Несие бойынша мерзімі өткен берешек пайда болған жағдайда не істеу қажет

Жарияланды
Қайда жүгіну керек

Қарыз алушыларға кредит бойынша мерзімі өткен берешек пайда болған жағдайда не істеу және қайда жүгіну керектігі жөнінде Fingramota.kz толығырақ айтып береді.

Агенттік азаматтардың мерзімі өткен берешегін реттеу тетігі енгізілген сәттен бастап бір жыл бойы тұрақты негізде банктердің және МҚҰ-ның осы тәртіпті қолдануының мониторингі мен талдауын жүргізуде. Кредиттік ұйымдар қарыз алушының өтінішін кезең-кезеңмен қарау процесін қоса алғанда, қарыздар бойынша мерзімі өткен берешекті реттеудің бірыңғай тәртібін қолдануды регламенттейтін ішкі нормативтік құжаттарға өзгерістер енгізді. Банктер мен МҚҰ өз клиенттері үшін ресми интернет-ресурстарда, әлеуметтік желілерде және бар болса мобильді қосымшаларда ақпарат орналастырады, сондай-ақ call-орталықтар арқылы азаматтарға кеңес береді.

Агенттіктің мәліметінше жасалған кредиттік шарттардың талаптарын өзгерту үшін банктер мен МҚҰ-ға 2022 жылдың басынан бері 273,8 мыңнан астам қарыз алушы жүгінген. Оның ішінде азаматтардың шамамен 70%-ына (199,2 мыңнан астам қарыз алушы) қатысты қарыздар мен микрокредиттерді қайта құрылымдау бойынша жұмыс жүргізілді.

Банктер мен МҚҰ не істеуі керек?

Заңнамалық талаптарға сәйкес кредитор қарыз алушыға төлем мерзімін кешіктіру туралы ол басталған сәттен бастап 20 күн ішінде хабарлауға міндетті. Хабарламада кредиттік ұйымдар азаматтарға:

  • туындаған кешіктірудің нақты мөлшерін көрсете отырып, төлем жасау қажеттілігі;
  • қарыз алушы-жеке тұлғаның кредиторға жүгіну құқығы;
  • кредиттер мен микрокредиттер бойынша өз міндеттемелерін орындамаудың салдары туралы хабарлайды.

Сондықтан, егер қарыз алушы кредит бойынша өз міндеттемелерін орындай алмаса, онда бірінші кезекте оған қызмет көрсетілетін банкке немесе МҚҰ-ға өтінішпен жүгіну қажет. Ешқандай жағдайда кредит берушіден жасырынудың қажеті жоқ! Орын алған жағдайда дұрыс шешім қабылдау қарыз алушының ғана емес, кредиттік ұйымның да мүддесі үшін қажет. Сондықтан, реттеу шаралары неғұрлым ертерек қабылданса, қарызды өтеудің өзара қолайлы нұсқасы соғұрлым тезірек табылатын болады.

Кредит бойынша төлем мерзімін кешіктірген жағдайда қарыз алушы үшін іс-қимыл алгоритмі қандай?

Қарыз алушы төлем мерзімін кешіктірген күннен бастап 30 күн ішінде кредиттік ұйымға өтінішпен жүгінуі қажет. Өтініште мыналарды көрсету керек:

  • өз міндеттемелерін орындамау себебі. Қаржылық қиындықтарды растайтын құжаттардың болуы маңызды;
  • болашақта кредитті өтеу бойынша өзіне қолайлы нұсқалар.

Заңнамаға сәйкес қарыз шартының талаптарына өзгерістер енгізу мыналарды көздейді:

қарыз шарты бойынша сыйақы мөлшерлемесін азайту жағына өзгерту;
шетел валютасында берілген қарыз бойынша негізгі қарыздың қалған сомасының валютасын ұлттық валютаға ауыстыру;
негізгі борыш және (немесе) сыйақы бойынша төлемді кейінге қалдыру;
берешекті өтеу әдісін немесе берешекті өтеу кезектілігін, оның ішінде басымды тәртіппен негізгі борышты өтей отырып өзгерту;
қарыз мерзімін өзгерту;
айыпақының (айыппұлдың, өсімпұлдың), комиссиялардың және банктік қарызға қызмет көрсетуге байланысты өзге де төлемдердің күшін жою арқылы мерзімі өткен негізгі борышты және (немесе) сыйақыны кешіру;
ипотека мәні болып табылатын жылжымайтын мүлікті кепіл берушінің дербес өткізуі;
қарыз шарты бойынша міндеттемені орындаудың орнына банкке (банктік операциялардың жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға) кепіл мүлкін беру арқылы бас тарту төлемін ұсыну;
сатып алушыға қарыз шарты бойынша міндеттеме бере отырып, ипотеканың мәні болып табылатын жылжымайтын мүлікті өткізу.
Қарыз алушының өзі кредит берушіге өзінің қаржылық және әлеуметтік жағдайы туралы ақпарат беруі, кірістердің төмендеуі немесе болмауы өз міндеттемелерін толық көлемде орындауға мүмкіндік бермеу фактісін құжатпен растауға тиіс. Сұратқан құжаттарды ұсынбау қарыз алушының өтінішін қараусыз қалдыруға негіз болып табылады.

Қарыз алушы барлық қажетті құжаттарды ұсынғаннан кейін, банк немесе МҚҰ қарыз алушының ағымдағы қаржы және әлеуметтік жағдайы (төлем қабілеттілігі), кепіл тұрғын үйдің жалғыз баспанасы екені, мерзімі өткенге дейін қарыз бойынша міндеттемелерді адал орындауы сияқты факторларды ескере отырып, өтінішті қарау рәсімін бастайды.

Күнтізбелік 15 күн ішінде кредитор төмендегі жауапты беруге тиіс:

  • шарт талаптарына ұсынылған өзгерістерді қабылдап, келісу;
  • шарт талаптарын өзгерту бойынша өз ұсыныстарын ұсыну;
  • себептердің дәлелді негіздемесін көрсете отырып, бас тарту.

Егер өзара қолайлы нұсқа табылмаса, қарыз алушы не істеуі керек? 

Қарыз алушыға қарызды қайта құрылымдау талаптары бойынша кредит берушімен келісімге қол жеткізу мүмкін болмаса немесе кредит беруші мерзімі өткен берешекті реттеу рәсімін жүргізбесе және дәлелді негіздемелер ұсынылмаса, қарыз алушы кредит берушінің шешімін алған күннен бастап күнтізбелік 15 күн ішінде ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жүгінуге құқылы. Бірақ өз өтінішімен бірге кредит ұйымына жүгінгенінің және онымен өзара қолайлы шешімге келмегенінің дәлелін қоса беруі керек.

Қарыз алушының өтінішінің негізінде Агенттік банкке немесе МҚҰ-ға қатысты құжаттық тексеру жүргізуге бастамашылық жасайды.

Егер қарыз алушы кредиттік ұйымға жүгінбесе қандай жағдайға тап болуы мүмкін?

Бұл жағдайда кредитор төлемге қабілетсіз қарыз алушыға қатысты шаралар қолдануға құқылы:

  • жәрдемақылар, алименттер, тұрғын үй төлемдерін, нотариустың депозит жағдайындағы енгізілген ақшаны, білім беру жинақтау салымы туралы шарт бойынша ақшаны алуға арналған арнайы шоттарды қоспағанда, борышкердің шотынан қарызды өтеу шотына қаражат алуға.
  • берешекті сотқа дейін өндіріп алу және реттеу үшін коллекторлық агенттікке беру немесе талап ету құқығын үшінші тұлғаларға беруге.

Қарыз шартында қарыз алушы қарыз шарты бойынша міндеттемелерді орындау мерзімін өткізіп алуға жол берген жағдайда кредиттік ұйымның коллекторлық агенттікті тартуға құқығы болған кезде берешекті сотқа дейін өндіріп алу және реттеу үшін коллекторлық агенттікке беруге жол беріледі.

Сондай-ақ оқыңыз