Тарихтағы ең үнемшіл миллиардерлер

Жарияланды
Кейбірін тіпті «шық бермес Шығайбайдың» нағыз өзі десе болады

«Миллиардер» дегенді естісеңіз, көз алдыңызға не келеді? Ең қымбат, су жаңа көлік, зәулім бірнеше қабатты үй, люкс брендтің киімдері, алтын мен гауһардан әшекей ме? Иә, «олар шіріген бай. Сондықтан қалағанын алады» деп ойлауыңыз заңды. Дегенмен барлығы бірдей осылай шалқып өмір сүргенді қалай бермейді. Кейбірі әр нәрсеге ақшасын шаша бермей, «қысып» ұстағанды жөн көреді. Бүгінгі материалымыздан ақшаға сараң миллиардерлер туралы біле аласыздар.

Генриетта Грин

Генриетта Грин тарихтағы ең бай әрі ең шық бермес Шығайбай әйел саналады. Оны Гиннестің рекордтар кітабына да осы сараңдығы үшін қосқан екен. «Уолл-стриттің патшайымы» деп те аталған. Жалпы Грин әулеті бұрыннан бай тұрған. Сондықтан Генриетта бала кезінен ақша жайлы жақсы біліп өскен. Әкесінен мұраға қалған байлығы еш қатерден қорықпастан инвестицияға салып жібереді. Сөйтіп байлығын еселеп алады. Оның осы жолы болғыш қасиеті мен инвестиция туралы біліміне көпшілігі таңқалған екен. Өйткені XIX ғасырда қаржы әлемінде әйелге орын жоқ деген түсінік болған еді. Инвестиция туралы білімнен бөлек, ол артық шығынға қарсы адам болған. Тіпті «оныкі сараңдықты шегі еді» деп те бағалайтындар болыпты. Мысалы Генриеттаның басында жеке үйі болмаған. Ол салық төлемес үшін пансионатта тұрған екен. Күнделікті киім үлгісі де өте қарапайым: жалғыз киімі қара көйлегі мен қара тәпішке болыпты. Әбден кірлеген кезде бір жууға береді. Сондағысы — сабын мен ыстық суды үнемдеу үшін. Ол аз болса, жылу төлемес үшін қостырмайды екен. Ең таңқалдырған оқиғалардың бірін айтып өтейік. Бірде оның ұлы аяғын ауыртып алады. Содан ақша құртпас үшін Генриетта баласын тегін ауруханаға апарады. Дәрігерлер баланың жағдайын айтып, абзалы ақылы ауруханаға көрсету десе де, ол келіспей, ақыры ұлын үйден өзі емдейтін болып шешеді. Үйге алып кеткеннен кейін ұлында гангрена пайда болып, ақыры аяғын кесіп тастауға мәжбүр болады.

Джон Пол Гетти

1957 жылы Forbes журналының рейтиңі бойынша Джон ПолГетти әлемдегі ең бай адам болып танылған. Мұнай магнаты әкесінің ақшасына шағын жер алып кәсіп бастамақ болады. Кейін сол жерден мұнай кені табылып, мол ақшаға кенеледі. Джон Пол Геттидің кризис кезінде ақшаны күректеп табатын бір қасиеті болған екен. Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде де, Ұлы депрессия шағында да солай болыпты. Қанша жерден шылқыған бай болса да, ол ақша шығындауға келгенде тақан болған. Өзі тұратын виллианың алдына таксофон орнатып қойған екен. Ондағысы — өз есебінен артық ақша төлемеу үшін. Яғни келген қонақтар болсын, қызметшілер болсын таксофон қолданып, қоңырау үшін өзі төлейді. Ал сараңдығын көрсететін оқиғаның шыңы деп 16 жасар немересін біреулер ұрлап кеткен кезді айтуға болады. Немересін аман алып қалу үшін Джон Пол Геттиден 17 млн доллар талап етеді. Бірақ мұнша сома төлеуден бас тартады. Сөйтіп жендеттер бағасын түсіріп, есесіне немересінің құлағы мен шашын кесіп тастайды. Ақыр соңында миллиардер 3 миллион доллар беруге келіседі. Оның өзінде 2,2 миллионын өзі төлеп, қалған 800 мың долларды ұлына жылдық 4 пайызбен қарызға береді. Немересіне үйіне аман-есен келген соң, ол онымен сөйлеспей қояды. «Бәрін өзің әдейі ұйымдастырып, менен ақша алып қалғың келді» деп сенбеген екен.

Уоррен Баффит

Уоррен Баффет әлемнің ең бай адамдарының тізімінде жетінше орынға жайғасқан. 2022 жыл басталғалы еш ақшасы минусқа кетпеген жалғыз миллиардер де — сол. Оған қоса, ақшасы тек өсіп жатыр. Қазір жасы 92-де, қаржы әлеміндегі көзі тірісінде аңызға айналған адам. Ең алғашқы акциясын 11 жасында сатып алған. Сөйтіп өмірлік тәжірибесіне сүйене отыырып, белгілі бір ережелер қалыптастырған. Мысалы мынадай ережесі бар: бағалы қағазды сатып алған соң, күту керек. Бастапқы алған бағадан бірнеше есе өскен кезде ғана сатқан жөн. Уоррен Баффет 32 жасында миллионер атанып, 80-жылдары миллиардерге айналады. 2008 жылы жер бетіндегі ең бай адам атағына ие болады. Бір қарағанда шылқыған бай дерсіз. Дегенмен оның басты ережесі — тапқан ақшасын 100 пайыз үнемдеу. Оның айтуынша, ақшаны шашпау керек, қайта бюджетті одан әрі көбейтудің қамын жасаған абзал. Баффет әлі күнге дейін сонау 1958 жылы сатып алған үйінде тұрады, «thrifty» (үнемшіл) деген нөмірі бар ескі көлігімен жүреді. Жедел дайындалатын тағам желілерінен тамақтанады. Тіпті нарықта құлау байқалған кезде гамбургер бағасы бір долларға арзандады деп сол кезде алып жейді екен. Сараң дегенмен, оның қайырымдылыққа жаны құмар. Ол көмекке мұқтаж адамдарға ақшалай қолдау білдіруді «әлемдегі ең қарапайым іс» деп бағалайды.

Ханс Раусинг

Қайырымдылықтан өзге жердің бәрінде үнемдеп, сараңдығымен көзге түскен тағы бір миллиардер — Ханс Раусинг. Сүт қаптамаларын жасаумен айналысып, әбден байыған, Tetra Park компаниясының негізін қалаған Рубен Русингтің баласы. Ханс 50-жылдары компанияның бас директоры болады. Арада 20 жыл өткенде зауыттар көлемі де 20 есе көбейіп, қаражат айналымы миллиондаған долларға өседі. 90-жылдары Tetra Park-тегі үлесін ағасына сатып жібереді. Бірақ соның өзінде көп пайдаға кенеліп, 12 миллиард доллар алады. Оның үнемшіл, сараң мінезін онымен араласқанның барлығы дерлік білген екен. Швецияда салық қымбат болып, ол 80-жылдары Ұлыбританияға көшіп кетеді. Сол жақта да ол өзінің сараңдығын көп көрсеткен. Мысалы, көкөніс немесе жеміс алатын болса, саудагермен соңына дейін саудаланып, тұрып алады екен. Ханс Русинг тіпті қандай да бір іс-шараларға баратын кезде билет алатын болса, тек жеңілдігін барын алады деседі. Сондай-ақ, он жерден миллиардер болса да көшеде әбден ескірген, британиялық Morris Minor автокөлігінмен жүруден еш қысылмайды екен. Кейіннен ол көлігін 12 жыл мінілген, ресейлік «Ниваға» ауыстырған.

Ингвар Кампрад

1943 жылы швециялық 17 жасар жас жігіт бүгінде күллі әлемге танымал IKEA копаниясының негізін қалаған. Ингвар Кампрадтың өмірі жайлы бізге не белгілі? ол шалқып өмір сүруге мүлдем қызықпаған. Онысына еш қысылмай, жүрген жерінде пікірін айтып жүрген екен. Ол бүкіл жерде үнемдейді: жиһаз алудан бастап, шайды ағарғанша қолданатын қасиеті болған деседі. Шашын алдыру керек болса, қаладағы ең арзан шаштаразға барып қидырады екен. Тамақтанған кезде де тек арзан дәмханаларға барады. Ұшақпен ұшқанда да тек эконом-классты таңдайды. Тоқтайтын қонақ үйінің де жұлдызы жоғары емес, 3-тен аспауы керек деген талабы болыпты. Оның мұндай үнемшілдігі жұмыс процесінде де көп байқалған. Мысалы Ингвар Кампрад қызметкерлеріне құжатты басып шығару керек болса, екі жағын да пайдалануды тапсырған. Яғни бір жағы бос қалмауы керек. Өнімді бекерден-бекер лақтырып не пайдаланбай тастауға мүлдем болмайды. Ол аздай, салықты да ең минимал мөлшермен төлеуге тырысқан екен. Тіпті кейбір салықтан шама келсе, жалтарып кетеді деседі.

Сергей Брин

Google компаниясының негізін қалаушылардың бірі, АҚШ азамат Сергей Брин де — бай болғанымен, өте үнемшіл әрі шалқып өмір сүруді қаламайтындардың бірі. Студент кезінде Стэнфордта оқып жүріп ол Ларри Пейджбен танысады. Сөйтіп олар бірігіп интернетте ізделетін беттерді қалай сорттауға болады деп ойлап, амалын табады. Яғни олардың ойынша, ең көп кірілетін парақшалар ең пайдалы деген сөз. Сөйтіп бизнес-жоспар әзірлейді де, екі жас жігіт инвестор табады. Содан достары, жақындарынан қажет ақшаны жинап шығады. 2004 жылы Google компаниясы шағын алгоритмнің негізінде ойлап табылған екен. Оның сол кездегі құны шамамен 20 миллиард доллардан астам сомаға бағаланған. Ал қазіргі таңда Сергей Бриннің жеке байлығы 109 миллиард доллардан асып кеткен. Әрі бұл сома алдағы уақытта осылай өсе бермек. Бір қызығы, Брин тұрмыстық мәселелерде анау айтқандай ерекшеленбеген. Киім киісі де қарапайым. Басында яхта, вилларлар да жоқ. Үш бөлмелі үйінде тұрып, орта санаттағы «Тойотаны» тізгіндейді. Кейде метромен де қатынайды. Миллиардер бір сұхбатында дүкендегі бағаларға қарағыштап, салыстыра беретін әдеті барын айтады. Осы әдеттен қанша құтылғысы келсе де, күресе алмай жүр екен. Оның сүйікті униформасы — футболка. Жалпы нағыз миллиардерлердің дені осындай қарапайым өмір салтына көшкенін байқауға болады. Олар қоғамдық көлік, велосипедпен жүруден қысылмайды. Қымбат мейрамханаларда емес, қарапайым фаст-фуд желілерінен тамақтанады. Бір футболка, джинса шалбар, кроссовка киіп жүре береді.

Сондай-ақ оқыңыз