Пешті дұрыс пайдаланбаудың салдарынан 8 адам ауруханаға жатқызылды

Улы газ ауадағы әртүрлі отындардың толық жанбауынан пайда болады

Суық ауа райының басталуымен пештерді дұрыс пайдаланбауға байланысты жазатайым оқиғалардың саны артады, нәтижесінде тұрғындардың улы газдан улануы орын алады. Бұл туралы ҚР ТЖМ баспасөз қызметі хабарлады.

         Негізінен бұл жағдайлар аяздың басталуымен, пешпен жылыту басталған кезде және халық қарапайым қауіпсіздік ережелерін естен шығарған кезде болады.

         Өткен аптада республика аумағында пешті дұрыс пайдаланбау себебінен 6 адам улы газдан уланды, оның ішінде 2-і бала, сондай-ақ 2 адам термиялық күйік себебінен ауруханаға жатқызылды.

         Атап айтқанда, Астана қаласында Сарыарқа ауданындағы жеке тұрғын үйде қатты отынмен жылытылатын пештің ақауына байланысты улы газдан уланып, 1997 ж.т., 2018 ж.т. және 2020 ж.т. 3 адам ауруханаға жеткізілді, оның ішінде 2-і бала.

         Қызылорда облысында Қармақшы ауданындағы Ақтөбе ауылында жеке тұрғын үйде қатты отынмен жылыту пешінің тартуының болмауына байланысты улы газдан уланып, 1988 жылы туған үй иесі ауруханаға жатқызылды. Оның жағдайы орташа дәрежеде.

         Улы газдан уланудың үшінші жағдайы Атырау қаласында орын алды. Жеке тұрғын үйде табиғи газбен жылытылатын пешті пайдалану ережелерін бұзудың салдарынан газ ағып, нәтижесінде 1954 жылы туған үйдің иесі ауруханаға жатқызылды.

         Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының Қарқаралы қаласында екі пәтерлі тұрғын үйде улы газдан улану жағдайы тіркелді. Қатты отынмен жылытылатын пешті пайдалану ережелері бұзылғандықтан, № 2 пәтерде тартудың болмауына байланысты 1998 ж.т. пәтер иесінің ұлы ауруханаға жатқызылды .

         Сондай-ақ, өрт қауіпсіздігін сақтамау және қатты отын жағуға арналған пешті пайдалануды өрескел бұзу фактісі тіркелді. Мәселен, Жетісу облысы Алакөл ауданы Ж. Балапанов ауылындағы ауылдық мешітте жылыту пешін бензинмен жағу кезінде 18% және 4% термиялық күйік алып, сәйкесінше 1988 ж.т. және 1973 ж.т. тұрғындар ауруханаға жатқызылды.

         Улы газ ауадағы әртүрлі отындардың толық жанбауынан пайда болады. Улану көбінесе пештің мұржасы мерзімінен бұрын жабылған кезде пайда болады. Жанбаған көмір көмірқышқыл газымен әрекеттесіп, көміртегі тотығы (улы газ) түзіледі.

         Улы газбен уланудың себептері пешті жылыту ережелерін бұзу (пештің қақпағын уақтылы жаппау, отынға таза ауаның жеткіліксіз түсуі, нашар тарту), сондай-ақ пеш пен мұржаның дұрыс жұмыс істемеуі (пештің құрылымындағы жарықтар, бітелген мұржа) болуы мүмкін.

         Улы газдың түсі мен иісінің болмауы газды ерекше қауіпті етеді. Сіз аурудың себебі улы газ екенін білмеуіңіз мүмкін. Бір бөлмедегі барлық адамдарда бірдей белгілердің көрініс табуы улы газдан улану уақытын тануға мүмкіндік береді.

         Көміртегі тотығымен уланудың белгілері әртүрлі – бас ауруы, шекенің зырқылы, жүрек айну, құсу, ұйқышылдық, қысқа мерзімге талып қалу, паралич, естен тану, тыныс алу және мидағы қан айналымының бұзылуларымен болатын коматозды жағдай. Уланудың ауыр жағдайлары жүрек қызметінің тоқтап қалуына әкеп соғуы мүмкін. Зардап шеккен адамды дереу ауруханаға жатқызу қажет.

         Дәрігерді күту кезінде науқасты таза ауаға шығару керек – оған ауруханадан тыс жерде осылай ғана көмектесуге болады. Әрі қарай, стационар жағдайында оттегінің ұзақ ингаляциясы, жасанды аппараттық тыныс алу жүргізіледі; зардап шеккен организм жүйелерінің тіршілігін қалпына келтіретін құралдар қолданылады.

        

Google News сайтында бізге жазылыңыз
Қатысты материалдар
Қазір оқуда