«Қазақтелеком» АҚ акционерлері 2021 жылға дивиденд төлеуге 39,5 млрд теңге бөлу туралы шешім қабылдаған. Бұл туралы ақпарат Қазақстан қор биржасы сайтында жарияланды.
Компания мәліметі бойынша, бір жай акцияға төленетін дивиденд мөлшері 3 590,39 теңгені құрайды. Бұл былтырмен салыстырғанда екі есе көп.
Қазақтелекомның 2021 жылғы таза табысы 97,4 млрд теңгені құраған. Осылайша, компания дивиденд төлеуге таза табысының 40,5%-ын немесе бас компания иелеріне тиесілі пайданың 43,5%-ын жұмсайды.
2020 жылдың соңында компания 18,53 млрд теңге көлемінде дивиденд төлеген. Бұл таза пайданың 28,4%-ы немесе бас компанияға тиесілі пайданың 30%-ы еді. Бір акцияға шаққандағы дивиденд ол кезде 1 730,88 теңгені құраған.
Жыл басынан бері Қазақстан қор биржасында компанияның қағаздары 2,6%-ға арзандады.
Еске салайық, сәуір айының басында Қазақстан үкіметі «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының 28,8 пайыз акциясы мемлекет меншігіне қайтарылғанын хабарлаған болатын. Жеке компаниялар Skyline Investment Company S.A. мен Alatau Capital Investment сыйға тарту шарты бойынша байланыс операторының 24,95% және 3,85% акцияларын республикалық меншікке берді. Екі компания да белгілі кәсіпкер, байлығыме Forbes тізіміне енген Қайрат Сатыбалдыұлына тиесілі.
13-наурызда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды ұсталғанын хабарлады. Оған лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланды және аса ірі көлемде «Қазақтелеком» АҚ қаражатын жымқырды деген айып тағылған.
Қыркүйек айында Қайрат Сатыбалдыұлы дүние-мүлкі тәркіленіп, алты жылға бас бостандығынан айырылды. Астана қаласы Байқоңыр ауданының №2 соты осындай шешім шығарды. Сот үкімін оқыған Астана қаласы Байқоңыр ауданының №2 сотының судьясы Нұрлан Баяхметов «дүние-мүлкін тәркілеумен алты жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын» деді. Қайрат Сатыбалдыұлы ҚР Қылмыстық кодексі 28-бабының 3-бөлігі, 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы, 195-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылған.