Қоқыс өңдеп, айына 8 млн табыс табуға бола ма?

Жарияланды
Ғани Арысбеков қоқыс өңдеу саласын дамытуымыз керек дейді

Қазіргі кезде бүкіл әлем жұртшылығының назарындағы күрделі мәселе – қоқыс. Қазақстанда да қоқыс өңдеп, одан шикізат шығару саласы біртіндеп дамып келеді. Осы орайда кәсіпкер Ғани Арысбеков тұрмыстық қалдық пен қоқыстан құрылыс пен бау-бақшаға қажет құбыр шығаратын зауыт ашқан.

– Негізгі мамандығыңыз қандай? Неге көптеген кәсіп ішінен қоқыс өңдеу зауытын аштыңыз?

– Менің негізі мамандығым – есепші. Қоқыс өңдеу зауытын ашқан себебім, жылдар бойы шірімей жататын пакеттердің көзін жойып, қоғамға аз болса да, пайдалы болу үшін. Ал екіншіден, бұл бизнесте қаражат жағынан пайда бар екеніне көзім жетті.

– Ғани мырза, сіздер өндіріске қажетті қоқысты қай жерден аласыздар?

– Өңдіріске қажетті қоқысты полигон мен базарлардан алдыртамыз. Қоқыс жинап әкелетін жұмысшыларды жалдаймыз. Бір келі қоқысқа арнайы бекітілген бағаны төлейміз.

– Трубаны нақты қандай қоқыстан шығарасыздыр?

– Трубаны шығару үшін пакет, пластик және бөтелкенің қақпағы қажет. Барлық қоқысты арнайы құрылғыға салып, үгітеміз. Солай, бірнеше құрылғадан өткен қоқыстан құбыр жасаймыз. Бұл құбырларды бау-бақша, құрылысқа қолдану үшін дайындап, сатамыз.

– Жалдаған жұмысшыларға бір келі қоқысты жинап әкелгенге қанша теңге төлесіздер?

– Жалдаған жұмысшыларға қоқысты жинап әкелгені үшін, 1 келісіне 50-70 теңге аралығында төлейміз. Ал, тапсырыс беріп алдырған 1 келі қоқыстың құны 100-150 теңге көлемінде болады.

– Қазақстаннан Қытайдан бөлек тағы қай елдер қоқыстарды алып кетеді?

–  Қытайдан бөлек, Ресей мен Өзбекстан да,  өз еліңде қоқыстарды өңдеу үшін тапсырыс беріп, алып кетеді.

– Шығаратын өндірістен, яғни труба жасап қанша қаражат табасыздар?

– Дайын өнімнің 1 тоннасынан 400-450 мың теңгеге жуық пайда көреміз.

– Сіздер шығарып жатқан трубалар осыған дейін Қытайдан келді ме?

– Иә,қазір де келеді. Бірақ өте аз. Қазіргі кезде біз Қытайдан келетін трубаның орнын алмастырдық деп айта аламыз.

– Қазақстан бойынша бәсеке бар ма?

–  Әрине, бар. Алматы қаласы бойынша бәсекелестер өте көп. Ал жалпы, Қазақстан бойынша алатын болсақ, Шымкент пен Ақтөбеде осы саламен айналысатын кәсіпорындар бар. Басқа қаладарда тек кішкентай кәсіпорындар ғана бар.

–  Қоқыстан өңделіп, дайын болған трубаларды Қазақстан нарығында қанша теңгеден сатасыздар?

– Дайын трубаның бір метр  құны 500-800 теңге көлемінде сатамыз.

– Кез келген адам кәсіпкер бола алады ма?

– Жоқ. Кез келген адам кәсіпкер бола алмайды. Бизнес бастау оңай шаруа емес. Міндетті түрде қосымша жоспар болуы қажет.

– Сұхбатыңызға рақмет.

Сондай-ақ оқыңыз