Құсқа арналған құрамында ақуыз мөлшері жоғары жем-шөптің тапшылығы Қазақстанда құс шаруашылығы өнімдерінің қымбаттауына әкелуі мүмкін.
Кәсіпкерлердің айтуынша, бұл жағдай қыркүйектен басталып, теміржол көлігімен күнжара, жом тасымалдауға арналған вагондардың болмауына байланысты тіпті түйткілді проблемаға айналды. Қазіргі кезде құс шаруашылығын азықпен қамтамасыз ету және өсімдік майын ішкі тасымалдау үшін айына 300-ге жуық вагон қажет.
«Кәсіпорындар тарапынан өтінімдер уақытылы берілгеніне қарамастан, «Қазтеміртранс» АҚ жем-шөпті тиеуге жабық вагондарды бермей жатыр. ҚТЖ тарапынан да кесте жоспарланбады немесе вагондардың аз ғана санына рұқсат беріледі. Соның салдарынан кәсіпкерлер жоспарды орындай алмай, айыппұл төлеуге мәжбүр болады», – деп атап өтті Қазақстанның майлы дақылдарды қайта өңдеушілер ұлттық қауымдастығының басқарма төрағасы Ядыкар Ибрагимов онлайн кездесуде.
Кәсіпкерлер жеткізу кестесінің бұзылуы күнжара мен жомның ғана емес, сонымен қатар бөтелкедегі күнбағыс майының да тапшылығын тудыратынын жеткізді. Олардың айтуынша, бұл жағдай көптеген әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасына әсер етуі мүмкін.
«Атамекен» ҰКП мамандары көлік компаниялары тасымалдарда вагондарды бөлу кезінде теңгерімді сақтауға шақырды, себебі бірінші орынға азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі шығуы тиіс.
«Егер дүкен сөрелерінде құс еті, жұмыртқа және күнбағыс майы болмаса, әлеуметтік шиеленіс туады. Осы жағдайға логистика мамамандары кінәлі болғанын қаламаймыз. Сондықтан мәселені шешу үшін осында жиналып отырмыз», – деді Агроөнеркәсіп кешені және тамақ өнеркәсібі департаменті директорының орынбасары Бауыржан Ахметаев.
Орын алған мәселені шешу үшін «Қазтеміртранс» АҚ тасымалдауды қамтамасыз ету департаментінің директоры Нұрлан Есембаев кәсіпкерлерге көлемі 64-66 тонна вагондарға өтінім беруді ұсынды.
«Жомның салмағы ауыр, сондықтан тапсырыстарда 68 тонна көрсетіледі. Осыған байланысты бос тұрған 64-66 тоннналық вагонадарды пайдаланайық. Осылайша мәселе тезірек шешіледі. Алайда вагонның бәрінде бірдей жоғарыдан тиейтін люктері бола бермейді. Мысалы 3 вагонға жемді төгіп тиеуге болса, 4 вагонда қаппен тиеуге тура келеді»,– деді спикер.
Сондай-ақ мәселені тиімді шешу үшін басқа вагон иелерімен пысықтау ұсынылды.
Кездесуге қатысушылар май саласы мәселесін шешу бойынша жедел штаб құруға келісті. Онда нарыққа қатысушылар тасымалдауға қажетті көлемдерді, сондай-ақ жем-шөпті қапшықпен тасымалдау мүмкіндіктерін жіберетін болады.