Тимур Қайратұлы: Автокөлікті жалға беру – өте тиімді кәсіп

Жарияланды
Қазақстан нарығында бұл кәсіпке сұраныс артып келеді

Елімізде автокөлікті жалға алу қызметі қарқынды дамып жатыр. Тұтыну нарығында бұл қызметке деген сұраныс жоғары. Алматы қаласы бойынша 20 көлікті жалға беріп, айына 8-9 млн теңге табыс тауып жүрген кәсіпкер Жакупбеков Тимурдан сұхбат алдық.

Каршеринг деген не?

Каршеринг – автокөлікті жалға алып тұтыну қызметі. Тұрғындар белгілі бір компания көлігін минутқа, сағатқа немесе бір тәулікке жалға алады.

– Неге автокөлікті жалға беру  бизнесін бастадыңыз?

–  Бұл саланы бастапқы уақытта туысқан ағаммен бірге бастадым. Алғашқы кезде, өз көліктерімізді жалға беріп жүрдік. Сосын бұл кәсіппен нақты айналысуды шештік. Бұл бизнестің артықшылығы, біріншіден, ауыр жұмыс емес, екіншіден, табысы көңілімізден шығады.

– Бұл кәсіп жайында толық айтып берсеңіз?

– Біз эконом және премиум санаттағы көліктерді тұтынушыға ұсынамыз. Яғни, жалға береміз. Жалға беру уақыты бірнеше сағат, күн немесе ай болуы мүмкін. Егер сіз көлікті бір күнге, сағат 15.00 де  алған болсаңыз, онда келесі күні осы уақытта өткізуге тиіссіз. Арнайы келісімшарт жасалып, тұтынушыға барлық ереже түсіндіріледі. Құжаттарды рәсімдеп, көліктің кілтін клиентке ұсынамыз.

– Негізгі мамандығыңыз осы автокөлік саласына байланысты ма?

– Жоқ. Өзімнің негізгі мамандығым – ІТ саласы. Бірақ, бұл жұмыстан қомақты қаражат таба алмадым.

– Бұл кәсіпті қанша қаражатпен бастадыңыз?

– Автокөлікті жалға беру кәсібін бастаған кезде 100 мың теңгеге мекемені жалға алдық.  Сонымен қатар, 500 мың теңгені жарнама жасау үшін жұмсадық. Өзіміз айдап жүрген көлікті бастапқа уақытта жалға беріп жүрдік. Бұл кәсіпті 600 мың теңгемен бастадық.

–  Бастапқы кезде неше көлікті жалға беріп тұрдыңыздар?

– Кәсіпті 6-7 көлікпен бастадық. Қазіргі кезде, эконом және премиум санаттағы 20 көлігіміз бар. Жалға беретін әр көліктің бағасы әртүрлі.

Бір тәулікке берілетін көліктердің бағасы қанша теңге көлемінде?

– Бағалары тәулігіне 18 мың мен 120 мың теңге арасында.

–  Бұл бизнестің кемшілігі қандай?

– Бұл жұмыстың кемшілігіне келетін болсақ,  көлікті жалға алған адамдар айыппұл жазырып әкеледі. Сонымен қатар, көлікті ұрлап кетуі мүмкін. Алаяқтарға тап болып жатамыз.

– Көлікті жалға алатын адам, қандай құжаттар тапсыру қажет?

– Біз тек екі құжатты талап етеміз. Төлқұжат пен жүргізуші куәлігі. Осы құжаттар бойынша, келісімшарт әзірлейміз. Бірақ алдын ала, жалға беру қаражатынан бөлек, 40 мың теңгені гарантия ретінде аламыз. Егер жүргізуші жол ережесін бұзып, көлікке қатысты айыппұл жаздырып алса, осы 40 мың теңгенің ішінен аламыз. Ешқандай мәселе туындамай, айыппұл болмаса, қаражатты жеті күн ішінде қайтарып береміз.

– Көлікті бірнеше айға жалға алған клиенттер болды ма?

– Әрине болды. Ең ұзақ уақыт төрт ай көлемінде болды. Осы уақыт аралығында тұтынушы 4 млн 800 мың теңге төледі.

– Көліктерді қандай мақсатта жалға алатынын сұрайсыздар ма?

–  Иә, сұраймыз. Туристер таксиге көп қаражат жұмсағысы келмей, көлікті жалға алады. Сондай-ақ, көлікті той, құдалық, кездесулерге пайдаланады. Жастар болса, қала ішінде серуендеу үшін.

–  Егерде көлікі белгіленген уақытынан кеш алып келсе? Айыппұл төлей ме?

– Көлікті бір сағатқа кешіктіріп алып келсе, ешқандай айыппұл салмаймыз. Өйткені, Алматыда кептеліс жиі болып тұрады. Түсіністікпен қараймыз. Бірақ, одан да ұзақ уақытқа кешігіп жатса, әр сағатына 5000 теңге көлемінде айыппұл саламыз.

– Бұл бизнес өзін қаншалықты ақтайды?

– Бұл кәсіп өзін 100 пайызға ақтайды деп сенімді айта аламын.

– Сұхбатыңызға рақмет.

Сондай-ақ оқыңыз