Қазақстан жолдары қысқа дайын ба?

Жарияланды
Штаттан тыс жағдай туындаса 1403 колл-орталығына жүгінуге болады

Территориямыздың тым үлкендігі көп жағдайда біздің пайдамызға жұмыс істей бермейді. Геосаяси қауіптен бөлек, экономикалық тұрғыда да шаш етектен шығын келтіреді. Өңірлер арасындағы жол мәселесіне келгенде тіпті қатты қиналамыз. Біздегі жемсауы құрғамайтын шенеуніктер жол шығыны деп жыл сайын жалған жөндеу жұмыстарын жүргізіп, мұны сарқылмайтын бизнес көзіне айналдырып алған.

Қылышын сүйретіп қыс жеткенде аймақтар арасында қатынас жасау тіпті қиынға соғады. Осыған байланысты елімізде республикалық маңызы бар күре жолдарда қысқы күтіп-ұстау жұмыстары басталды. Қазір жол қызметтері тәулік бойы жұмыс істеп тұр. Республикалық маңызы бар автожолдардың ұлттық операторы қыс мезгілінде күре жолдарды қардан тазалап, күтіп-ұстау жұмыстары үшін қажет арнайы техниканы, 400 өндірістік база мен қойманы, 125 жылыту пунктін дайындаған екен.

«ҚазАвтоЖол» компаниясының мәліметі бойынша, көктайғаққа қарсы материалдарды дайындау жұмыстары жалғасуда, атап айтқанда —120 мың текше метр құм, 23 мың тонна тұз, 1200 тонна химреагент қоспалары дайындалуда. Сонымен қатар қалың қар басу қаупі жоғары учаскелер анықталды. Олардың жалпы ұзындығы – 3 мың шақырым. Қысқы күтіп-ұстау жұмыстары аясында бұл учаскелер ерекше бақылауда.

Компания мамандарының айтуынша, бұл ретте азаматтар тарапынан да біраз көмек қажет. Нақтырақ айтқанда:

  • Республикалық маңызы бар жолдарды қолданушылар қыс мезгілінде алыс сапарға аттанарда көлікті әбден дайындауы қажет;
  • Күн райының бұзылуы мен ауа температурасының төмендеуіне байланысты жазғы автомобиль шиналарын қысқы шиналарға ауыстыру маңызды;
  • Алыс сапарға аттанар алдында көліктің техникалық жай-күйін және жанармай мөлшерін тексеру керек;
  • Ауа-райы күрт нашарлағанда жол қозғалысы ережелерін қатаң түрде сақтаған абзал;
  • Көлікте қалың киім мен медициналық алғашқы көмек қорапшасы болуы керек;
  • Ауа-райы болжамын жіті қадағалап, дауылды ескерту туралы хабарламаларды тыңдау қажет;
  • Штаттан тыс жағдай туындаса республикалық автожолдарды пайдаланушылар тәулік бойы жұмыс істейтін 1403 колл-орталығына жүгіне алады.

Жалпы, биылдыққа жолға қатысты біраз жұмыс атқарылды. Республикалық маңызы бар жолдарға 3 млн тоннадан астам асфальтбетон жабыны төселіп, сонымен қатар 18 көпір, 6 мал өткелі, 325 су өткізгіш құбыр салыныпты. Бірақ «Қарағанды-Балқаш-Алматы», «Меркі-Бұрылбайтал», «Талдықорған-Қалбатау-Өскемен», «Қалбатау-Майқапшағай», «Атырау-Астрахань», «Ақтөбе-Қандыағаш», «Өнеге-Бисен-Сайхин» және басқа да күре жолдарда құрылыс-монтаждау жұмыстары жалғасып жатыр.

«Бүгінгі таңда 200-ге жуық учаске құрылыс жұмыстарымен қамтылып отыр. Жалпы, республикалық маңызы бар 7 мың шақырымға жуық жол құрылыс жұмыстарымен қамтылды. Оның ішінде 4 мың шақырым күре жолда қайта жаңарту жұмыстары жүргізілсе, қалған 3 мың шақырым тас жолда орташа және күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Жол құрылысына 7 мыңнан астам маман мен 5 мыңға жуық арнайы техника жұмылдырылған», делінген компания мәлімдемесінде.

Осы уақытқа дейін республикалық маңызы бар күре жолдың 100 шақырымына жаңа асфальт жамылғысы төселіпті. Жол-құрылыс маусымы аясында «Қарағанды-Балқаш» тас жолының 100 шақырымына жаңа асфальт жамылғысы төселді. Құрылыс-монтаж жұмыстары биылғы шілде айынан бастап қарқын ала бастады. Биыл құрылысқа жұмылдырылған мамандар мен арнайы техника саны бірнеше есе артты. Қазір нысанда 560 бірлік арнайы техника мен 1 мыңға жуық жол жұмысшысы жұмыс істейді.

Жыл соңына дейін барлық айналма жолдарды жабу жоспарланып отыр. Бұл тұрғыда үлкен жұмыс атқарылды. Биыл айналма жолдардың саны 94% – ға қысқарды. Егер бұрын айналма жолдардың жалпы ұзындығы 148 шақырым болса, қазір 9 шақырым ғана қалды. Естеріңізге сала кетейік, бұл күре жолдың жалпы ұзындығы 363 шақырым. Тас жол 8 учаскеден тұрады. Құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасуда.

Сонымен қатар, биыл орташа жөндеу жұмыстары аясында екі республикалық маңызы бар жол бойынша шамамен 70 шақырым пайдалануға берілмек. Атап айтқанда, «Астана – Қабанбай батыр – Нұра – Теміртау» автожолының 59 шақырымы (Нұра кентінен Ақмешіт ауылына дейінгі учаске, 101-128, 128-160 шқ) және «Қарағанды – Аягөз – Бұғаз – Тарбағатай» автожолының 10 шақырымы (197-207 шқ аралығы, Қарқаралы – Матақ учаскесі).

Республикалық маңызы бар жолдарды салу барысында жер төсемесін нығайту үшін тың технологиялар қолданылмақ.

Бүгінгі таңда компания тың геотехникалық технологияларды қолдана отырып жер төсемесінің негізін нығайтуда бірқатар кешенді тәсілді ұсынуда. Мәселен, атап айтқанда, топырақты (грунт) құрғақ немесе дымқыл әдіспен араластыру, геодрендер және динамикалық тығыздау, топырақты Jet grouting технологиясымен цементтеу және т. б. Жоғарыда аталған әдістерді автожол саласына енгізу күре жолдарды қолдану мерзімін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік бермек. Мысалы, Алматы облысындағы автожол жобаларының бірінде компания ұсынып отырған тәсілдердің бірі қолданылды. Қазіргі уақытта мониторинг процесі жалғасып жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз