Ауылда цех ашқан кәсіпкер айына 1000 диван жасап шығарады

Хабиден Арманай:  Бұл цех көптеген ауыл тұрғынын жұмыспен қамтамасыз етіп отыр

4 жыл бұрын ауылда бастаған кәсіп, қазір жеке кәсіпкер Хабиден Арманайға ай сайын жақсы табыс әкеледі. Бала кезінен жиһаз жасауға қызығатын Арманай бүгінде өзінің сапалы жиһазымен бүкіл елге танылып отыр.

–  Арманай, өзіңіз жайлы қысқаша айтып кетсеңіз?

–  Менің негізгі мамандығым – программист. Бірақ, ата-анам кезінде жиһаз саласына жақын болғандықтан, бала кезден осы кәсіпке қызығатынмын. Сондықтан, өзім диван шығаратын цех аштым.

Кәсіп ашамын деген адам неге дайын болуы тиіс?

– Шығынсыз кіріс болмайды. Кәсіпке салған ақшамды тез арада ақтап шығуым керек деген пікір –қате. Кәсіпті бастау үшін бірінші қажет нәрсе, ақша емес. Ең бастысы – бастаған істі жақсы көру. Бастапқа 1-2 жыл көлемінде бастаған бизнесті ынтамен жүргізетін болсаңыз, ол міндетті түрде өзін ақтайды.

–  Кез келген адам кәсіпкер бола ала ма?

–  Барлық адам кәсіпкер бола алады. Бірақ, кез келген адам жауапкершілікті өз мойнына ала алмайды.

Кәсіпкерге қажетті басты қасиеттер мен машықтар қандай?

– Әрине, ең бастысы – жауапкершілік. Қарамағындағы қызметкерлер мен өз ісіне жауапкершілік танытып, дұрыс шешім қабылдай білуі тиіс.

– Жиһаз жасау саласын қанша қаражатпен бастадыңыз?

– Төрт жыл бұрын материалдар бағасы арзан және тиімді болған, сол кезде 200 мың теңгемен бастадым. Шынымды айтсам, қазіргі нарықтағы бағаларға қарайтын болсақ, бұл қаражатпен бастау өте қиын болады.

 –  Ауылдық жерде айына 1000 диван өндіру қаншалықты қиын? Нақтырақ айтқанда, бір күнде қанша диван жасайсыздар?

–  Бізде бір күнде бір-екі жиһаз жасау деген жоқ. Көп көлемде өндіреміз. Бір күнде 50-ден астам диван жасаймыз.

– Сонда сізге тапсырыс беруші келіп, бір диванға ғана тапсырыс бере алмайды ма?

–  Иә, бізге тапсырыс келгенде бірден 200 данадан артық келеді. Біз жиһаздарды арнайы үлкен жүк көліктеріне саламыз. Бір жүк көлігіне кем дегенде 100 -ден артық диванды тиеп береміз. Солай жиһаздарымыз еліміздің барлық қаласына жеткізіледі.

 – Қазір қазақстандық нарықта бұл бизнеске сұраныс қаншалықты?

–  Жиһазға деген сұраныс өте жақсы. Қазіргі уақытта, бір қуанарлық жағдай, адамдар арзан жиһазға емес, қымбат болса да, сапалы дүниені таңдауда.

– Жұмысқа қажетті материалдарды қай елден немесе қаладан аласыздар?

–  Барлық қажетті материалдарды Алматы қаласынан аламыз. Алматыға Ресейден, Өзбекстаннан, Қытайдан келеді. Қаладағы жиһазға қажетті заттарды шығаратын фирмалардан да аламыз.

–  Сіздер жасайтын дивандардың ең арзаны мен қымбаты қанша теңге тұрады?

–  Сатылғанда қойылатын баға мен өңдіретін бағаны салыстыруға келмейді. Ең арзан диван – 50 000 теңге, ең қымбаты 200 000 мың теңге көлемінде. Ал сатушы дүкенде өз бағасын қояды.

– Ауылдық жерде цех ашу қаншалықты тиімді?

–  Көптеген кәсіпкерлер қалалық жерде кәсіп ашқан тиімді деп ойлайды. Бірақ, ауылда да жақсы нәтижеге жетуге болады. Біріншіден, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз етесіз. Екіншіден, ауылдың гүлденуіне  үлес қосасыз.

– Бұл саланың артықшылықтары мен кемшіліктері қандай?

– Бұл саланың кешілігі – көптеген қажетті материалдарды Ресейден алдыртамыз. Ал артықшылығы – бұл сала жыл мезгілін таңдамайды. Әрқашан сұранысқа ие.

– Сұхбатыңызға рақмет.

Google News сайтында бізге жазылыңыз
Қазір оқуда