Оралдағы  “Кублей” консерві зауыты мен әкімдіктің арасындағы дау ушығып барады

Жарияланды
Бүгін аталмыш зауыттың өкілдері Алматылық журналистермен баспасөз-мәслихатын өткізді
Фото автордікі

«Бір күнде 600 мың консерві шығаратын  Орал қаласындағы “Кублей» зауыты жабылатын болса, 700 –ден астам адам жұмыссыздар қатарын толықтырып, 3000-ға жуық фермер ет өнімдерін ешқайда өткізе алмай шығынға батады.  Жұмыссыз қалатын тұрғындар отбасын асырай алмай, несиелерін жаба алмай, түбі әлеуметтік –экономикалық жағдайларды одан әрі ушықтырып жіберуі мүмкін”- деп дабыл қаққан «Кублей» ЖШС –ның бір топ заңгерлері мен басшылары және қоғам қайраткерлері Алматылық журналистермен баспасөз мәслихатын өткізді.

Айтуларынша барлығына кінәлі- Орал қаласының әкімдігі. Яғни  қала әкімдігі санитарлық аумақтан көпқабатты тұрғын үйлерді салуға заңсыз рұқсат берген.  Заң бойынша, өнеркәсіп шоғырланған  аймаққа  үй салуға болмайды.  Өндірістік қалдықтар бәрібір адам денсаулығына қауіпті.  «Кублей» кәсіпорнының қасындағы көпқабатты үйлердің құрылысы үш жыл бұрын басталды. Зауыт өкілдері бұл үйлердің тым жақын екенін құзырлы органдарға дәлелдейміз деп жүргенде, алғашқы үй салынып бітіп, тұрғындар қоныстанған.  Енді кәсіпорын басшылығы қалған үш үйдің құрылысын тоқтатуды талап етіп отыр.

«Кублей» ЖШС директорының орынбасары Азамат Сейтбаталовтың  айтуынша, қазір сот процесі әлі жүріп жатыр. Батыс Қазақстан облысының экономикалық соты әкімдік пен құрылыс компаниясының пайдасына шешім қабылдаған күнде, 2023 жылы санитарлық қорытынды құжатын рәсімдей алмай, зауыт 6 айдан кейін өзін банкрот деп тануы әбден мүмкін. « Мен бұл зауытқа қарапайым жұмысшы болып келдім. Зауытта 100 астам өнім шығарады. Бір аусымда  200 мың банкіден артық консерві шығарады.  Сапалы өнім шығарғанымыз үшін “Алтын сапа» номинациясын жеңіп алдық.  Нарықтағы сұраныстың  65 пайызын жауып отырмыз.  Зауыт қауіптілігі жағынан 4  деңгейге жатады.  Санитарлық аймақ  жоқ дегенде 100 метр алшақ орналасуы керек. 2020 жылы өндірістік аймаққа « Циолковский»  тұрғын үй кешені салынғандықтан, болашақта біз  тазалық  аймағына қатысты құжаттарды  ала алмай қалуымыз мүмкін.  Ары қарай біз тауар декларациясын да ала алмаймыз. Яғни біз ешбір құжат ала алмаған соң, тауар шығару мүмкіндігінен айырыламыз. Сөйтіп зауытымыз жабылып қалайын деп тұр. Қаншама адам жұмыссыз қалады. Бәрінің отбасы бар. Несиелері бар төлейтін.  Бұл тұрақсыздық әлеуметтік жағдайды одан сайын ушықтырып жіберуі мүмкін”

Ал,  жер құқығы саласындағы біраз былықтардың бетін ашып жүрген  танымал заңгер, әрі «Кублей» ЖШС өкілі Бақытжан Базарбектің талабы бойынша, салынған тұрғын үйлер халыққа пайдалануға берілмеуі керек. Әзерге кеш болмай тұрған кезде, әкімдік пен құрылыс компаниясы бұл тұрғын үйді адамдар тұрмайтын  жай ғимараттарға айналдыруы тиіс. Құрылыс компаниясы елден алған ақшасын өздеріне қайтарып берсе тұрғындарға да, өндіріске де еш зияны тимейді.  « Біздің негізгі мақсатымыз-әкімнің қаулысымен бекітілген жобалар соттың үкімімен заңдық күшін жоғалтып, тұрғызылған үйлер тұрғын үй емес, ғимараттар болуы керек. Демек құрылыс компаниясының иесі  ешбір байқаусыз сатып алған жерге тұрғызылған тұрғын үйдің қаражатын тұрғындарға қайта қайтарып берсін, не болмаса басқа обьектілерден үй берсін.  «Ерменова» компаниясы бір ғана «Кублей» зауытының қасында үй тұрғызып жатқан жоқ. Оралдың  он шақты жерінде  үйлер салып жатыр. Осыдан бір жыл бұрын тура осындай жағдай тағы басқа да зауытпен болған. Сол кезде құрылыс компаниясы 20 адамға ақшасын қайтарып берген.  10 адамға басқа үйлерден пәтер берген.  Мәселені шешу компанияның қожайынының қолында.  Біздің соттасып жатқанымыз сол-заңсыз қабылданған қаулыларды бұзу . »-дейді заңгер.

Ал, қоғам қайраткері  Мұрат Әбенов болса, «Мен  тұтынушылар құқығын қорғау коалициясының атынан келіп отырмын.  Бұл барлық Қазақстан азаматына қатысы бар проблема.  Біздің экономикада азық-түліктің бағасы шарықтап жатыр. Елімізде тұрғындардың ең көп пайдаланатын  консерві- ол  “Кублей». Күніне 600 мың банкі консерві шығаратын зауыттың өнімін орташа табысты тұрғындар пайдаланады.  Бай адамдар консерві алмайды.  Ал таза еттен жасалған  өнімді барлығы пайдаланып келеді.  Фермерлердің барлығы еттерін зауытқа өткізеді.  Консерві зауыты нарықтан кетсе, орнына кім өнім шығарады ? Шешім жасап жатқан әкімшілік. 30 жыл жұмыс істеп тұрған зауыт  еді. Зауыт жабылса, азық –түлік  бағасы  тағы шарықтайды.  Бұл министрлік деңгейінде шешілуі керек. ”-дейді.

Сондай-ақ оқыңыз