Жаңа жұмысқа бейімделуге көмектесетін тәсілдер

Жарияланды
Назарыңызға тиімді 7 практиканы ұсынамыз

Жұмысқа жаңадан орналасқан кезде ұжымға үйрену, бейімделу кезеңі біршама уақыт алады. Көпшілігі уайымдап, толқып жүреді. Себебі бұрын-соңды танымаған, араласпаған адамдармен жұмыс істеу керек болады. Әрі жаңа жүктемелер, жаңа міндеттемелер орындайсыз. Бұл салада бірнеше жылдық тәжірибеңіз болса да, қосымша машықтар үйренуге тура келуі мүмкін. Осы ретте жаңа жұмысқа тез үйренісіп кетуге көмектесетін кеңестер әзірледік. Егер назарға алатын болсаңыз, мансабыңызда жоғары көтеріліп, әріптестеріңізбен жақсы қарым-қатынас орнатуыңызға да септігін тигізеді. 

Пікіріңізді білдіруге қысылмаңыз

Бастапқы кезде жұмысқа жаңадан қосылғандықтан, көпшілігі ойын айтуға тартыншақтайды. Өйткені «қазір бірдеңе айтсам, басқалары қалай қабылдайды, не ойлап қалар екен?» деп уайымдаймыз. Сондықтан дұрысы, үндемей-ақ қою керек деген шешімге келеміз. Ал негізі сіздің алып-қосарыңыз бар, әрі ол өте пайдалы ұсыныс не керемет идея болуы мүмкін.

Ойыңдағыны айтатын күн туады деп күтіп жүре берудің қажеті жоқ. Бұл ретте мәселе — сөйлей беруде емес, пікіріңді дұрыс жеткізе білуде. Айталық, жиналыс болды, белгілі бір тапсырмалар берілді. Енді соған қатысты ұсыныстарды жеткізу керек болсын. Ондайда туындаған идеяны айтып, өзге әріптестер сізге жылы қабақ танытсын десеңіз, бірнеше маңызды аспектіні ескеруіңіз керек:

  • Идеяларыңызды жүйелеңіз. Ойыңызды айтқан кезде өз пікіріңіз екенін көрсетуіңіз маңызды. Егер сіздің сөзіңіз талап еткендей не сіздің пікір ғана дұрыс дегендей естілсе, онда жақсы идеяңыздың өзін қабылдамай қоюы мүмкін. Сондықтан жүйелі сөйлеуді үйреніңіз;   
  • Басқаларды талқылап, талдауға шақырыңыз. Сонда бір идея айналасында ойласу оңай болады;
  • Басқа біреулер ұсыныс айтқан кезде қанша жерден сізге нашар не қате идея болып көрінсе де, қатты сынамаңыз. Сын айта білудің де өнер екенін есте ұстау керек. Яғни жеткізу тәсілі мұнда да маңызды. Пікір айтыңыз, бірақ әдеп сақтауды ұмытпау керек;
  • Сіздің идеяңызды талқылап жатса, «мыналар маған қарсы шығып тұр, менің ойымды әдейі қабылдамай отыр» демей, қайта талқыға ашық болыңыз;
  • Әлденені білмесеңіз, «білмеймін» деп айтыңыз. Немесе біреудің сөзін дұрыс түсінбей қалсаңыз, нақтылап сұрауға ұялмаңыз. Ол сіздің білімсіз екеніңізді білдірмейді;

Әріптестермен жақсы қарым-қатынас құрыңыз

Жаңа жұмысқа бейімделу кезінде көпшілігіміз барымызды салып, өзімізді көрсетуге тырысамыз. Сөйтіп жұмысқа «баспен» кіріп кетеміз. Соның кесірінен ұжымдағылармен дұрыстап танысып, сөйлесуге мұрша болмауы мүмкін. Ал негізі әріптестермен басынан жақсы араласып кеткен жөн. Өйткені ұжымдастармен сөйлесу — міндет болмаса да, жақсы әсер беретін дүние. Қалай десеңіз, түсіндірейік. Егер арада жылы қарым-қатынас орнаса, онда көп көлемде қолдау алуға болады. Бұл жерде бұрыннан істеп келе жатқандарға қалаған сұрағыңызды қойып, жауап ала аласыз. «Өзім білем», «менікі ғана дұрыс» деген ұстаныммен алысқа шаппайсыз. Ұжым — бірлесіп жұмыс істеуге арналған орта.  

Үзіліс кезінде бірдеңе сұрауға қысылмаңыз. Болмаса, жалпы ауа-райы туралы болсын бір-екі ауыз сөз айтып, әңгімелескенде тұрған ештеңе жоқ. Оларға не ұнайтынын, уақытын қалай өткізетінін, қандай жоба аясында жұмыс істеп жатқанын, хоббилерін, қандай музыка тыңдап, қандай жанрдағы фильм көретінін сұрап, әңгіме бастап көріңіз. Ескеретін маңызды жайт: жеке басқа қатысты сұрақтарға құмар болмаңыз. «Тұрмыстасыз ба?», «Неше балаңыз бар?», «Неге әлі күнге дейін үйленбегенсіз?», «Балалы болуды ойламайсыз ба?» дегендей сауалдар қоюға мүлдем болмайды. Оның орнына жұмыс, мамандық, жобалар туралы қызық сұхбат жасаған жөн. 

Өзіңізге көңіл бөлуді ұмытпаңыз

 Иә, жаңа жұмыста ақпарат да, жүктеме де көбірек. Жаңа дүние де шамадан тыс секілді боп көрінуі мүмкін. Десе де, өзіңізді ұмыт қалдыруға болмайды. Түскі асқа үзіліс кезінде монитордан көзіңізді демалтыңыз. Бой сергітіп, жүріп қайтыңыз. Кеңсе жұмысы адамның физикалық денсаулығына кері әсер беретіні белгілі. Сондықтан денсаулыққа мән беру керек. Жұмысқа ұйқыңыз қанық болып бару үшін ерте жатып, ұйқы режимін реттеңіз. Сонда ертесіне шаруаларыңызды жақсырақ орындайсыз.

Бұрынғы жұмыс орныңызбен салыстыра бермеңіз

Жаңа жұмысыңызды бұрынғымен салыстыра беру — жақсы әдет емес. Әсіресе, ұжымдастармен әңгіме арасында «бұрын мынадай еді» дегенді көп айта берсеңіз, ол басқалардың ашуын келтіруі мүмкін. Болмаса, «сонша ұнаған жер болса, несіне шығып кеткен» деп ойлайды. Әлбетте, жаңа жұмыста кешмін тұстар болса,  жақсарту мақсатында ұсыныс қылып айтуға әбден болады. Салыстырмалы түрде жақсы әсер береді дегендей айту да орынды. Бастысы, мұныңыз пікір секілді айтылсын. Қарсы қою, кемсіту болып көрінбесін. Әрі үнемі салыстыра беретін болсаңыз, ол сізді басқа шаруаларыңыздан алаңдатуы мүмкін. Келген бетте әріптестерге өзіңіз жайлы негатив ой түйгізбеуге тырысыңыз. Кейін қанша жерден жақсы ой айтып, мықты ұсыныс білдірсеңіз де, әлгі негатив қалып кетуі ғажап емес. Сонда қолдау білдіретін ұжымдас табылмай қалуы мүмкін. Тағы бір тұсы — салыстырып, жаңа жұмысыңыздың кемшілігін тізе берсеңіз, жұмысыңыз туралы жағымсыз ой өзіңізді де билеп алады. Ондайға жол бермеңіз.   

Көп біліңіз, көп үйреніңіз

Сонымен, жаңа жұмысқа тұрдыңыз. Сізге кабинетіңізді, жұмыс үстеліңізді көрсетті, міндеттеріңізді түсіндірді. Қалай дұрыс орындау жолын да айтты. Барлығы түсінікті әрі оңай сияқты, бір қарағанда. Бірақ сол түсіндіргеннің аясында шектеліп қалмаңыз. Күніне жаңа дүние үйренуге, білуге ұмтылыңыз. Бұл бейімделу кезеңін жақсырақ өткеруге көмектеседі. Сондай-ақ, міндеттемелерді жақсырақ түсініп, оны мықтырақ орындауға жол ашады. Көп білу, көп үйрену ешқашан артық болмайды. Жұмысты өнімді істеуді үйрене беріңіз. Неден бастау керегін білмесеңіз, бірінші кезекте өз профайлыңыз бойынша қандай әдебиеттер барын қараңыз. Интернетте де, кітапханалар мен кітап дүкендерінде де нұсқа жетерлік. Кейбір бағдарламалармен жұмыс істеуді үйретені курстар, коммуникатив машықтарды дамытуға арналған кітаптар, мамандығыңызға сай дүниелерді қарап жүріңіз. Одан бөлек, компанияда өсудің қандай жолдары бар, көтерілу үшін қандай квалификацияны арттыру керегін біліп алыңыз. Түптің түбінде кез келген адам басшылыққа жылжысам дейді.  

Бақылауда ұстай алатын дүниелерге басымдық беріңіз

Біз өмірде болатын барлық жағдайды бақылауда ұстап тұра алмаймыз. Өйткені кей жағдайлар қалауымыздан тыс болады. Оның ішінде жұмыста да солай. Мысалы, ауқымды әрі күрделі жоба басталды делік. Оған көп күш пен уақыт керек. Болмаса, өзіңіз енді ғана үйреніп келе жатқанда басқа кеңсеге көшуіңіз мүмкін. Мұндайда епті болуды үйренген жөн. Яғни сіздің қолыңызда тұрмаған дүниеге тез бейімделуіңіз. Көп энергияны ойға кетірмей, оның орнына бақылауда ұстай алатын дүниелерге көбірек назар салыңыз. Сіздің құзырыңызда не бар? Айталық, жаңа ауқымды жоба болса, оның ішінде сіздің қолыңыздан жақсы келетін қаншама аспекті бар. Соларды орындауға бас қатырған дұрысырақ. Ал енді жаңа кеңсеге көшсеңіз, жұмыс орныңызды реттеу өзіңізге байланысты. Яғни сіздің бақылауыңыздағы дүниелерге неғұрлым көп көңіл бөлсеңіз, соғұрлым күйзеліс аз болады. Ал одан тыс дүниені қанша уайымдасаңыз да, ештеңе өзгерте алмайсыз. Жаңа жұмыста бастысы, стрессті азайту. Сонда тез-ақ бейімделіп кетесіз.      

Кішігірім жеңістердің өзін атап өтуге әдеттеніңіз

Егер қандай да бір тапсырманы сәтті орындасаңыз, өзіңізді мақтап қойыңыз. Өзіңізді мақтауға күнделікті себеп тауып отырған жақсы. Мейлі ол кішігіпім дүние үшін болса да. Мәселен, жұмысты уақытылы орындап, дедлайнды сақтадыңыз ба, әріптестермен әңгіме жарасты ма, қорқақтап тұрсаңыз да ойыңызды бүкпей айттыңыз ба — бәрібір. Кез келген осындай жағымды сәтті жеңіске теңеуге болады. Жұмыстан кейін атап өту үшін тәтті мен кофе алсаңыз да артық емес. Есесіне, эндормин бөлініп, өзіңізді жақсы сезінесіз. Адамға қай кезде болсын алға жылжу үшін мотивация, мақтау сөз керек. Оны біреуден күтіп жүрмей, өзіңіздің нөмірі бірінші қолдаушыңыз болыңыз. Бұдан бөлек, өзіңізді мақтай білгеніңіз бағаңыздың өсуіне де әсер етеді.  

Сондай-ақ оқыңыз