Жаңалықтар

Зейнетақы активтерінің жалпы көлемі 14,1 трлн теңгеден асты

2022 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша

enpf.kz сайтында «Көрсеткіштер – Инвестициялық қызмет» бөлімінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің (ҚРҰБ) және инвестициялық портфельді басқарушылардың (ИПБ) зейнетақы активтерін инвестициялауы туралы ай сайынғы егжей-тегжейлі есебі, сондай-ақ, инвестициялық қызметке шолулар орналастырылған. Бұл туралы БЖЗҚ АҚ баспасөз қызметі хабарлады.

2022 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша инвестициялық басқарудағы зейнетақы активтерінің жалпы көлемі 14,1 трлн теңгеден асты.  Бұл ретте ҚР ҰБ сенімгерлік басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтері 14 095,38 млрд теңге. Ал ИПБ басқаруындағы зейнетақы активтері 9,06 млрд теңге.

ҚРҰБ басқаруындағы зейнетақы активтерінің инвестициялық портфелі

2022 жылдың 1 қазанына ҚР Ұлттық қорын басқару жөніндегі Кеңес мақұлдаған бағыттар шеңберінде БЖЗҚ ЗА портфеліндегі айтарлықтай үлесті (шамамен 46%) қор нарығындағы ең сенімді құралдар ретінде ҚР Қаржы министрлігінің МБҚ алады. Олардың ағымдағы құны 6 477,39 млрд. теңге. 2022 жылдың қыркүйегінде портфельге орташа алғанда жылына 14,36% кірістілікке ие ҚР Қаржы министрлігінің 195,1 млрд теңге көлеміндегі МБҚ сатып алынды.  Жалпы, ҚР Қаржы министрлігінің теңгемен номиналданған МБҚ бойынша өтеуге орташа алынған кірістілігі жылына 11,6% болса, АҚШ долларымен жылына 3,4% құрады.

ҚР Қаржы министрлігінің облигацияларымен қатар БЖЗҚ-ның зейнетақы активтері квазимемлекеттік компаниялардың (1 725,87 млрд теңге – портфельдің 12,24%), екінші деңгейдегі банктердің (ЕДБ облигациялары – 929,12 млрд теңге немесе портфельдің 6,59%; ЕДБ депозиттері – 197,09 млрд теңге, 1,4%), халықаралық қаржы ұйымдарының (382,32 млрд теңге, 2,71%) бағалы қағаздарына және басқа қаржы құралдарына инвестицияланады. 

Сыртқы нарықта БЖЗҚ зейнетақы активтерін инвестициялау индекстік негізде жүзеге асырылады. БЖЗҚ инвестициялық декларациясында белгіленген валюталық портфельді стратегиялық бөлу жаһандық акциялар, дамыған және дамушы нарықтардың облигациялары, инвестициялық деңгейдегі эмитенттердің корпоративтік облигациялары сияқты активтердің негізгі шетелдік сыныптарына инвестициялауды көздейді. 

Зейнетақы активтері есебінен сатып алынған қаржы құралдары номиналданған валюталар бөлінісінде инвестициялық портфель былайша ұсынылған:

ұлттық валютадағы инвестициялар – 70,17%, АҚШ долларында – 29,75%, басқа валютада – зейнетақы активтері портфелінің 0,08%.

Инвестициялық қызмет нәтижесінде, сондай-ақ, шетел валюталары бағамдарының құбылмалылығы және қаржы құралдарының нарықтық құнының өзгеруі салдарынан есептелген инвестициялық табыс мөлшері 2022 жылдың басынан бастап 741,96 млрд.теңге. 2022 жылғы 9 айдағы кірістілік – 5,34%, соңғы 12 айда ҚР Ұлттық Банкі қамтамасыз еткен зейнетақы активтері бойынша кірістілік (2021 жылғы қазаннан 2022 жылғы қыркүйекке дейін) 7,52%  болды. 5 жыл ішіндегі жинақталған инфляция – 53,7%, ал зейнетақы активтерінің жинақталған кірістілігі –  55,8%.

ҚРҰБ басқаруындағы қаржы құралдарының инвестициялық портфелінің эмитенттерінің  егжей-тегжейлі құрылымы және инвестициялық қызметке шолу БЖЗҚ-ның ресми сайтында орналастырылған.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда зейнетақы жинақтарының сақталуына мемлекеттік кепілдік беру моделі жұмыс істейді. «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабына сәйкес, мемлекет алушыларға зейнетақы төлемдеріне құқық алған сәттегі инфляция деңгейін ескере отырып, БЖЗҚ-ға нақты енгізілген жарналар мөлшерінде міндетті зейнетақы жарналары мен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының сақталуына кепілдік береді.

.