Қазақстанда жаңа көліктердің сатылымы өсті

Ал әлемде бұл көрсеткіштер өткен жылмен салыстырғанда әлі де айтарлықтай төмен

LMC Automotive порталының мәліметінше, биылғы үш тоқсанда әлемде жаңа және жеңіл коммерциялық көліктердің сатылымы 59,5 млн дананы құрады. Бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2% аз. Нарықтың бірте-бірте қалпына келуі көбіне жетекші ел Қытайдағы жағдайдың жақсаруына байланысты болды, онда сатылымдар 8,2% өсіп, 19,4 млн көлікті құрады. Сонымен қатар, көптеген басқа елдердегі жағдай әлі де пессимистік. Мысалы, Оңтүстік Кореяда өткен жылдың үш тоқсанымен салыстырғанда сату көлемі 6%, Жапонияда — 10,1%, Батыс Еуропада — 11, 7% төмендеді. Ал АҚШ-та — бірден 12,9%, Шығыс Еуропада (Түркияны қосқанда) жаңа жеңіл автокөліктер мен жеңіл коммерциялық көліктердің сатылымы 30,5% төмендеді.

Көршілес Ресейдегі автокөлік дилерлері үшін жағдай әлі де өте өкінішті. 2022 жылдың қаңтар–қыркүйек айларында сатылым бар болғаны 506,7 мың жаңа автокөлік пен жеңіл коммерциялық көлікті құрады. Көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бірден 59,8% аз.

Ал Қазақстанда жағдай жаман емес. Былтырмен салыстырғанда сатылымдар біршама өсті: 0,4%. 2022 жылдың қаңтар–қыркүйегінде 87 мың автокөлік сатылды. Бір қызығы, жалпы әлем бойынша қазіргі уақытта 2021 жылмен салыстырғанда 2022 жылғы сатылымның орташа болжамды өсімі 0,4%-ды құрайды.

Қыркүйек айында Қазақстанда 12 мыңға жуық жаңа және жеңіл коммерциялық көлік сатылды, бұл 2021 жылдың қыркүйегімен салыстырғанда 19,3% артық. Қазақстандықтар арасында ең танымал модельдер Chevrolet Cobalt және Nexia болды (тиісінше 2,5 мың және 1,1 мың дана), Hyundai Tucson үздік үштікті (1,1 мың дана) жапты.

Жалпы, Қазақстанда қыркүйекте ең көп сатылған көліктердің ондығына төрт Hyundai (Tucson, Santa Fe, Sonata және Elantra), екі Chevrolet (Cobalt және Nexia), екі Kia (Ceed және Sportage) және Toyota (Land Cruiser Prado) мен Chery (Tigo 7 Pro) брендінен бір-бір модель кірді.

Google News сайтында бізге жазылыңыз
Қатысты материалдар
Қазір оқуда