«Алатау жастары» тұрғын үй бағдарламасы басталады. Шарттары қандай, талабы не?

Жарияланды
Бағдарлама Алматы облысының жастарына арналған

Алматы облысының әкімдігі «Отбасы банкімен» бірлесе отырып Республика күні қарсаңында жастарды өңірлерде жұмыс істеуге ынталандыру үшін «Алатау жастары» жаңа тұрғын үй бағдарламасын іске қосты. Жоба 35 жасқа дейінгі өңір тұрғындарына жеке тұрғын үй сатып алу үшін жеңілдетілген несие алуға мүмкіндік береді.

Бағдарлама шарттары қандай?

«Алатау жастары» шарттарына келер болсақ, бағдарламаға қатысушының Алматы облысындағы ресми еңбек өтілі кемінде бір жыл болуы тиіс. Оны міндетті түрде зейнетақы жарналарымен растау қажет.

Сондай-ақ, үміткер Алматы облысында кемінде бір жыл мерзімге тұрақты тіркеуі болуы тиіс. Тағы бір шарт – бағдарламаға қатысушы мен оның отбасы мүшелері соңғы 5 жыл ішінде жылжымайтын мүлікке ие болмауы керек. 

«Жас отбасыларды ынталандыру үшін біз «Отбасы банкімен» бірлесіп жаңа тұрғын үй бағдарламасы мәселесін пысықтадық. Биыл жоба үшін 600 миллион теңге бөлдік. Бірақ, келесі жылы соманы ұлғайтуды жоспарлап отырмыз», деді Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев.

Банк өкілдері бағдарламаға қатысушылары биыл тұрғын үй ала алады деп сендіруде.

«Алматы облысы Алматы, Астана, Қарағанды, Жамбыл және Қостанай облыстарында осындай бағдарламаларды іске қосудың табысты тәжірибесін қабылдауда. Онда жергілікті билік «Отбасы банкімен» бірлесіп жастарды қолдау үшін тұрғын үй бағдарламаларын іске қосты. «Отбасы Банкі» жеңілдетілген несиелеуге көмектеседі. Осындай қолдаудың арқасында өңір тұрғындары биылғы жылы алғашқы қоныс тойын тойлай алады», деді «Отбасы Банкі» Алматы облыстық филиалының директоры Ғалымжан Шалғымбаев.

Жаңа тұрғын үй бағдарламасына қатысу үшін өтінім қабылдау 2022 жылғы 1 қарашада басталады және тура бір айға созылады. Үміткерлерге облыстық әкімдіктің ішкі саясат басқармасына өтініш беру қажет.

Өтінімдерді қабылдау аяқталғаннан кейін әкімдіктен арнайы комиссия жиналған балдарға сәйкес бағдарламаға қатысушыларды іріктейді. Балдық көрсеткішке ерлі-зайыптының некедегі жылдар уақыты, балаларының болуы, жұмыс өтілі, кәсібі және қызмет саласы әсер етеді.

Өтінімдерді қабылдау аяқталғаннан кейін қатысушылардың тізімі қалыптастырылады, ол «Отбасы Банкіне» жіберіледі. Банкте төлем қабілеттілігін бағалаудан өтіп, өз бетінше баспана табу қажет болады. Оны сатып алу үшін «Отбасы банкі» 10 млн теңге мөлшерінде қарыз береді. Егер жылжымайтын мүліктің құны 10 млн теңгеден асатын болса, онда айырмашылықты өз қаражатынан төлеуге болады.

Егер бағдарламаға қатысушы бастапқы тұрғын үйді сатып алса, онда ол үшін бастапқы жарна 0 пайызды құрайды. Егер қайталама нарықтан пәтер немесе жеке үй сатып алынса, онда бастапқы жарна 10 пайызды құрайды.

Несие бойынша пайыздық мөлшерлеме жылдық 5 пайызға тең болады (ЖЭС 5,2 пайыз). Қарыздың ең ұзақ мерзімі – 19 жыл.

Қазір елдегі тұрғын үй мәселесіе шешу өте өзекті болып отыр. Осыған дейін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Жалдамалы тұрғын үй қорын құру туралы бастама көтерген еді. Еліміздегі жалға берілетін тұрғын үй нарығының дамуы кенже қалған. Ресми мәліметтерге сүйенер болсақ, арендалық баспаналардың тұрғын үй қорындағы үлес салмағы 22 пайызды құрайды. Бұл көрсеткіш дамыған мемлекеттердегі көрсеткіштен әлдеқайда төмен (50 пайызға жуық).

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, жылжымайтын мүлікті инвестициялау қорлары тұрғын үйлерді жалға беру нарығындағы көптеген мәселелерді оңтайлы шешудің тетігі ретінде қарастырылады. Аталған инвестициялық қорлар жалға алу мөлшері есебінен тұрғын үй кезегіндегілердің мәселесін шешуге ықпалын тигізуі мүмкін. Сонымен қатар тұрғын үй көлемінің артуына да серпін бермек.

Мәселен, Англиядағы Civitas ұйымы халықтың әлжуаз топтарына арналған әлеуметтік тұрғын үйлерге инвестиция салады. Бұл жүйе жаңа баспаналар құрылысына қаржы тарту үшін тұрғын үй қауымдастықтары мен жергілікті атқарушы органдармен өзара серіктестік нәтижесінде жүзеге асырылады. Аталған ұйыммен ынтымақтастық аясында мемлекет жалға алу мөлшерін 100 пайыз көлемінде субсидиялайды.

Былайша айтқанда, жылжымайтын мүлікті инвестициялау қоры ұжымдық инвестиция есебінен тұрғын үй салу немесе сатып алу арқылы оны басқаруды іске асыруға мүмкіндік береді. Қор үлес бағамының өсімімен қатар жылжымайтын мүлікті жалға беру есебінен де кіріс алады. Жылжымайтын мүлікті инвестициялау қорының акцияларын сатып алу жүйесі де қарастырылған. Бұл әдіс пәтер сатып алуға толық қаражаты жоқ азаматтарға пайда табуға мүмкіндік туғызады.

Көптеген мемлекеттерде жылжымайтын мүлікті инвестициялау қоры корпоративті табыс салығынан босатылған. Бұл – инвесторлар тартудың тиімді әдісі ретінде қарастырылады.

Сондай-ақ оқыңыз