұлттық банк таратқан дерек бойынша, бағдарлама аясындағы займдардың басым бөлігі Астана (287,4 млрд теңгеге 18 914 займ), Алматы (157,8 млрд теңгеге 10 712 займ) және Шымкент (48,2 млрд теңгеге 4008 займ) қалаларына тиесілі екен.

«7-20-25» бағдарламасы қаржыландыру көлемі 1 трлн теңгеге жеткен кезде аяқталады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің болжауынша, қазіргі қарқынмен жоба жыл соңына дейін еңсерілуі тиіс.

Экономист Арман Бейсембаевтың айтуынша, жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалардың қажеті жоқ. Оның орнына, банктер өздері жылдық 17-18 пайызбен несиелеуі керек.

«Мұндай түрлі бағдарламалардың пайдасынан зияны көп. Қазір пайдасы бар секілді боп көрінгенімен түбінде экономикаға орасан зиян алып келеді. Пайыздық ставка 14,5 пайыз болып тұрған кезде 7 пайызбен несие беруге болмайды. Бұл – нонсенс. Қазір мемлекеттік ипотека бүкіл ипотека нарығының 100 пайызын иеленіп тұр. Егер түрлі ипотекалық бағдарламаларды тоқтататын болсақ үй бағасы адекватты күйге оралады», дейді сарапшы.

Сарапшылардың пікірінше, мұндай жеңілдетілген бағдарламаларды халықтың белгілі бір категориясы – мәселен, көпбалалы отбасылар, жалғыз басты аналар, мүгедектер, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар үшін ғана қалдырған оңтайлы болады.

Сондай-ақ оқыңыз