Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты қаланың 37 мектебінің 300 жоғары сынып оқушыларына ашық есік күнін өткізді. Кәсіптік бағдар беру акциясы Мемлекет басшысы жариялаған Балалар жылы аясында өткізілді.
Қару-жарақ үлгілері мен жеке қорғаныс құралдарының көрмесін аралаған оқушыларға Калашников автоматын өздігінше бөлшектеп-жинауға, жалпы әскери қорғаныс костюмін кию нормативін орындауға мүмкіндік берілді.
Оқытушылар балаларға жоғары оқу орнының кафедраларын аралатып, әр мамандықтың артықшылықтары мен ерекшеліктері жайлы әңгімелеп берді. Одан өзге оқу сыныптарын, казармаларды, спорт залды және асхананы көрсетті.
«Курсанттар оқитын инженерлік-техникалық мамандықтар Қарулы күштерде, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда ғана емес, азаматтық салада да кеңінен сұранысқа ие», – деп атап өтті институт бастығы полковник Қайрат Дәуітов оқушылармен кездесу барысында.
Сондай-ақ ол әскери институт мемлекеттің егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғауға қабілетті болашақ офицерлерді даярлауды жүзеге асыра отырып, оның қорғаныс қабілетін нығайту ісіне едәуір үлес қосатынын да айтып өтті.