5000 теңгемен бастаған кәсіп қазір айына 5 млн теңге табыс әкеліп тұр

Жарияланды
Аяулым Нұрмахан: Фуд-флористика – декреттегі аналар үшін таптырмас бизнес

Қазіргі уақытта сыйлық сыйлаудың көптеген түрі бар. Соның бірі сәнге айналған-тәттіден жасалған букеттер. Фуд-флористика жастар арасында трендке айналған кәсіптің бірі. 5000 теңгемен бастаған фуд-флористика ісі Аяулымға қазір ай сайын 5 миллионнан астам табыс әкеліп тұр.

Фуд-флористика – жеуге жарамды ингредиенттерден жасалған гүл шоқтары. Мұндай композицияның құрамына тек жеміс-жидектер ғана емес,шұжық, ірімшік, тәттілер,тіпті сусындар да кіруі мүмкін.

– Аяулым, неге фуд-флористика?

–  Декретте отырған кезде артық қаражатым болмағандықтан, қайынағама  туған күніне өз қолымнан нәскиден букет жасап сыйладым. Жасаған сыйлығым, туысқандарыма ұнады. Сол кезде, неге осы саланы  бастамасқа деп шешім қабылдадым. Сөйтіп, қалтамдағы бар 5 мың теңгемен кәсіпті бастап кеттім.

– Бұл саланы еліміздегі арнайы мамандардан үйрендіңіз бе?

–  Жоқ. Бұл сала біздің елде ол кезде мүлдем дамымаған. Арнайы Ресейге барып, толыққанды үйреніп келдім.

– Бұл бизнес қаншалықты сұранысқа ие?

– Жыл мезгілінің барлық кезінде сұраныс бар. Әсіресе мереке кездері, тапсырыс деген өте көп болады.

– Күніне қанша тапсырыс қабылдайсыздар? Дайын сыйлықтардың бағасы қанша теңге көлемінде?

– Тәтті букеттерге деген тапсырыс өте жақсы. Жәй күндері 5-6 тапсырыс қабылдаймыз. Ал, мереке кездері, күніне 25-тен жоғары тапсырыс қабылдаймыз.  Бағасы әртүрлі. Мысалы, 5 мың теңгеден бастап, 150 мың теңгеге дейін барады.

– Фуд-флористикада бәсеке бар ма?

– Елімізде бұл сала енді ғана дамып келеді. Бірақ, тәтті букеттерге тапсырыс берушілер күн санап артуда.

– Сонда, бұл кәсіп өзін толық ақтай ма?

– Әрине, ақтайды. Мысалға, ең арзан 5000 теңгелік букетке, 1000 теңге шығын шығарамыз.

– Қазіргі жұмыс істеп отырған мекемені қанша теңгеге жалға алып отырсыз?

– Қазіргі таңда студиямызды кеңейттік. Айына 300 мың теңге төлейміз.

– Қанша адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырсыз?

– Менімен бірге 16 адам жұмыс істеп отыр.

– Арнайы Ресейден үйреніп келген біліміңізді үйрету ойыңызда бар ма?

– Менің көптеген шәкіртім бар. Фуд-флористика саласын толық үйретіп, кәсіп бастауға бағыт-бағдар беріп жүрмін.

–  Бұл кәсіпті үйретіп қанша қаражат табасыз?

– Айына фуд-флористиканы оқытуды қосқанда, 15 млн теңге табыс табамын.

– Бұл кәсіпті кез келген адам алып кете алады ма?

–Әрине. Менің оқуымнан өткен қыздар, қазір өз кәсіптерін дөңгелетіп отыр.

– Бір букетті жасау үшін қанша уақыт қажет?

– Егер енді бастаған болсаңыз 3-4 сағат. Ал, үйренге адамға 1-1,5 сағатта жасап тастауға болады.

– Сұхбатыңызға рақмет.

Сондай-ақ оқыңыз