Декреттегі ана ауылдық жерде қандай кәсіп ашты?

Жарияланды
Өз кәсібін дөңгелетіп отырған Алтын Дильжановамен сұхбат

Қазіргі уақытта декреттегі аналар тек баламен отырмай, әр түрлі салада кәсіп бастауға ұмтылып жүр. Соның бір дәлелі ретінде ауылда фаст-фуд орталығын ашып, өз кәсібін дөңгелетіп отырған ана Алтын Дильжановадан сұхбат алдық.

Фото: жеке мұрағаттан

–  Алтын ханым, сіздің негізгі мамандығыңыз қандай?

–  Менің негізгі мамандығым  мал дәрігері. Декреттік демалысқа дейін банк саласында қызмет атқардым.

–  Қоғамдық тамақтан саласында қандай да бір тәжірибиеңіз бар ма?

 – Бұл кәсіпті мен жалғыз өзім ашқан жоқпын. Серіктесім бар. Неге тамақ саласы десеңіз, мен мектептің қасында тұрамын, оқу ордасынан шыққан оқушылар дүкен аралап химияға толы жейтіндерін көрдім. Оның ішінде менің балаларым да бар. Сол кезде дәмді, әрі жылдам дайындайтын фаст-фуд орталығын ашу ойыма келді.  Ең бастысы біздің тағамдарда ешқандай қоспа жоқ. Бүкіл өнім күнделікті қадағаланып отырады.

–  Ауыл тұрғындарынан фаст-фуд орталына күніне қанша тапсырыс түседі?

– Күнделікті қанша тапсырыс түсетінін санамадым. Әр кезде әртүрлі. Кейде өте көп тапсырыс түседі, қабылдап үлгермей жатамыз.  Сондай-ақ, тапсырыс өте аз түсетін күндер болады.

– Тұтынушыға ас мәзірінде қандай тағамдарды ұсынып жатырсыздар?

  Біздің мәзірде пицца, мини пицца, тауық қанаттары, бәліштер мен фри бар. Бағалары қолжетімді.

–  Бұл кәсіпті ашу үшін несие алдыңыздар ма? Қанша қаражатпен кәсіпті бастадыңыздар?

– Жоқ, несие алған жоқпыз. Айтып кеткендей, серіктесім екеуіміз жинаған қаражатымызды тең қостық. Жолдасым мен туысқандарымыз да қол ұшын созды. ЖиҺаздарды орнатуға туыстарымыз көмектесті. Ал тамақ пісіретін пештен бастап, барлық қажетті құралдарды серіктесіміз екеуміз қосылып алдық. Сөйтіп, мектепке жақын жерден осы фаст-фуд орталығын аштық.

–  Мекемені жалға алу құны қанша?

–   Мекемені айына 150 мың теңгеге жалдаймыз.

– Күнделікті түсетін табысыңыздың көлемі қанша?

  – Орташа алып есептегенде 30 000 теңге.

– Көмекшілеріңіз бар ма?

–  Әрине, көмекшілерім бар. Арнайы тәжірибиесі бар аспаз жалдадық. Тамақты жеткізетін курьер де бар. Біз тек бизнесті жүргіземіз. Жұмыс барысын қадағалап, маркетинг, жарнама жағымен айналысамыз.

– Ауыл арасында тапсырысты жеткізу тегін ба?

– Ауыл тұрғындарына ыңғайлы болсын деп, тапсырысты тегін жеткіземіз. 15-20 минутта сіздің үйіңізге ыстық пицца лезде жетеді.

– Бұл кәсіпті нағыз пайда көзі деп айта аласыз ба?

– Біздің ашылғанымызға төрт ай болды. Бұл кәсіпті мен тек ақша табу үшін емес, декреттегі уақытымды тиімді, әрі тұрып жатқан ауылымның дамуына үлесімді қосқым келеді. Мен қазіргі уақытта бұл кәсіптен қатты пайда таппасам да, бұл жұмысымды әрі қарай жалғастыра беремін.

– Бұл алғашқы кәсібіңіз болғандықтан сізге қиын болды ма?

– Жоқ, қиын болды деп айта алмаймын. Кәсіп бастау қиын емес. Бастысы өз ісіңді жақсы көріп, өзіңізді дамытып отыру қажет. Кәсіп бастауда, тек ақшаны ойлай бермей, бір мезгіл қоғамға да пайдасы болсын деп ойлану керек.

Кәсіп ашу үшін көп қаражат керек дегенге ойыңыз? 

–  Аз қаражатпен де, керемет кәсіп ашуға болады. Тек еңбек пен шыдамдылық қажет.

Сұхбатыңызға рақмет.

Сондай-ақ оқыңыз