Үкімет білім беруді дамытудың жаңа тұжырымдамасын бекітті

Мектептерге кезең-кезеңмен академиялық автономия беріледі

Бүгін Үкімет отырысында білім беруді дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді, деп хабарлайды primeminister.kz сайты.

Баяндама жасаған Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Тұжырымдамада білім беру сапасын кешенді жақсарту бойынша бірқатар іс-шаралар ұсынылған дейді. Атап айтқанда, мектепке дейінгі тәрбиенің «ойын арқылы оқыту» жаңа моделін енгізу, балабақшалар мен орталықтар ашу, тәрбиешілерді қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру бойынша жұмыс жалғасады.

Жекелеген пәндер бойынша мектеп бағдарламалары жетілдіріледі. Бұл ретте мектептерге кезең-кезеңмен академиялық автономия берілетін болады. Сондай-ақ халықаралық деңгейдегі мектептерде қорытынды бағалау нәтижелерін тану бойынша жұмыстар жүргізу жоспарлануда. Оқу процесін цифрландыру шеңберінде бірқатар жобалар іске асырылады: «цифрлық мұғалім», шағын комплектілі мектептерде жекелеген пәндерді онлайн оқыту және дербес цифрлық оқулықтар (мобильді қосымша).

Бұдан бөлек, білім берудегі қызметтерді цифрландыру, оқушы орындарының жетіспеушілігін жою, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау, жаңа факультативтік пәндерді енгізу және мектептерде қосымша секциялар ашу, техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту және т. б. жұмыстар жалғасады.

Сонымен қатар 2025 жылға қарай жаңа құрылыс стандарттары бойынша жалпы саны 840 мың орынға арналған мектептер салу жоспарланған.

«Тұжырымдаманың барлық жоспарлары, сайып келгенде, балалардың сапалы және жан-жақты дамуын қамтамасыз етуі керек. Сондықтан, балалардың бойындағы білім нәтижесін бағалаудың барлық деңгейде мойындалған әдістемелерін енгізуге ерекше назар аудару қажет», — деді Премьер-Министр.

Google News сайтында бізге жазылыңыз
Қазір оқуда