Ауылда цех ашқан кәсіпкер айына 1000 диван жасап шығарады
4 жыл бұрын ауылда бастаған кәсіп, қазір жеке кәсіпкер Хабиден Арманайға ай сайын жақсы табыс әкеледі. Бала кезінен жиһаз жасауға қызығатын Арманай бүгінде өзінің сапалы жиһазымен бүкіл елге танылып отыр.
– Арманай, өзіңіз жайлы қысқаша айтып кетсеңіз?
– Менің негізгі мамандығым – программист. Бірақ, ата-анам кезінде жиһаз саласына жақын болғандықтан, бала кезден осы кәсіпке қызығатынмын. Сондықтан, өзім диван шығаратын цех аштым.
– Кәсіп ашамын деген адам неге дайын болуы тиіс?
– Шығынсыз кіріс болмайды. Кәсіпке салған ақшамды тез арада ақтап шығуым керек деген пікір –қате. Кәсіпті бастау үшін бірінші қажет нәрсе, ақша емес. Ең бастысы – бастаған істі жақсы көру. Бастапқа 1-2 жыл көлемінде бастаған бизнесті ынтамен жүргізетін болсаңыз, ол міндетті түрде өзін ақтайды.
– Кез келген адам кәсіпкер бола ала ма?
– Барлық адам кәсіпкер бола алады. Бірақ, кез келген адам жауапкершілікті өз мойнына ала алмайды.
– Кәсіпкерге қажетті басты қасиеттер мен машықтар қандай?
– Әрине, ең бастысы – жауапкершілік. Қарамағындағы қызметкерлер мен өз ісіне жауапкершілік танытып, дұрыс шешім қабылдай білуі тиіс.
– Жиһаз жасау саласын қанша қаражатпен бастадыңыз?
– Төрт жыл бұрын материалдар бағасы арзан және тиімді болған, сол кезде 200 мың теңгемен бастадым. Шынымды айтсам, қазіргі нарықтағы бағаларға қарайтын болсақ, бұл қаражатпен бастау өте қиын болады.
– Ауылдық жерде айына 1000 диван өндіру қаншалықты қиын? Нақтырақ айтқанда, бір күнде қанша диван жасайсыздар?
– Бізде бір күнде бір-екі жиһаз жасау деген жоқ. Көп көлемде өндіреміз. Бір күнде 50-ден астам диван жасаймыз.
– Сонда сізге тапсырыс беруші келіп, бір диванға ғана тапсырыс бере алмайды ма?
– Иә, бізге тапсырыс келгенде бірден 200 данадан артық келеді. Біз жиһаздарды арнайы үлкен жүк көліктеріне саламыз. Бір жүк көлігіне кем дегенде 100 -ден артық диванды тиеп береміз. Солай жиһаздарымыз еліміздің барлық қаласына жеткізіледі.
– Қазір қазақстандық нарықта бұл бизнеске сұраныс қаншалықты?
– Жиһазға деген сұраныс өте жақсы. Қазіргі уақытта, бір қуанарлық жағдай, адамдар арзан жиһазға емес, қымбат болса да, сапалы дүниені таңдауда.
– Жұмысқа қажетті материалдарды қай елден немесе қаладан аласыздар?
– Барлық қажетті материалдарды Алматы қаласынан аламыз. Алматыға Ресейден, Өзбекстаннан, Қытайдан келеді. Қаладағы жиһазға қажетті заттарды шығаратын фирмалардан да аламыз.
– Сіздер жасайтын дивандардың ең арзаны мен қымбаты қанша теңге тұрады?
– Сатылғанда қойылатын баға мен өңдіретін бағаны салыстыруға келмейді. Ең арзан диван – 50 000 теңге, ең қымбаты 200 000 мың теңге көлемінде. Ал сатушы дүкенде өз бағасын қояды.
– Ауылдық жерде цех ашу қаншалықты тиімді?
– Көптеген кәсіпкерлер қалалық жерде кәсіп ашқан тиімді деп ойлайды. Бірақ, ауылда да жақсы нәтижеге жетуге болады. Біріншіден, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз етесіз. Екіншіден, ауылдың гүлденуіне үлес қосасыз.
– Бұл саланың артықшылықтары мен кемшіліктері қандай?
– Бұл саланың кешілігі – көптеген қажетті материалдарды Ресейден алдыртамыз. Ал артықшылығы – бұл сала жыл мезгілін таңдамайды. Әрқашан сұранысқа ие.
– Сұхбатыңызға рақмет.