Елімізде көмір бір айда 3%, бір жылда 11% қымбаттады

ҚР-да өндірілетін көмірдің үштен біріне жуығы экспортталады

Биылғы қаңтар–тамыз айларында қоңыр көмір мен көмір концентратын қосқанда көмір өндіру көлемі 76,5 млн тоннаны құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,5% артық. Оның 70,6 млн тоннасы тас көмір, 3,1 млн тоннасы қоңыр көмір, 2,7 млн тоннасы көмір концентраты.

2022 жылғы қаңтар–шілдеде отандық компаниялар тас көмірге, қоңыр көмір мен көмір концентратына сұранысты (ішкі нарықтағы сатуды және экспортты) бір жыл бұрынғы 99,4%-бен салыстырғанда 99,6% қамтамасыз етті. Осы кезеңде өндіріс 5,8% өсіп, 66,4 млн тоннаны құрады, ал импорт керісінше, 18,3% азайып, 285,8 мың тоннаға дейін қысқарды.

Экспорт 16,3% өсіп, 20,9 млн тоннаны құрады, ал ішкі нарықта сату 2022 жылғы қаңтар–шілдеде 45,7 млн тоннаны құрап, 1,4% ғана өсті.

2022 жылдың қыркүйек айының соңында Қазақстанда халыққа көмір бір айда 2,9%, бір жылда 10,8% қымбаттады.

ҚР қалаларында 1 тонна тас көмірдің орташа бөлшек сауда бағасы бір жылда 13,7 мыңнан 15 мың теңгеге дейін өсті. Ең қымбат көмір Тараз мен Оралда сатылды: тоннасына сәйкесінше 19,5 мың және 19,3 мың теңге. Жоғары баға Жезқазғанда (16,4 мың теңге), Алматыда (16,2 мың теңге) және Талдықорғанда (16 мың теңге) да тіркелді.

Google News сайтында бізге жазылыңыз
Қазір оқуда