Дамушы елдердің валюталары апта ішінде қалай өзгерді

Сыртқы валюта нарығында бірқатар маңызды оқиға болды

Сауда-саттық қорытындысы бойынша, 28 қазанда теңгенің нарықтық бағамы қаралып отырған кезеңде 2,1%-ға (476,89 теңгеден) нығайып, 1 АҚШ доллары үшін 467,00 теңге деңгейінде қалыптасты. Бұл туралы Ұлттық Банк баспасөз қызметі хабарлады.

2022 жылғы 14-28 қазан аралығында сыртқы валюта нарығында бірқатар маңызды оқиға болды. АҚШ-тың ЖІӨ көрсеткіші екі тоқсан бойы төмендегеннен кейін 3-тоқсанда тоқ/тоқ 2,6%-ға өсті. ЕОБ негізгі мөлшерлемені 2%-ға дейін 75 б.т. көтерді. АҚШ ФРЖ агрессивті ақша-кредит саясатының экономикаға әсер ету (қыркүйекте АҚШ-тағы жаңа үйлерді сату 10,9%-ға төмендеді) және мөлшерлемені арттыру қарқынының ықтимал бәсеңдеуін күту белгілері қазынашылық облигациялары мен DXY индексі кірістілігінің біршама төмендеуіне ықпал етті.

Бұл факторлар дамушы нарықтардағы валюталардың әртүрлі бағыттағы динамикасын құрды.

Дамушы елдерде АҚШ долларына қатысты валюталар бағамының динамикасы төмендегідей қалыптасты:

  • Мексика песосы АҚШ қазынашылық облигациялары кірістілігінің төмендеуі, сондай-ақ елдегі жұмыссыздық көрсеткішінің қыркүйекте 3,34%-ға дейін азайғаны туралы деректердің шығуы аясында 1,4%-ға (20,08-ден 19,8-ге дейін) нығайды;
  • Оңтүстік Африка ранды инвесторлардың АҚШ ФРЖ мөлшерлемені көтеру қарқынының бәсеңдеуін күтуі, сондай-ақ Үкіметтің орта мерзімді кезеңге арналған бюджетті ұсынуы: салықтық түсімдердің жақсаруына байланысты 15 жылда алғаш рет Қаржы министрлігінің алдағы жылы бюджет профицитін күтуі аясында 1,3%-ға (18,36-дан 18,13-ке дейін) нығайды;
  • Ресей рублі экспорттаушылардың салықтық аударымдарды жүзеге асыруы аясында 0,9%-ға (62,11-ден 61,52-ге дейін) нығайды;
  • Бразилия реалы 0,6%-ға (5,33-тен 5,3-ке дейін) нығайды. Президентті сайлауға байланысты белгісіздік Бразилия реалына қысым жасауда;
  • үнді рупиясы алдағы аптада Орталық банктің кезектен тыс отырысы туралы хабарландыру аясында 0,1%-ға (82,36-дан 82,48-ге дейін) әлсіреді;
  • түрік лирасы инфляция көрсеткішінің 83% болуына қарамастан, Орталық банктің мөлшерлемені 12%-дан 10,5%-ға дейін кезекті төмендетуі аясында 0,5%-ға (18,49-дан 18,59-ға дейін) әлсіреді;
  • Индонезия рупиясы соңғы қолжетімді күн 25 қазанда борыш нарығынан (-)60,9 млн АҚШ долларын әкетудің жалғасуы аясында 0,8%-ға (15 427-ден 15 554-ке дейін) әлсіреді.
Google News сайтында бізге жазылыңыз
Қатысты материалдар
Қазір оқуда