Елжан Қажымұқан: Бұл бизнесті ұлттық құндылықты дәріптеу үшін аштым

Жарияланды
Айына 700 шапан сатып, 20 млн табыс табатын кәсіпкермен сұхбат

Исламтанушы болып жұмыс істеген Елжан Қажымұқан қазіргі кезде ұлттық нақыштағы заманға сай шапан сатып, үлкен кәсіпті дөңгелетіп отыр. Бизнесті бастаған күні 5 сағатта 37 шапан сатып, 500 мың теңгеден аса пайда тапқан Қажымұқан мырзадан сұхбат алдық.

–  Неге шапан сату кәсібін қолға алдыңыз?

– Мен бұл саланы тек бизнес емес, еліміздің даму жолындағы әлеуметтік жоба ретінде қарастырамын. Бұл – ел руханиятының дамуына қосып жүрген үлесім.

–  Сіздер тігетін шапанның ерекшелігі қандай?

 – Біздің өнім – дизайнерлермен арнайы ақылдасып, күнделікті киюге ыңғайлы шапандар. Біз бұрынғы шапан деген стереотипті жойдық. Біздің шапандар сапалы маталардан тігіледі. Тіпті астарына дейін, бәрі ойластырылған. Біздің шапандарға тапсырыс бергенде, бірнеше күн күтпейсіз. Шапан тапсырыс берген күні дайын болады. Тұтынушыға барлық өлшемдегі шапандарды ұсынамыз.

–  Бір шапанның құны қанша теңге?

–  Бір шапанның орташа бағасы 30 мың теңге тұрады.

–   Бұл кәсіптен айына қанша қаражат түседі? Бір айда қанша шапан сатасыздар?

–  Сатылымнан айына 20 млн теңге түседі. Оның ішіндегі таза пайда –10 млн теңге. Айына 700-ге жуық шапан сатамыз.

– Бір күнде қанша шапан сатасыздар?

–  Бір күнде 10-нан астам шапан сатылады. Шапанды тойға, киітке алғанда бірден 100-ден астам тапсырыс түседі. Ал қазақ халқында, той өте жиі болады. Кейде тапсырыс өте көп түскен кезде үлгермей жататын кезіміз де болады.

 – Шапандарға еліміздің қай өңірінен ең көп тапсырыс түседі?

– Бір қызығы, ең көп тапсырыс Қарағанды қаласынан түседі. Одан кейін, еліміздің батыс өңірлері жақсы тапсырыс береді.

– Бұл бизнес өзін қаншалықты ақтайды?

– Бұл кәсіп өзін жақсы ақтайды. Ұлттық құндылыққа деген сұраныс күннен күнге артып келеді. Бұл бизнес 100 пайызға тиімді деп нақты айта аламын.

– Бұл бизнесе бәсеке бар ма?

– Бәсеке жоқ. Біздің шапандардың сапасы өте жоғары. Базарда сатылатын шапандармен салыстыруға келмейді.

– Шапан сатып тұрған дүкенді қанша теңгеге жалға аласыздар? Сонымен қатар, қанша адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырсыз?

– Бұл мекемені айына 400 мың теңгеге жалға аламыз. Қарамағымда 10 адам жұмыс жасайды.

– Бұл кәсіп жыл мезгіліне қарай ма? Мысалы, қай мезгілде сатылып төмен болады?

– Жоқ, жыл мезгіліне қарамайды. Барлық кезде тапсырыс өте жақсы түседі. Жазда той көп. Сол кезде құдалыққа, тойға деп тапсырыс беретіндер саны екі есеге артады.

– Шапан сататын дүкендеріңіз тек Алматы қаласында бар. Басқа да қалаларда дүкен ашу ойларыңызда бар ма?

–  Қазіргі таңда, басқа қалаларға шапандарды тек тапсырыс арқылы жеткіземіз. Басқа да өңірлерге дүкен ашу ойда бар. Сондықтан, жас кәсіпкерлер, үйде отырған аналар мен басқа да кәсіп бастағысы келетін жандармен серіктес болуды ұсынамыз.

– Әлеуметтік желіде сіздің брендттегі шапандарды көптеген танымал тұлғалардың үстінен көрдік. Бұл ұлттық нақыштағы киімдердің күн санап трендке айналғаны ма?

– Иә, еліміздің көптеген белгілі азаматтары біздің шапанды киіп жүр. Оның ішінде Мұхтар Шаханов ағамыз, Сәкен Майғазиев, Димаш Құдайбергенов сияқты  танымал тұлғалар бар. «Ең әдемі киім – ұлтыңның киімі» деген ұлы адамдар. Біз ұлттық киімдерді тек мерекеде ғана кимей, күнделікті өмірде киіп жүруіміз керек деп насихаттаймыз. Сондықтан, бұл шапандарды ұлттық құндылықты насихаттау мақсатында сатылымға шығардық.

– Сұхбатыңызға рақмет.

Сондай-ақ оқыңыз