ХХІ ғасыр Азия ғасыры болады деген болжам шындыққа айналды – Тоқаев

Жарияланды
Аймақ айтарлықтай адами және табиғи ресурстарға ие

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің VI саммиті өтіп жатыр. Бұл Кеңесті құру туралы бастаманың көтерілгеніне 30 жыл толып отыр, деп хабарлайды Ақорда.

Осы кезеңде АӨСШК көпжақты ынтымақтастық платформасына және халықаралық заманауи дипломатия институтына айналды. Мемлекет басшысы ұйымға мүше мемлекеттердің қатарына кірген Кувейтті арнайы құттықтады.

Сонымен қатар әлемдегі геосаяси жағдайға ерекше назар аударды.

Бүгін біз бұрын-соңды болмаған геосаяси шиеленіс пен әлемдік экономикадағы күшейе түскен дағдарыс жағдайында өмір сүріп жатырмыз. Бұл құбылыс қазірдің өзінде «жаһандық дисфункция» деп аталды. АӨСШК-тің бұған дейінгі 2019 жылы өткен саммитінен бері әлемдік қоғамдастық ауыр сынақтарды бастан өткерді. Оның салдары жаһандық дамуға әлі де әсер етіп отыр. Менің ойымша, біздің алдымызда тұрған ерекше маңызды міндет – туындаған зор қауіп-қатерлер жағдайында халықаралық қатынастардағы тұрақтылыққа қол жеткізу. Көпжақты механизмдерге тың серпін беру және ашық диалогқа оралу аса маңызды, – деді Қазақстан Президенті.

Оның айтуынша, Азия адамзат өркениетінің дамуына зор үлес қосты. Мыңдаған жылдар бойы біздің макроөңірдегі мемлекеттер бүкіл адамзаттың қоғамдық, мәдени, технологиялық дамуының негізгі қозғаушы күші болды.

– ХХІ ғасыр Азия ғасыры болады деген болжам бүгінде шындыққа айналды. Азия номиналды жалпы ішкі өнім мен сатып алу мүмкіндігі бойынша әлемдік экономикалық көшбасшы ретінде мойындалды. Аймақ айтарлықтай адами және табиғи ресурстарға ие. Әлемдегі ең ірі 30 қаланың 21-і Азияда орналасқан. 2030 жылға қарай орта таптың қажетіне жұмсалатын 30 триллион доллардың тек 1 триллион доллары батыс экономикасына тиесілі болмақ. Дегенмен Азияның болашағы мәдениеттер, дәстүрлер мен дүниетанымдар арасындағы диалогты нығайтуға ұжымдық дайындығымызға байланысты. АӨСШК-ті дамыту үшін қабылданған қадамдар осы мақсатқа сай келетініне сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан өзінің төрағалығы кезінде АӨСШК-ны толыққанды халықаралық ұйымға айналдыруға негізделген бірқатар маңызды басымдықты іске асыруды көздеді.

– Саяси диалогтың аймақтық платформасы ретінде АӨСШК-тің кемелдігі мен тиімділігі оны одан әрі трансформациялаудың бастауы болмақ. Мүше мемлекеттер қазірдің өзінде АӨСШК-тің іс-жүзінде ұйым ретінде жұмыс істеп жатқанын бірнеше рет талқылады және солай екеніне келіседі. Біз жаңа ұйым құрмайтынымызды, керісінше институционалды дамудың жаңа кезеңіне өтіп жатқанымызды атап өткім келеді. Кеңестің мәртебесін көтеру Азияның әлемдік істердегі артып келе жатқан рөлін нығайтып, мүше мемлекеттердің өзара іс-әрекетін жаңа деңгейге шығарады, – деді Қазақстан Президенті.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның 2022-2024 жылдары жаңа мерзімге төрағалық ету туралы өтінішін қолдаған АӨСШК-ге мүше мемлекеттердің бәріне алғыс айтты. Мемлекет басшысы еліміздің алдында маңызды міндеттер тұрғанына тоқталып, Кеңеске мүше мемлекеттердің тығыз ынтымақтастығы мен қолдауына сенім артатынын айтты.

– Бірінші, экономикалық өлшем. Өзара тұрақты байланыс жөніндегі АӨСШК Кеңесін құру дер кезінде қабылданған шешім деп санаймын. Жаһандық логистикалық тізбектердің үзілуі тиімді көлік-транзит дәліздерін қалыптастыруға жаңа көзқараспен қарауды талап етеді. Жүк тасымалының оңтайлы әрі қолжетімді жолдары – экономикамыздың тұрақты өсімінің маңызды факторы. Коммуникация мен жүктерді жеткізудің әртараптандырылған бағыттарын пысықтау арқылы көлік-транзит әлеуетін жүзеге асыруға баса мән беру маңызды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент АӨСШК-тің Қаржы саммитін тұрақты жұмыс істейтін алаңға айналдыруды ұсынды. Оның пікірінше, АӨСШК-ке мүше мемлекеттердің қаржы саласындағы ынтымақтастығын жандандыру  үшін ҚХР-дың бұл  бастамасының маңызы зор. Трансформация  экономиканы қалпына келтіруге, орнықты әрі инклюзивті дамуға, Кеңес аясындағы аймақтық және субаймақтық қаржылық ынтымақтастық үшін қолайлы жағдай жасауға септігін тигізеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев АӨСШК кеңістігінде шын мәнінде жұмыс істейтін азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін механизм қажет екеніне назар аударды.

– Азия әлемдегі ауыл шаруашылығы өнімдерінің үштен бірін өндіргенімен, бұл саладағы олқылықтардан әлі де толық арыла қойған жоқ. Біз маңызды өнімдердің ұлттық стандарттарға сәйкестігін бағалаудың бірыңғай тәсілдерін әзірлеуіміз керек. Сондай-ақ тауарлардың бұл санаты үшін АӨСШК-ге мүше мемлекеттер арасында «жасыл дәліздер» ашуымыз қажет. Штаб-пәтері Астанада орналасқан азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымымен АӨСШК арасындағы ынтымақтастықты жолға қою перспективті болмақ. Сонымен қатар елдеріміздің ауыл шаруашылығы әлеуетін ескере отырып, біз мұқтаж елдерді азық-түлікпен және тыңайтқыштармен қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдай алар едік, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның АӨСШК-ні одан әрі дамытуға ниетті екенін тағы да нақтылады. Сондай-ақ кеңестің бірегей форматы мен географиясын ескере отырып, оның перспективалары мен болашағы зор екеніне сенім білдірді.

Сондай-ақ оқыңыз