Мемлекетік аудит ашықтығы қалай қамтамасыз етіліп жатыр?

Жарияланды
«Qlik» платформасының ерекшелігі не?

Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің хабарлауынша, 9 айда 1851 тексеру жүргізіліп, 288 млрд теңгенің заңсыздығы жайлы ақпарат анықталған. Ведомство төрағасы Ержан Мыңжасаровтың айтуынша, комитет тексеру объектілерін тек тәуекелдерді басқару жүйесі арқылы ғана анықтамайды. Сонымен қатар, азаматтар мен заңды тұлғалардың өтініштерін қарау арқылы тексеруді қамтамасыз етеді. Бұл ретте спикер комитет азаматтардың өтініштерін қарастыруда мемлекеттік аудит жүйесіндегі жалғыз мемлекеттік орган болып табылатынын атап өтті.

«Жыл басынан бері әртүрлі салалардан барлығы 30 мыңға дейін өтініш келіп түсті. Оның ішінде 22 мыңнан астамы – мемлекеттік сатып алу рәсіміне байланысты жүгінген заңды тұлғалар. Қалған жеке тұлғалардан келіп түскен 5 мыңнан астам өтінішті қарастырып әрқайсысына жауап берілді, арасында ұжымдық өтініштер де болды. Өтініштердің көбісі әлеуметтік, құрылыс, білім беру, көлік, және медицина саласындағы бюджеттік ақшаны жұмсау мәселелеріне қатысты. Өтініштердің басым бөлігі қанағаттандырылды», деді комитет төрағасы.

Ол мемлекеттік сатып алу жүйесінің тұрақты негізде жетілдіріп жатқанын, атап айтқанда электрондық тауарлар дүкені енгізілгенін хабарлады. Сондай-ақ, камералдық бақылаудың сапасын бақылауды жүргізу тәсілі қайта қаралды.

«Электрондық депозитарий – жұмыс тәжірибесін растайтын барлық құжаттардың электрондық базасы енгізілді. Рәсімдерді оңайлату мақсатында рейтингтік-балдық жүйені қолдана отырып, конкурс түрінде сатып алудың жаңа тәсілі көзделген. Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының Жолдауындағы тапсырмасына сәйкес «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заңның жобасы әзірленуде, онда ең төменгі бағадан сапаның басымдылығы көзделген. Осы жұмысқа қатысудамыз. Мемлекет басшысының мемлекеттік аудит нәтижесіне шағым түсірудің барлық мүмкіндігі қарастырылмайынша, қылмыстық іс қозғауға жол бермейтін механизмді енгізу туралы тапсырмасын орындау мақсатында Комитет пен құқық қорғау органдарының арасында тек тапсырмаларды орындамаған немесе тиісінше орындамаған жағдайда ғана мемлекеттік аудит материалдарын беру жөніндегі өзара іс-қимылы туралы регламент бекітілді. Осы тетікті күшейту мақсатында ішкі аудит жүргізу қағидасына тиісті норма енгізілді», деді Мыңжасаров.

Комитет басшысы бизнес өкілдерінің заңды мүдделері мен конституциялық құқықтары қорғалады деді.

«Жұртшылық тарапынан мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің мониторингіне қатысып, қатаң қоғамдық бақылауды жүзеге асыру – біз үшін өте маңызды. Ол үшін «Электрондық шағым» функционалы арқылы шағымданудың оңайлатылған және тиімді тетігі жасалды және шағымдар тізілімі енгізіліп, оларды қарау нәтижелері де қамтылды. Шағымдар тізілімі ашық және барлығына қол жетімді. Бұл бақылаушы органдар тарапынан ғана емес, жұртшылық тарапынан да бақылауды күшейтті», деді комитет төрағасы.

Оның айтуынша, мемлекеттік аппарат қызметін жетілдіруде цифрландыру шешуші рөл атқарады. Бұл ведомство үшін басым бағыт.

«Негізгі күш-жігер ақпараттық жүйелерді интеграциялау арқылы бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған. Комитет Мемлекет басшысының Жолдауындағы мемлекеттік шығыстардың бақылауын күшейту туралы тапсырмасын орындау үшін онлайн бюджеттік мониторингтің кешенді жобасын іске асыруда. Онлайн режимде бюджеттік мониторинг жүргізу ақпараттық жүйелерді пайдалана отырып, бюджеттік процестің барлық кезеңдерін қадағалаудан тұрады. Бүгінгі таңда мемлекеттік жоспарлаудың ақпараттық жүйесі арқылы жоспарлаудың негізділігіне онлайн мониторинг жүргізу бойынша пилоттық режимде үш министрлікте  жұмыс жүргізіледі және тағы үш министрлікте жүргізу жоспарлануда. Сонымен қатар ішкі мемлекеттік аудит функцияларын цифрландыру жүзеге асырылуда. Бүгінгі күні «электрондық мемлекеттік аудит» модулі мемлекеттік сатып алуды өткізу рәсімдері кезеңінде тиімді пайдаланылуда», деді спикер.

Мыңжасаров сөзіне сүйенсек:

  • 2016 жылға дейін мемлекеттік сатып алуды бақылау объектіге шығу арқылы постфактум негізінде жүзеге асырылып келді.
  • Бүгінде барлық мемлекеттік сатып алу жүйесі электрондық форматқа ауыстырылды. Барлық құжаттар веб-портал арқылы ресімделеді.
  • Шарттарды тіркеу автоматты түрде жүреді. Бұл камералдық бақылауды енгізуге мүмкіндік берді.
  • Камералдық бақылау мемлекеттік сатып алуды жариялау сатысынан бастап, қорытынды шыққанға дейін тәуекелге ие және шағым түскен сатып алуларды іс жүзінде толық қамтуға мүмкіндік берді.

«Камералдық бақылаудың мақсаты – бұзушылықтардың уақытылы жолын кесу және оларға жол бермеу, мемлекеттік аудит объектісіне бұзушылықтарды өз бетінше жою құқығын беру және әкімшілік жүктемені азайту. Осы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша жалпы сомасы 10 трлн теңгеге жуық мемлекеттік сатып алудың 475 мыңнан астам рәсімі камералдық бақылаумен қамтылды. 32 мыңға жуық рәсімде бұзушылықтар анықталды. Жіберілген хабарламаның 30 мыңға жуығы орындалды. Комитет хабарламаларды уақытылы орындамағаны үшін қабылданған шаралармен шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы 83 өкім шығарды. Бүгінгі таңда олардың 69-ы алынып тасталды», деді спикер.

Сондай-ақ оқыңыз