XXI ғасырдағы этикет түсінігі деген не?

Жарияланды
Заманауи мәдениеттілік жайлы айтамыз

Заманына қарай мәдениет, әдеп түсінігі де ауысып тұрады. Олай дейтініміз, мәселен, XVIII ғасырда қанша градус иілу керегі, әрбір қимылдың астарында мән жататын еді. Қасық пен шанышқының қалай тұрғаны, билеген кезде жанарды тіке салу не төмен қарау — бәрі мәдениетті білдіретін. Ал қазіргі заманның әдебі өзгерген. Әлеуметттік желіде, тойларда, жұмыста сақталуы керек ережелер қалыптасып үлгерді. Қазіргі таңда әдептің шыңы — өзіңізді дұрыс ұстап, отырған жеріңізге қарай сөз алып, соған сай киіне білу. Бүгінгі материалымызда осы туралы талдаймыз.

Сұхбаттасуға барғанда

Біз карьера жасаушыларға арнап бірнеше материал жариялаған едік. Соның ішінде сұхбаттасуға қалай дайындалу, онлайн түрінің ерекшеліктеріне де тоқталғанбыз. Бүгін сұхбаттасу кезінде сақталуы керек қарапайым әдеп жайлы айтқымыз келіп отыр. Түйіндеме, кәсіби жұмыс өтілі сізді жақсы сипаттайды. Дегенмен рекрутерді елең еткізіп, ұнап қалу үшін қолдануға болатын бірнеше тәсіл бар.

  • Сіздің сұхбаттасуға киіп барған киіміңіз сіз туралы өте көп ақпарат береді. Рекрутер соған қарап, қалай болғанда да белгілі бір ой түйеді. Сондықтан бұрындары да айтқанымыздай, киімге бей-жай қарамаңыз. Өйткені сіз кіргіңіз келген орынға үміткерлердің көпшілігінде сіздікіндей білім, тәжірибе, машық болады. Сондықтан артықшылық үстіне бір плюс болсын: әдемі киініп барыңыз. Көздің жауын алып, назардың астына қалдыратын образ емес, жинақы, әдемі, үтіктелген киім болса жеткілікті.
  • Киім таңдаған кезде компания құндылықтары мен дресс-кодына мән беріңіз. Мысалы кретив салаға жұмысқа баратын болсаңыз, онда ашық түсті, ерекше киім киіп барған жарасады. Ал енді иерархия басым жер болса, онда бұл киіміңізге біртүрлі қарайтыны анық. Барлығы костюм-шалбар, кеңсе стилінде киінетін жерге кеды, бейсболка киіп барған қалай болады? Күз мезгілі болса, күртеше емес, пальто киіп барған жақсы. Өйткені ол адам жайлы танымай жатып, жақсы әсер қалдырады.
  • Ыңғайлы аяқ-киім маңызды. Биік өкше әдемі көрінгенімен, егер тым биік болса, аяғыңыз талып, көңіл-күйіңізге әсер етуі мүмкін. Сұхбаттасу деген кабинетке кіріп отыру ғана емес. Кейде рекрутер ұжымды, жұмыс барысын, өзге бөлімдерді көрсетіп, экскурсия жасауы мүмкін. Жоғарыда айтқандай, бәрі классикалық киім киетін жерге сіз кроссовка киіп барсаңыз, онда бүкіл ойыңыз «Топылай кие салу керек еді. Ыңғайсыз болды» дегенде болады. Сол себепті бәрін алдын-ала ойластырыңыз. Қайда бара жатсыз? Ойыңызды басқа жаққа бөліп, жұмыстан назарды ысыратын дүниелердің барынша болмағаны жөн. Әйелдерге 3-5 сантиметрлік биік өкше аяқ-киім дұрысырақ. Сонда артық та кетпейсіз, кроссовка кигендегідей қысылмайсыз. Ескерту: егер заманауи компанияға бара жатсаңыз, тіпті үй тәпішкісін кисеңіз де ешкім ештеңе демеуі, мән бермеуі мүмкін.  
  • Колготка киіңіз. Көпшілігі мұны ескірген сән деуі ғажап емес. Десе де, сұхбаттасуға барғанда колготка киген абзалырақ. Жалаңаш аяқ ерсі көрінеді. Әлдекімнің көзі түссе, өзіңіз қысыласыз. 
  • Компанияның корпоративтік мәдениеті жайлы біліп алыңыз. Мұнда «сен» деп сөйлей ме, әлде «сіз» дей ме? Басшылықпен қалай сөйлеседі? Қол алысып амандаса да, жоқ құшақтасуға бола ма? Әлде жай ғана «сәлеметсіз бе» деумен шектеле ме? Дресс-коды қандай? Осындай факторларды неғұрлым жақсы біліп, алдын-ала дайындалып барсаңыз, соғұрлым өзіңізді сенімді сезініп отырасыз. Бұл жаңа ортаға тез бейімделуге көмектеседі. 
  • Маникюр мен педикюрді де компания мәдениетіне сай таңдаңыз. Ұзын, сап-сары тырнағыңызға қарап сіз туралы онша емес түсінік қалыптасып қалмасын. Аксессуар таңдағанда да мұқият болыңыз.

Тойлар мен түрлі кештерге барғанда

  • Шақыру қағазын дұрыстап оқыңыз. Қазір түрлі стильде өткізу сәнде. Сондықтан ол жерде қалай киініп бару керегі жазылып тұруы әбден мүмкін. Мысалы, тойға немесе банкетке барарда шақыру қағазында тек «келіңіз, көріңіз» деп тұрса, демек ол жерде арнайы бір дресс-код жоқ деген сөз. Ал енді black tie дегендей жазылғанын көрсеңіз, демек сізден соған сай киініп келу сұралғанын білдіреді. Сол секілді қандай да бір кешке барарда оның жыл мезгілі, күн бөлігі сынды факторларға бөлінетінін де ескеріңіз.
  • Есіңізде болсын, белгілі бір дресс-код белгілеу сіздің олпы-солпы киінетіңізді біліп, әдейі ұйымдастырылатын әдіс емес. Ол — бар болғаны қожайындарды еркі. Мысалы «міндетті түрде басымызға қалпақ киіп келуіміз керек» десе, қазір оған сай образ табу қиын емес. Басыңыздың формасына келетін шляпа, соған сай киім алыңыз. Негізі мұндай дресс-коды бар кештерге барған қызық. Сондықтан қашқақтай бермей, қатысып көріңіз. Болмаса, үлгіні елемей, «өз еркім өзімде» деп үнемі ағысқа қарсы жүзе бермеңіз. Барлығы аппақ болып баратын жерге қара көйлек киіп барғаныңыз ұйымдастырушының көңіліне тиюі мүмкін. Сондықтан тіпті аппақ көйлек сатып алуға мүмкіндік болмай тұрса, үйдегі бар киімнен ақшыл түсті образ жасаңыз. «Онда тұрған не бар?» деуіңіз мүмкін. Дегенмен қонақтардың дресс-коды — музыка, залдың әрлеуі сынды маңызды дүние.  
  • Тойға барғанда мынаны ескерген жөн: ол жерде басты кейіпкер — қалыңдық пен күйеужігіт. Әсіресе, қалыңдық ол күні әлемдегі ең әдемі ару болғысы келеді. Сондықтан тойға жарқырап бару керек екен деп қалыңдықты көлеңкеде қалдырып кетпеңіз. Заманауи этикет ішінде осындай бар.
  • Сауық кешінің қай жерде өтетініне мән беріңіз. Мысалы тропикалық жағажайда өтіп жатса, демек бұл жерге ұзын, көмкерілген көйлек келіспейді дегендей.  
  • Неке қию рәсіміне баратын болсаңыз, онда мешітке киетін киім әдебін сақтауыңыз керек. Мейлі, сіз осыдан шығып бірден мейрамханаға кететін болсаңыз да, ашық-шашық баруға болмайды. Басыңызға орамал тартып, кеуде, тобық бәрі жабық болуы керек. Егер мұндайға келіспесеңіз, мешітке кірмей-ақ, бірден тойға барсаңыз болады.

Камера алдында

  • Фотографқа тіке қарап тұрмаңыз. Одан гөрі денеңізді 45 градустай бұрып түссеңіз, суретте әдемірек шығасыз. Бір аяғыңызды сәл алға шығарып, дене салмағын екінші аяғыңызға салыңыз. Қолыңызды денеңізге жабыстырып, әскердегі солдат секілді ұстап тұрмаңыз.   
  • Егер отырып суретке түсетін болсаңыз, аяқты айқастырарда білуіңіз керек ньюанс бар. Көпшілігі айқастырып отырған этикетке қайшы дейді. Егер бәрібір солай отырғыңыз келсе, онда аяғыңыз бір-бірімен параллель жатуы керек. Сөйтіп тобық тұсына келгенде бір-біріне тиіп тұрсын. Бұл визуал қарағанда әдемі, жинақы көрінеді. Осыған ұқсас Duchess slant деген поза бар. Мұнда аяқ айқастырылмай, табан сәл жанға қарай беріледі.
  • Голливуд жұлдыздарының қызыл кілемге шыққанда түсетін позаларын бұрын-соңды сәтті пайдаланып жүрген болмасаңыз, оңды-солды қолды белге қойып түсе бермеңіз. Өйткені іштей өзіңізге керемет түсіп жатқандай болғанымен, іс жүзінде олай болмай шығуы әбден мүмкін.
  • Алдыңғы камераға селфиге түсіп үйренген болсаңыз, фотоколл үшін де солай қараған дұрыс деп ойласаңыз, қателесесіз. Өйткені фронтал камера мен артқы камера екі түрлі. Кейде түріңізді өзіңіз танымай қалуыңыз мүмкін.

Әлеуметтік желілерде

  • Өзіңіз бар суретке «лайк» басуға ешкім «қой» демейді. Бірақ өзіңіз салған суретке өзіңіз лүпіл қоймағаныңыз абзал. Бұл да — әлеуметтік кеңістік. Мұнда да этикет, әдеп ережелері болады. Соның ең басында осы қағида тұрады десек, артық емес.
  • Егер әлеуметтік желідегі салған постыңызға әлдекім пікір қалдырған болса, міндетті түрде жауап беріңіз. Ол туған күн не бір жеңіспен құттықтау болсын, не суретіңізге ілтипат, жазған ойыңызға қатысты пікір — бәрібір. Кем дегенде реакция білдіру функциясын қолданып, тиісті эмодзи қалдырып кетіңіз. Әйтпесе, сізге «өзінше болып кеткен» деп ренжіп қалуы әбден мүмкін.
  • Әрине, суретке түскенде үнемі әдемі болып шыға бермейміз. Кейде достарымыз өзі сүйкімді болып түскесін топтық не сізбен түскенін салып қояды. Егер ондағы суретіңіз өзіңізге ұнамаса немесе киіміңіз ашылып қалып, көзіңіз жұмылып қалып дегендей қолайсыз бейнеде көрініп қалса, суретті өшіріп тастауын сұрауыңызға болады. Онда тұрған ештеңе жоқ. Сол сияқты өзіңіз постқа сурет жүктегенде әлдекім алып тастауды сұраса, адекват қабылдауды үйреніңіз.
  • Достарыңыздың, туыстарыңыздың балаларының профайлын қарап отырсаңыз, тәрбиелеуге асықпаңыз. Біріншіден, ол — сіздің балаңыз емес. Екіншіден, оларға жауапты адам — ата-анасы. Онлайнда да, оффлайнда да біреудің баласына өмір сүруді үйретудің қажеті жоқ. Жаңа заманның этикеті осындай. Жеке шекара мәселесіне абай болыңыз.
  • Жұмыс бойынша жазылған электрон хаттарға эмодзи, соның ішінде сүйіп тұрған, күліп тұрған және т.б қоспаңыз. Өйткені оның орны — жеке хабарламалар, мессенжерлер мен әлеуметтік желілер.

Сондай-ақ оқыңыз