Шар үрлеп те қомақты қаржы табуға болады

Жарияланды
Декреттік демалысты тиімді пайдаланған Атымтай Ырысгүл шар бизнесінің нағыз маманына айналды

Бұрын үрленген шармен балалар ғана ойнайтын. Ал қазір сол шарлар бизнестің көзіне айналды. Бүгінде еліміздегі көптеген агенттіктер салтанатты кеш, тұсаукесер ұйымдастыру үшін гельмен үрленген  шарларды тұтынады. Яғни, мерекелік рәсімдердің барлығына салтанат иелері шар безендіруін қолданатын болған. Халықтың осы сұранысын қанағаттандыруды көздеген Ырысгүл шар бизнесін қолға алып, одан ай сайын жарты миллион теңге табыс тауып отыр. Декреттік демалысында миллионер атанған жас ана кәсібі жайлы айтып берді.

–   Осыдан 2 жыл бұрын декреттік демалысқа шықтым. Кішкентай нәрестемді қырқынан шығару үшін туыстардың басын қосып мереке жасадым.  Сол кезде шарға тапсырыс бердім. Былай қарап отырсам, адамдарға ерекше қуаныш сыйлайтын кәсіп. Сондай-ақ, мерекелік шараның нышаны  ретінде гельден жасалған шарларға жақсы тапсырыс түседі екен. Сондықтан мен де осы саланы қолға алдым. Шарлардан түрлі кейіпкерлер жасап, босқа отырмай ақша таба берейін деп шештім.

– Мерекелік кештерді безендіруге қандай қызметтер кіреді?

– Біз мерекелік кештерге арналған әртүрлі декаративті заттарды ұсынамыз. Оның ішінде безендірілген шарлар, баннерлер мен тойбастар бар.

– Бұл кәсіпті қанша қаражатпен бастадыңыз?

– Депозитімде 230 мың теңге ақшам болды. Сол қаражатпен осы кәсіпті бастап кеттім. Несие мен қарыз алған жоқпын.

–  Көмекшілеріңіз бар ма?

– Жұмысқа жалдап отырған көмекшім жоқ. Кәсіпті атқаруға көмек беретін, тек әкем ғана.  Ал кішкентай балам қырқынан шыққаннан бастап, қасымда жүреді. Қалдырып кететін ешкім жоқ. Әкемнің көлігімен барлық тапсырысты жеткізіп отырамыз. Әкемнің өзі үш қызметті атқарады.

– Бір күндік және айлық табысыңыз қанша?

– Бұл бизнес болғандықтан, нақты қаражатты айту қиын. Қазіргі уақытта айына 500-600 мың көлемінде табыс тауып отырмыз.

– Бұл кәсіп бойынша бәсекеле бар ма?

– Шар бизнесімен айналысатын адамдар өте көп. Бірақ нақты жұмысын сапалы орындайтын  бәсекелес бола алатын кәсіпорындар өте аз. Оларды саусақпен санауға болады.

 – Күніне неше тапсырыс қабылдайсыз?

–  Күніне бір тапсырыс қабылдайтынмын. Тіпті тапсырыс үш ай қатарынан болмаған кездер де болды. Қазіргі таңда  күнделікті 3-4 тапсырыс қабылдап отырмыз.

–  Жұмысқа қажетті материалдарды қай жерден аласыз?

–  Бастапқы кезде базардан алдым. Бұл менің ең үлкен қателігім болды. Біріншіден өте қымбат, ал екіншіден ол жердегі заттар  сапасыз болды. Қазіргі уақытта арнайы дүкендерден аламын.

– Бұл кәсіп өзін толық ақтай ма?

 – Мен 230 мың теңгемен бастаған кәсіп, қазіргі таңда маған айына 500 мыңнан жоғары қаражат әкеліп тұр.

– Кәсіп бастау үшін көп қаражат керек деп ойлайды. Сол қаншалықты рас?

– Барлығы адамның өзіне байланысты. Қолдағы бар қаражатпен кәсіп бастауға болады. Бастысы еңбек пен шыдамдылық керек. Қателесуден қорықпау қажет. Бәрі тәжірибемен келеді.

Сондай-ақ оқыңыз