Еңбек кітапшасының қай түрі ыңғайлы?

Жарияланды
Қағаз және электрон нұсқаларды салыстырамыз

Жұмысқа тұрған кезде қызметкер мен қызмет берушінің арасында келісімшарт жасалады. Сол еңбек келісімшартында жазылған дүниелерге екі тарап келісіп, бірлесіп жұмыс істеуге уағдаласады. Осы ретте еңбек кітапшасы туралы айта кеткенді жөн көріп отырмыз. Шағын, жасыл түсті кітапшаның орнына электрон түрі баса ала ма? Қайсысы тиімді? Артықшылықтары мен кемшіліктері қандай? Бүгінгі материалымызда осы туралы айтамыз.

Қазақстандықтар еңбек шартын электрон түрде қарай алады

Кейінгі кезде диджитал сервистер қолданысының ауқымы кеңейді. Еңбек саласы да бұдан кенде қалып жатқан жоқ. 2021 жылдан бастап барлық еңбек келісімшарттары Электрон еңбек биржасының базасына енгізіле бастады. Мұның тиімді тұсы сол — әр қазақстандық өзінің еңбек келісімшартын қарай алады. Яғни қағаз нұсқасындағыдай жоғалтып алу қаупі жоқ. Артықшылықтары мен қолайсыз тұстарына сәл кейінірек тоқталамыз. Келісімшарттарды электрон үкімет порталына (egov.kz) ЭЦҚ арқылы кіріп, жеке кабинеттегі «Еңбек қызметі» деген жерге кіріп, қарай аласыз.  

Жұмысқа тұрар кезде сізді қалай рәсімдеп жатқанына баса мән беру керек. Әдетте қазақстандықтар мынадай тәсілдер арқылы жұмыс істейді:

  • Еңбек келісімшарты. Мұнда ресми түрде рәсімделеді. Еңбек демалысы төленеді, еңбекке уақытша жарамсыздық парағы толтырылады, қызметкердің барлық құқығы қорғалады;
  • Азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт. Бұл белгілі бір қызмет көрсетілетінін білдіретін шарт болғандықтан, мұнда еңбек демалысы мен еңбекке уақытша жарамсыздығы рәсімделмейді;
  • Ресми рәсімдемейтін келісім. Мұндайда еңбек ақысын еш шартсыз қолма-қол не картаға аударып, ауызша келісім арқылы жұмыс істейді. Сенімсіз шарт екенін ескеріңіз. Яғни алда-жалда ақыңызды бермей қойса, құқығыңыз қорғалмайды. 

          Есіңізде болсын: ресми жұмысқа алынған кезде ғана сіздің құқығыңыз толық қорғалады. Ауырып қалсаңыз да өтемақы ресми жұмыстан ғана төленеді. Сондықтан бірінші кезекте ресми рәсімделу туралы ойланған абзал. Егер ауызша келісім арқылы істеп жүрсеңіз, мұныңыз еңбек өтілі ретінде де шегеленбейді. Өйткені қызмет беруші мен қызметкер арасында бекітілген шарт жоқ. 

Электрон еңбек кітапшасы деген не?

Электрон еңбек кітапшасы дегеніміз —біздің әдеттегі қағаз кітапшамыздың цифрлық баламасы. Қағаз түріндегісінде қандай ақпарат жазылатын болса, мұнда да солай: жұмыс өтілі, болашақ алатын зейнетақысының есебі. Басты айырмашылығы — ақпараттың бәрі қағаз кітапшада емес, мәліметтер базасында сақталады. Сонымен еңбек кітапшасында не жазылады:

  • Қызметкер туралы ақпарат;
  • Жұмыс істейтін қызмет орны;
  • Жұмысқа алынғаны, жұмыстан шыққаны немесе басқа қызметке ауысқаны туралы негіздеме ақпарат;
  • Кәсібі мен квалификациясы туралы толық мәлімет;
  • Сот шешімімен жұмысқа алуға тыйым салынғаны туралы ақпарат.

Бұрын қағаз түріндегі кітапшаны толтырту міндетті еді. Яғни жұмысқа кірерде, одан шығарда міндетті түрде жазба қосылатын. Ал қазір сізде таңдау бар: электрон нұсқасына ауысасыз ба, әлде сол күйі қалдырасыз ба? Әрине, цифрлық нұсқасы бар екен деп кітапшаны лақтырып тастауға болмайды. Өйткені алдыңғы жылдардың жазбасы енгізілмеген болса, сізге ол қағаз түрі арқылы дәлелдеу керек болады. Енді жұмысқа орналасатындарға, бәлкім, қажет бола қоймас.   

Электрон түрінің артықшылықтары

  • Табылуы тез, жоғалмайды. Электрон түрінің ең басты артықшылығы мобайл болғанында десек, артық емес. Еңбек өтіліңіз туралы ақпаратты кез келген уақытта, кез келген жерде интернет арқылы көре аласыз. 
  • Суға салса батпайтын, отқа салса жанбайтын құжат. Иә, қағаз кітапша жаңбырдың астында қалып қойса, былжырап қалады. Ал енді электрон түрінде ондай қауіп жоқ. Сол сияқты мысық тырнап тастайды, балалар жыртып тастайды деп қорықпайсыз.
  • Ішіндегі ақпаратты қадағалап отыруға болады. Мысалы сіз қағаз кітапшаны қарамай жүре беруіңіз мүмкін. Бірақ зейнетке шығар кезде алдыңыздан небір мәселе шығып қалса, өткен жылдардың қателіктерін түзету оңай болмасы анық. Компания жабылып қалып, адам басқа елге көшіп кетуі де ғажап емес. Сөйтіп жазбаны түзетуде қиындық туады. Ал электрон түрде онлайн реттеуге болады. Ол үшін бар болғаны уақытылы ақпараттарды қарап, тексеріп тұру керек. Қате шыға қалса, дереу түзеттіресіз. Электрон еңбек кітапшысы қолданушыға өте қолайлы. Бірақ кадр бөліміндегілер үшін біраз шаруа.   
  • Қайда жүрсеңіз де, бәрібір. Бұл да басты артықшылықтың бірі. Өйткені қызмет беруші мен сіздің бір кабинетте кездесіп, қол қойдыруыңызды талап етпейді. Бар болғаны ЭЦҚ кілт пен интернет болса, поштаға кіре алсаңыз жеткілікті.
  • Зейнетке шығу жеңілдейді. Дижитал форматтың жақсы тұсы сол — мемлекеттік мекемелер ақпаратты еш делдалсыз, демде ала алады.

Кемшіліктері де жоқ емес

  • Ақпарат жылдам енгізіледі. Мысалы жұмыстан шыққалы жатсыз. Қағаз нұсқасына ақпаратты бес жұмыс күнінде енгізетін болса, электрон нұсқасына бір күнде жазады. Айнып қалуыңыз мүмкін болса, кез келген ақпаратты енгізерде он ойланыңыз.
  • Кеткен қатені түзету оңай емес. Электрон түрін жұмыс беруші ғана түзей алады. Бұл дегеніміз, болашақта компания жабылып қалса, ақпаратты енгізуде қиындық туады. Сол себепті қосылған өзгерісті дер кезінде қарап, пысықтауды үйрену керек.
  • Жүйеде шикілік болуы мүмкін. Бұл жаңадан енгізіліп жатқандықтан, әзірге қателіктер болып қалып жатса, таңғалмаңыз. Уақыт өте келе оларды түзете жатар. Ал әзірге сондай шикіліктер шығып қалуы ғажап емес.
  • Ескі кітапша бәрібір керек болады. Электрон түрі енгізілгенге дейінгі ақпараттың бәрі кітапшада қалады. Сондықтан кітапшаны тастауға асықпаңыз.

Кітапша туралы бірер сөз

Екеуін салыстырып жатқандықтан, қағаз кітапша жайлы да атап өтуіміз керек. Алдымен қандай жағымды тұсы барына тоқталайық.

  • Бәріне үйреншікті болып қалған. Жұмысқа енді араласып, диджитал әлеммен біте қайнасып жатқан жастар болмаса, орта жастағылар мен егде жастағылар әлі де кітапшаны жақсы көретін болса керек. Өйткені әбден үйреніп қалған. Сондықтан электрон түріне ауысудан қорқып, «үйренген жау атыспаққа жақсы» деп жүруі мүмкін.
  • Бүкіл ақпарат бар. Айтқандай, электрон түрі шыққанға дейінгі жазбалар кітапшада тұрады. Сондықтан оның есінде әлдеқайда көп дүние бар.
  • Тағы бір қызығы, еңбек кітапшасын жоғалтып алу оңай болғанындай, жаңасын сатып алып салып, өмірді жаңадан бастауға болады. Яғни ішінде еш жазуы жоғын әкеліп, жаңадан толтыртуға болады. Әсіресе, бұрынғы жұмысынан айқаймен шығып кеткендерге қолайлы еді. Электрон түрінің «қауіпті» болатыны — ондағы ақпарат тасқа басқандай мәнгі сақталады.
  • Енді кемшіліктеріне келсек. Еңбек кітапшаларының бүлініп қалуы оңай. Өртеніп, жоғалып, су тиіп жазуы өшіп кету дегендей жағдайлар болып қалуы мүмкін.
  • Электрон түрі ақысыз толтырылады. Ал кітапшаны кемінде сатып алу керек. Кей жерлерде кейінірек толтырғаны үшін ақы сұрауы да мүмкін.
  • Қашықтан істейтіндерге қолайсыз. Бір ақпаратты қарап, тексерейін десеңіз, басқа қалада не елде болғасын көре алмайсыз. Дегенмен егде жастағылардың дені электрон түрінен гөрі осы қағаз нұсқасын құптауы мүмкін.

Қайсысы дұрыс?

Бұл сұраққа нақты бір жауап айту қиын. Жоғарыда әрқайсысының кем-кетігін де, артықшылығын да атап өттік. Сондықтан бұл ретте әркім қалауына қарай таңдағаны жөн. Әлі зейнетке дейін ұзақ уақыт бар болса, заман ағымына сай электрон түріне көшкен жөн болар. Ал енді бірер жылда зейнетке таяп қалсаңыз, онда қағаз түрінде қала берсін. Еңбек жолын енді бастап жатқандар бірден электрон түрін жасатып, соған лайықтала бергені жақсырақ. 

Сондай-ақ оқыңыз