Онлайн-сұхбаттасудан сәтті өтудің жолдары

Классикалық интервьюден айырмашылығы қандай?

Пандемиядан кейін көп мәселені онлайн шешу мүмкіндігі пайда болды. Соның ішінде, сұхбаттасу да бар. Естеріңізде болса, бұған дейін сұхбаттасудан сәтті өтіп, өзіңізді лайықты кандидат етіп көрсетудің құпияларын бөліскен едік. Оны мына жердегі сілтемеден оқи аласыздар. Ал бүгінгі материалымызда онлайн яғни уеб-камера арқылы жұмыс берушімен сөйлесу сырларын ақтарамыз.

Вакансия шыға қалғанда түйіндеме жіберіп, кеңсеге басшылықпен кездесуге баратын кездер толықтай артта қалмаса да, уақытын үнемдеуге тырысатындар екі жаққа да қолайлы тәсіл — онлайн сұхбаттасу белгілейді. Ондай тәжірибе алпауыт компанияларда да бар. Мысалы, өзге елге жұмысқа шақырту алғандар алдымен осылай онлайн «жүздескен». Мұның кәдімгі сұхбаттасудан бірнеше ерекше тұсы бар. Оған да лайықты әзірлік керек. Сұхбаттасу болғандықтан, «әдемі әрі жинақы киініп, түйіндемені сақадай сай қылып дайындап бару керек» дейміз. Мұндай стратегия құпия болудан қалғалы қашан?! Бұған назар салып, ерекше атап өтуіміздің себебі — тенденцияда. Яғни уақыт өткен сайын қашықтан жұмыс істеу, көп шаруаны онлйн байланыс арқылы шешу қолайлы болып жатыр. Бұрын ұжымды кабинетке шақырып алып, жиналыс жасайтын болса, ол қазір уеб-конференциялармен алмастырылып келеді. Яғни жұмыс қарқыны сондай, тек тәсіл аздап өзгеріске ұшыраған. Себебі қазір диджитал заман. Мұндай технологиялық мәселеге келгенде не істеу керек? Ендеше, заманауи тәсілмен тілдескен кезде ескеру керек жайттарды тізіп шығайық.   

Дұрыс орын таңдаудан бастаңыз

Жұмыс берушімен әңгіме бастамас бұрын ноутбук не гаджетіңізді орналастыратын жер, өзіңіз отыратын орынды әзірлеп алыңыз. Жарық, тыныш жерлер жақсы. Автобуста кетіп бара жатып не музыкасы қатты шығып тұратын, адам қарасы үзілмейтін кафе — жақсы нұсқа деп айта алмаймыз. Сырттағы шу, артық декорация, айналада өтіп жатқан адамдар — бәрі сұхбаттасушының назарын еріксіз аударады. Сөйтіп ең маңызды деген сізді екінші планға ысырып тастауы мүмкін. Яғни сіз сөйлеп жатқанда артта есіктен кіріп келе жатқан біреуге көзі түсіп кетіп, сұрағына берген жауабыңызды салғырт тыңдауы ғажап емес. Бұл болса — сізге, сіздің жұмысқа тұруыңызға кедергі. Онлайн-сұхбаттасуды барынша қолайлы өткізу үшін өзіңіз толықтай бақылауда ұстай алатын локация таңдаңыз. Яғни отыратын үстел, орындық, күн жақсы түсіп тұратын не жарығы мол бөлме, дауыс тұнығырақ естілуі үшін құлаққап сынды қосымша дүниелерді сайлап алыңыз. Бұл маңызды! Шу мен артық адамдарды айтпағанда, кафе мен өзге де қоғамдық орындарда отырып онлайн сұхбат жасау сізді жұмысқа салғырт қарайтын адам ретінде көрсетіп қалуы мүмкін. Сол себепті өзіңіз кіруге құлшынып тұрған жұмысқа орналасу үшін жауапкершілікті осы онлайн кездесуден бастап алыңыз.  

Аккаунтыңызды реттеңіз

Қазір көп жұмыс орындарында сіздің әлеуметтік желідегі профайлыңызды сұрайды. Демек, аккаунтыңызды әрлеу керек деген сөз. Әрине, ол — сіздің жеке парақшаңыз. Ол жерге қандай сурет салып, нендей әзіл бөліссеңіз де ерік өзіңізде. Дегенмен профайлды кәсіби реттеп, әдемілеу жұмысқа алуға себеп болып қалуы ғажап емес. Классикалық сұхбатасуда сіздің сырт көрінісіңіз қандай маңызды болса, онлайн тілдесу кезінде — аккаунтыңыз сол рөлде. Яғни электрон поштаңыз «ademi_qyz@gmail.com», «smartboy7777@gmail.com» дегендей болса, онда сізге аты-жөніңізбен аталатын жаңа пошта ашуға кеңес береміз. Ал енді желідегі парақшаға келсек, мұнда да сізді жан-жақты, креатив, кәсіби маман ретінде көрсететін посттар болғаны дұрыс. Өйткені жұмыс беруші бәрібір сіздің парақшаңызды бір шолып шығады. Мысалы Linkedin желісі арқылы жұмыс табу үшін сізде мықты профайл болуға тиіс.

Жауаптарды жүйелеп алыңыз

 Бетпе-бет сұхбаттасуға барғанда шпаргалка ретінде қойындәптеріңізге түртіп алған жауаптарды оқып бере алмайсыз. Ал енді онлайнда ондай мүмкіндік бар. Арасында сәл кідіріп, жүйелі жеткізу үшін алдын-ала дайындап қойған «шпорға» қарап алсаңыз болады. Ол үшін сұхбаттасуға дейін ойластырып, маңызды, айтылуға тиіс дүниелерді түртіп алыңыз. Сонда өзіңізді еркінірек сезінесіз. 

Камера алдында дайындық жасаңыз

Сұхбаттасудың қай түрі болсын оңай емес. Адам толқиды, уайымдайды, қобалжиды. Даусыңыз дірілдемей шығып, сенімді сөйлеу үшін сізге алдын-ала дайындық жасау керек. Кейбір адамдарда камерадан фобия болады. Бетпе-бет жап-жақсы ашылса да, камерадан қорқатындар бар. Егер қорқыныштың бұл түрі сізде де болса, онда өзіңізбен жұмыс істеңіз. Уеб-сұхбат кезінде байланыс нашар болып форс-мажорлар болып қалуы мүмкін. Кей сөзін естімей, қатып қалатын сәттер де болады. Ал ол болса, сізге қосымша стресс тудырады. Айтайын деп тұрған сөзіңізді ұмытып қалуыңыз мүмкін дегендей. Сондай сәттерде қобалжымай, өзіңізді нық ұстау үшін камера алдында бірнеше рет дайындалған абзал. Мұның не үшін маңызды екенін тізіп шығайық: диджитал құрылғылардан адам келбеті басқаша көрінеді. Айталық, қолайсыз позада отырып қалсаңыз, толық болып көрінуіңіз мүмкін. Бұған дейін камера алдында әзірлік жасамай, қосқан бойда өзіңіздің келбетіңіз өзіңізге ұнамаса, онда басынан-ақ көңіл-күйіңіз бұзылып, бүкіл уайымыңыз «түрім онша емес болып тұр» дегеннің айналасында болады да, фокусты жоғалтасыз. Алдын-ала дайындалғанның пайдасы сол — әлсіз тұстарды байқап, жөндеуге болады. Тіпті күннің түскеніне байланысты да адам түрі әр түрлі көрінеді. Одан қала берді, оқиғаңызды камера алдында айтуға жаттықсаңыз, нағыз сұхбаттасу кезінде өзіңізді өте еркін сезінесіз. Өйткені сіз әбден үйренгенсіз. Суда жүзген балықтай боласыз.

Құжаттарды әзірлеп қойыңыз

Классикалық сұхбаттасуға барарда құжаттарды қолтықтап, көшірмесі болса — көшірмесін, түпнұсқасы болса түпнұсқасын апарамыз. Түйіндемеңізді қарамаған болса, бірнеше детальды нақтылау үшін сақадай сай барасыз. Ал енді онлайнда қалай? Әрине, үйде, компьютер алдында интервьюден өткен қолайлы дерсіз «Қалдырып кетіппін» деп уайымдамауға болады. Дегенмен солай екен деп құжаттарды әзірлеместен сұхбаттасуға кірісіп кеткен жөн емес. Алдын-ала барлық құжатты сканерлеп дайындап қойыңыз. Барлығын бір папкаға жинастырыңыз. Сұрай қалса, дереу жібересіз. Түйіндемеңізді бөлек шығарып алып, алдыңызға қойып қойсаңыз дұрыс болады. Сонда бір терезені ашып, екіншісін жауып әуре болмайсыз.

«Б» жоспарын жасап қойыңыз

Форс-мажор кез келген жерде болуы мүмкін. Мысалы бетпе-бет кездесуге барарда кептелесте тұрып қалып, кешігіп қалуыңыз ғажап емес. Болмаса, ауырып үйден шыға алмай қалсаңыз, уақытын ауыстыруға себеп болады. Ал енді онлайнда қандай ойламаған жағдайлар болуы мүмкін? Үйде жарық өшіп қалып, құрылғыңыз қосылмай, интернет нашар болып байланыс жасалмай қалуы мүмкін ғой? Негізі осындайдың бәрін алдын-ала үшін «Б» жоспарын жасап қойыңыз. Интернет тартатын қосымша девайс, гаджеттерді толық қуаттау дегендей. Ал енді тіпті болмай бара жатса, жұмыс берушінің нөмірін алып, бірдеңе бола қалса хабарласу керек.

Google News сайтында бізге жазылыңыз
Қатысты материалдар
Қазір оқуда