Қазіргі кезде бүкіл әлем жұртшылығының назарындағы күрделі мәселе – қоқыс. Қазақстанда да қоқыс өңдеп, одан шикізат шығару саласы біртіндеп дамып келеді. Осы орайда кәсіпкер Ғани Арысбеков тұрмыстық қалдық пен қоқыстан құрылыс пен бау-бақшаға қажет құбыр шығаратын зауыт ашқан.
– Негізгі мамандығыңыз қандай? Неге көптеген кәсіп ішінен қоқыс өңдеу зауытын аштыңыз?
– Менің негізі мамандығым – есепші. Қоқыс өңдеу зауытын ашқан себебім, жылдар бойы шірімей жататын пакеттердің көзін жойып, қоғамға аз болса да, пайдалы болу үшін. Ал екіншіден, бұл бизнесте қаражат жағынан пайда бар екеніне көзім жетті.
– Ғани мырза, сіздер өндіріске қажетті қоқысты қай жерден аласыздар?
– Өңдіріске қажетті қоқысты полигон мен базарлардан алдыртамыз. Қоқыс жинап әкелетін жұмысшыларды жалдаймыз. Бір келі қоқысқа арнайы бекітілген бағаны төлейміз.
– Трубаны нақты қандай қоқыстан шығарасыздыр?
– Трубаны шығару үшін пакет, пластик және бөтелкенің қақпағы қажет. Барлық қоқысты арнайы құрылғыға салып, үгітеміз. Солай, бірнеше құрылғадан өткен қоқыстан құбыр жасаймыз. Бұл құбырларды бау-бақша, құрылысқа қолдану үшін дайындап, сатамыз.
– Жалдаған жұмысшыларға бір келі қоқысты жинап әкелгенге қанша теңге төлесіздер?
– Жалдаған жұмысшыларға қоқысты жинап әкелгені үшін, 1 келісіне 50-70 теңге аралығында төлейміз. Ал, тапсырыс беріп алдырған 1 келі қоқыстың құны 100-150 теңге көлемінде болады.
– Қазақстаннан Қытайдан бөлек тағы қай елдер қоқыстарды алып кетеді?
– Қытайдан бөлек, Ресей мен Өзбекстан да, өз еліңде қоқыстарды өңдеу үшін тапсырыс беріп, алып кетеді.
– Шығаратын өндірістен, яғни труба жасап қанша қаражат табасыздар?
– Дайын өнімнің 1 тоннасынан 400-450 мың теңгеге жуық пайда көреміз.
– Сіздер шығарып жатқан трубалар осыған дейін Қытайдан келді ме?
– Иә,қазір де келеді. Бірақ өте аз. Қазіргі кезде біз Қытайдан келетін трубаның орнын алмастырдық деп айта аламыз.
– Қазақстан бойынша бәсеке бар ма?
– Әрине, бар. Алматы қаласы бойынша бәсекелестер өте көп. Ал жалпы, Қазақстан бойынша алатын болсақ, Шымкент пен Ақтөбеде осы саламен айналысатын кәсіпорындар бар. Басқа қаладарда тек кішкентай кәсіпорындар ғана бар.
– Қоқыстан өңделіп, дайын болған трубаларды Қазақстан нарығында қанша теңгеден сатасыздар?
– Дайын трубаның бір метр құны 500-800 теңге көлемінде сатамыз.
– Кез келген адам кәсіпкер бола алады ма?
– Жоқ. Кез келген адам кәсіпкер бола алмайды. Бизнес бастау оңай шаруа емес. Міндетті түрде қосымша жоспар болуы қажет.
– Сұхбатыңызға рақмет.