Грин-карта деген не және оның талаптары қандай?

Жарияланды
Өтінім қабылдау қазір жүріп жатыр

Америка жыл сайын грин-карта лотереясын ойнатады. Дәл қазір өтінімдер қабылданып жатыр. АҚШ-қа көшіп, заңды жұмыс істеуге мүмкіндік беретін «жасыл» карта алудың бірнеше жолы бар. Ең қарапайымы — арнайы лотереяға қатысу. Бүгінгі материалымызда карта туралы толығырақ айтамыз.

Лотереяға қатысу үшін бар болғаны орта мектеп бітірсеңіз жеткілікті. Яғни сізден диплом, мамандығыңыз сұралмайды. Арнайы сайтқа кіріп, анкета толтырып, суретіңізді жүктейсіз. Шарттары туралы сәл кейінірек. Ұтып алған адамға карта автомат түрде берілмейді. Алдымен құжаттарды әзірлеп, оларды ағылшын тіліне аударып, ақылы медициналық тексерістен өтіп, консул алымын және грин-карта төлемін жасайсыз.

Грин-карта деген не?

Бұл — АҚШ-тың тұрақты тұрғыны яки резиденті екеніңізді растайтын жеке куәлік. Осы құжаты барлар елде еш кедергісіз жұмыс істеп, кіріп-шығып жүре береді. АҚШ азаматтарымен тең оқып, бизнес ашып, әлеуметтік көмек ала алады. Елде 5 жыл тұрғаннан кейін грин-карта иесіне АҚШ азаматтығын алуға мүмкіндік бар. Бастысы, Америка заңын бұзбауы керек. Салықты уақытылы төлеп, ел аумағында көбірек тұруға тиіс. Егер сіз елден 6 айдан астам уақытқа кетіп қалсаңыз, онда картаңыз күшін жояды. Бірақ карта азаматтық алғанмен тең емес. Басты ерекшелігі сол — Америка сайлауына қатыса алмайды, өз елінің азаматы болып қала береді. Америкалықтардағыдай әлемнің біраз еліне визасыз еркін кіріп-шығатын құқығы да жоқ. Картаның жарамдылық мерзімі — 10 жыл. Осы уақыт өткен соң ұзартуға болады. 

Грин-карта лотереясы (Electronic Diversity Visa Lottery, или просто DV-Lottery) — АҚШ-тың Мемлекеттік департаменті ұйымдастыратын арнайы бағдарлама. Биылғысы DV-2024 деп аталады. Жыл сайын қазанның басы мен қарашаның басында өтеді. Қатысу үшін  арнайы сайтта өтінім қалдыру керек. Жеңімпаздарды кездейсоқ сандар генераторы арқылы арнайы бағдарлама іріктейді.   

Қалай алуға болады?

  • АҚШ азаматымен некелесу арқылы. Араларыңызда шынайы сезім барын дәлелдеу керек.
  •  Отбасы мүшелерімен қосылу. Яғни АҚШ-та тұратын туысқандары — жұбайы, ата-анасы, балалары немесе туған аға-әпкелері бар адамдарға келеді.
  • Жұмыс визасын алу. Жұмыс беруші шақырту жіберіп, 1-3 жылға беріледі. Кейін ұзартуға болады. 
  • Мықты маман ретінде келу. Өте қабілетті адамдарға беріледі. Музыкант, суретші, артист, ғалым, спортшы және т.б талантты адам болсаңыз, осы әдісті қолданып көріңіз. Оның өзіндік шарттары бар. Соған қаншалықты сай екеніңіз тексеріледі.
  • Саяси баспана алу, босқын ретінде келу.
  • Америка экономикасына инвестиция жасау. 1 050 000 доллардан кем болмайтындай сома салып, 10 жұмыс орнын ашуыңыз қажет.
  • Арнайы лотереяға қатысу. Бұл әмбебап әдіс бәріне келеді.

Өтінім жібергенде еске ұстайтын жайттар

Интернетте алаяқ көп. Соның ішінде осы грин-карта өтінімін қабылдайтын сайттың да жалған түрлерін жасап тастаған. Басты ресми сайт — dvprogram.state.gov. Анкета латын әріптерімен, ағылшын тілінде толтырылады. Сайтты ашқан соң 60 минут ішінде толтыруыңыз керек. Үлгермесеңіз, қайтадан толтыру қажет болады. Негізі бір адамға әрі кетсе 10 минут кетеді. Үтір-нүктесіне дейін толтырмасаңыз, кей жерлерін тастап кетсеңіз, дисквалификация жасалады. Өтінімді жібермес бұрын бәрін дұрыс жаздыңыз ба, әріп қате кетпеді ме — мұқият тексеру керек. Өйткені жіберіп тастағаннан кейін өзгерту мүмкін емес. Қатысу формасы екі бөліктен тұрады: толтыратын адамға және оның жұбайы мен балаларына.    

Кім қатыса алады?

  • Биыл қатысуға құқылы елдердің бірінде тууы керек. Қазақстан 2022 жылы бұл тізімде бар. Биыл қатыса алмайтын елдер ішінде мыналар бар: Бангладеш, Бразилия, Ұлыбритания, Венесуэла, Вьетнам, Гаити, Гондурас, Доминикан Республикасы, Үндістан, Канада, Қытай, оның ішінде Гонконг та бар, Колумбия, Мексика, Нигерия, Пәкістан, Сальвадор, Филиппин, Оңтүстік Корея, Ямайка. Бірақ Макао және Тайваньда туғандар қатыса алады. Егер қатысуға құқығы жоқ елдердің бірінде туған болсаңыз да қатысудың жолдары бар. Мысалы жұбайыңыз қатыса алатын елде туған болса, онда екеуіңіз үшін ол өтінім бере алады. 
  • Мектеп бітіруі керек. Немесе кейінгі бес жылда кемінде екі жыл кәсіби оқуды талап ететін мамандық бойынша екі жыл жұмыс істеген болуы қажет. Лотереяға қатысу үшін орта білім — мектептің 11 сыныбын аяқтау керек. Болмаса, кейінгі бес жылда екі жылдық жұмыс өтілі сұралады. Егер білімнің тиісті деңгейі болса, онда сұраныстағы маман болуы қажет. Квалификациясын тексеру үшін америкалық жүйеге салады. Яғни бес түрлі Job Zone зонасы бойынша бағаланады. Зона неғұрлым жоғары болса, соғұрлым жұмысқа дайындық та жоғары деңгейде болуға тиіс. Лотереяға қатысу үшін өтінім беріп отырған адамның мамандығы 4 немесе 5-зонаға жатып, деңгейі 7-ден төмен болмауы керек. Жұмысыңызды тексеру үшін onetonline.org сайтына кіріп, Job Family батырмасын басыңыз. Одан кейін сала мен мамандықты тауып, ашылған терезеден Job Zone және SVP Range бөлімдерін тексеріп көріңіз. Айталық, мектеп бітірмеген туристік агент лотереяға қатысы алмайды. Өйткені бұл мамандықтың зонасы — 3 және SVP Range 6-7-ге тең. Ал енді сақтандыру агенттері болса, қатыса алады.    
  • Бұдан басқа қойылатын талап жоқ. Дегенмен жеңімпаз болған жағдайда оған виза алу үшін медициналық тексерістен өтіп, өзінің психикалық сау екенін дәлелдеп, тиісті екпелерді алғанын, аса қауіпті аурулары жоғын, есірткіге әуес емес екенін дәлелдеуі керек. Сонымен бірге сот алдында өтелмеген міндеттемелері де болмауы қажет. 17-18 жастан асқан кез келген адамға қатысуға мүмкіндік бар. Ағылшын тілін білуге міндетті емес.  Визаның өзге де түрлеріне өтінім жіберген болсаңыз да қатыса берсеңіз болады. Сұхбаттасуға барғанда грин-картаға өтінім бергеніңізді жасырмаңыз. Оның соңғы шешім қабылдауына ол әсер етпеуі де мүмкін. Өзіңіз ұтып, бара алмайтын болсаңыз, басқа адамға беруге болмайды.

Қандай құжаттар қажет болады?

Лотереяға қатысу үшін анкетаны толтырып, кемінде алты ай ішінде түсірілген суретіңізді жүктейсіз. Былтыр қатысу үшін төлқұжат деректері сұралған еді. Биылдан бастап ол талап алып тасталды. Суретке қатысты ескеретін жайттар бар. Өтінім жіберер бұрын суретке түсіп, оның электрон түрін алу керек. Әрине, сканерлеуге болады. Дегенмен одан гөрі электрон форматтағысы дұрысырақ. Анкетада көрсетіп жатқан барлық адамның суреті болуы керек. Фотоға қатысты басты талапты айта кетейік:

  • Өтінім берер алдында фотоның түсірілгеніне алты айдан артық уақыт өтпеуі керек;
  • Түрлі-түсті және шаршы болуы қажет. Адамның басы ортада орналасып, фотоның 50-69 пайызын алып тұруы керек;
  • Фотосурет өлшемі — 51 × 51 мм, 600 × 600 пиксель. Форматы — JPG, максимум салмағы 240 Кб;
  • Фото анық түсірулі керек. Біртүсті, жарық фонда, көлеңкесіз болсын;
  • Ретушь жасауға мүлдем болмайды. Фоторедактор арқылы бетті тазартуға, түзеуге тыйым салынады;
  • Қарапайым киіммен, көзілдірік, бас киімсіз түсірілуі керек. Униформамен түсуге болмайды. Діни ұстанымға байланысты немесе денсаулық жағдайыңызға байланысты киетін киімге рұқсат;
  • Бетіңізді шашыңыз жауып тұрмасын. Камераға тік қараңыз. Қатты күлмеңіз. Көзіңіз анық көрініп тұруы керек;
  • Балаңызды суретке түсіргенде жанында басқа адам болмауы керек. Камераға нейтрал түрмен қарап тұрғаны қажет. Жаңа туған нәресте болса,көзі жартылай ашылып не жабық тұрса болады.  Баланы суретке түсіргенде арқасына ақ не аққа жақын түсті мата жабыңыз. Бетіне көлеңке түсіп тұрмауы керек. Әсіресе, төбесінен камераға түсіріп тұрсаңыз. Ең абзалы, фотосалонға барып түсіңіз. Сонда өлшемі, талаптары дәл болады.

Ұтқан-ұтпағанын қалай тексереді?

Лотерея нәтижесі мамыр айында шығады. DV-2024 қорытындысы 2023 жылдың 6 мамырында белгілі болады. Қарау үшін лотерея сайтына кіріп, Check Status дегенді басасыз. Өтінімді толтырғаннан кейін сізге берілген растау нөмірін енгізіп, аты-жөніңізді, туған жылыңызды, сайт бетіндегі тексеру кодын жазасыз. Егер мамырда тексеруді ұмытып кетсеңіз, ешкім сізге хабарласып, сүйінші сұрамайды. Өйткені мемлекеттік департамент ұтқан адамға хабарлама жіберіп не қоңырау шалмайды. Кейде поштаңызға «Entrant Status Check» бөліміне кіріп, өтінім статусын тексеру керегін еске салуы мүмкін. Ол сіздің ұтып алғаныңызды білдірмейді.   

Ұтқан адам не істейді?

Жоғарыда атап өткеніміздей, ұтқан адамның бәрі бірдей виза алып, көшіп кете бермейді. Өйткені кетер алдында тексеріс, құжат жинау процестері болады. Елшілікке барып сұхбаттасасыз. Қалтаңызда өмір сүруге жеткілікті ақша барын көрсетуіңіз керек. Жартысынан көбі ұтса да осы шартқа келгенде ала алмай қалып жатады. Жалпы процесс ұзақтығы бір жарым жылдай болуы мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз