Яндекс Доставка құжаттарды ХҚО-дан үйге әкеледі

Жарияланды
ХҚО-дан құжаттарды үйге жедел жеткізу арқылы алуға болады

ХҚО-дан дайын құжаттарды алуға енді үйден тапсырыс беруге болады, оларды Яндекс Доставка курьерлері әкеп береді. Жеткізу уақыты орта есеппен бір сағатты құрайды. Осылайша Сіз танымал мемлекеттік қызметтердің 150 түрі бойынша құжаттарды ала аласыз. Қызмет Қазақстанның 17 қаласында қолжетімді.

Бұл қалай жұмыс істейді?

Пайдаланушының смартфонына 1414 нөмірінен құжаттардың дайын болғаны туралы, сондай-ақ express.gov4c.kz порталында дайын құжаттарды жеткізуді ресімдеуге ұсыныс білдіретін SMS-хабарлама жолданады. Бұдан әрі форманы толтырып, жеткізу мекен-жайы мен телефонын көрсетіп, жеткізілім ақысын төлеу керек.

Курьер бірден тағайындалады, ал жеткізудің нақты уақыты тапсырыс берілген кезде белгілі бір аймақтағы курьерлік қызметтерге сұраныстың болуымен, межелі жерге дейінгі қашықтыққа және жолдағы жағдайға байланысты анықталады. Орташа алғанда, ол бір сағатты құрайды. Жеткізу мәртебесін Яндекс Go қосымшасында, егер ол пайдаланушыда орнатылған болса, немесе SMS-хабарламада көрсетілген сілтеме бойынша карта виджеті арқылы бақылауға болады.

Неліктен бұл ыңғайлы?

ХҚО-дан құжаттарды жеткізу азаматтарды орталыққа қайта барудан босатады, сонымен бірге уақытты үнемдейді. Бұл жұмыс істейтін адамдарға, қалдырып кетуге болмайтын кішкентай балалары немесе басқа туыстары бар азаматтарға қолайлы болуы мүмкін.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-ның Басқарма төрағасы Сүйеніш Әбділдин өзара жасалған ынтымақтастықты былай деп түсіндіреді: «Біз бұған дейін бір жұмыс күні ішінде құжаттарды жеткізу қызметін іске қосқан болатынбыз. Енді Цифрлық даму министрлігінің бастамасы бойынша Яндекспен бірлесіп жеткізудің неғұрлым жылдам әрі ыңғайлы баламалы тәсілін іске асырдық. Көбінесе құжат бізге шұғыл қажет болуы мүмкін. Мұндай сәттерде Яндекс Доставканы пайдалану ыңғайлы. Адамдарда әрдайым жұмыстан кетуге, қайтып келуге немесе балаларды үйде қалдыруға мүмкіндік бола бермейді. Құжаттарды жеткізу сервисі уақыт пен ақшаны айтарлықтай үнемдейді».

Қандай құжаттарға жеткізу арқылы тапсырыс беруге болады?

Бүгінгі күні қазақстандықтарға 150 мемлекеттік қызмет бойынша құжаттарды жеткізу қолжетімді. Оның ішінде туу, некеге тұру және некені бұзу туралы анықтамалар, әскери билеттердің телнұсқалары, жылжымайтын мүлікке меншік құқығын мемлекеттік тіркеу, білім туралы «апостиль» мөртаңбасы қойылған құжаттар бар.

Бұл ретте жеке куәлікті, паспортты немесе жүргізуші куәлігін курьер арқылы алуға бермейді, оларды алу үшін өзіңіз келуіңіз қажет.

Жеткізуді қай қалаларда пайдалануға болады?

17 қаланың тұрғындары құжаттарды жеткізу қызметін пайдалана алады. Бұл Астана, Алматы, Көкшетау, Өскемен, Тараз, Қызылорда, Петропавл, Ақтау, Павлодар, Шымкент, Семей, Атырау, Қарағанды, Орал, Талдықорған, Қостанай және Ақтөбе қалалары. Жақын арада қызметтерді қамту аймағына Түркістан, Екібастұз және Қонаев қалаларын қосу күтілуде.

Сондай-ақ оқыңыз