Жұма күні АҚШ индекстері шамамен 3%-ға көтерілді

28 қазанда инвесторлар назарына статистика деректері мен компаниялардың қаржы нәтижесі ұсынылды

Жұма күні АҚШ-тың қор нарығы біршама өсті. Бұл күні статистика деректері мен компаниялардың қаржы нәтижесі инвесторлардың назарын баурап алды, деп хабарлайды Market Watch.

Dow Jones өнеркәсіп индексі 2,6% – 32 861,8 пунктке дейін өсті. Intel, Apple және Honeywell International сияқты технологиялық компанияларының акциялары қымбаттады. Тек химия өнімдерін шығаратын Dow корпорациясы бағалы қағаздарының құны төмендеді.

Ауқымды нарық индексі S&P 500 2,5% – 3 901,1 пунктке дейін көтерілді. Он бір сектор ішінен тек екінші қажеттіліктегі тұтыну тауарлары секторы теріс аймаққа өтті.

Технологиялық Nasdaq Composite индексі 2,9%, – 11 102,45 пунктке дейін өсті. Dexcom, Gilead Science және Intel компанияларының акциялары сауданы өсіммен аяқтады. Ретейлер алыбы Amazon, қытайлық JD.Com мен Baidu бағалы қағаздары, керісінше, аутсайдер атанды.

Америка нарығының қатысушылары әлі де АҚШ ұлттық банкінің (Федералдық сақтық қор жүйесі) базалық мөлшерлемесін қараша айынан кейін төмендете бастауын күтіп отыр. Бас банк базалық мөлшерлемені инфляция деңгейі түскеннен кейін ғана азайтуды жоспарлап отыр.

Бірақ инфляция әлі де өсіп жатыр – қыркүйек соңында оның көрсеткіші 0,5%-ға ұлғайды. Жалақы көрсеткіші үшінші тоқсан нәтижесі бойынша ақырын қарқынмен өсті – бұл айлық өсімі ақыр соңында шарықтау шегіне жеткенін көрсетеді. Енбекақының шарықтау шегіне жетуі нарық ішінде жақсы қабылданады. Бұл инфляция төмендеуінің әрі ұлттық банктің мөлшерлемені болашақта азайта бастауының белгісі.

Статистикалық деректермен бірге инвесторлар бұл күні АҚШ компанияларының қаржы нәтижелерін зерттеді. Бейсенбі күнінің түні Amazon, Microsoft, Alphabet пен Meta Platforms сияқты алыптардың қаржы нәтижесі нарық қатысушыларының көңілін түсіріп жіберді.

Дегенмен, Refinitiv ақпаратына сәйкес, S&P 500 құрамына кіретін компаниялардың нәтижелері эксперттердің болжауынан орташа есеппен 3,8%-ға көбірек болып тұр.

28 қазан, жұма күніндегі сауда бойынша ресейлік қор нарығы да өсті: Мәскеу биржасының индексі 0,1%, индекс РТС 0,7% қосып алды.

Қазақстан қор биржасының KASE индексі жұма күні 0,7%, 3138,01 пунктке дейін ұлғайды. Индекстің өкілетті тізіміне енгізілген акциялармен жасалған мәмілелер көлемі алдыңғы сауда күнімен салыстырғанда 12,7%-ға төмендеп, 102,2 млн теңгені ($117,1 мың) құрады.

Лондон қор биржасында (LSE) «Қазатомөнеркәсіптің» акциялары 0,21%-ға, $28,02-ге дейін, Kaspi бағалы қағаздары 1,7%-ға, $64,8-ге дейін қымбаттады. Ал Халық банкінің мемлекеттік депозитарлық қолхаттары (МДҚ) 2,3%-ға төмендеп, $10 құрады.

Google News сайтында бізге жазылыңыз
Қатысты материалдар
Қазір оқуда