Битум тапшылығы қалай жойылады?

Президент айтқан сыннан қорытынды шыға ма?

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәлімдеуінше, Қазақстан қайтадан битум тапшылығына ұшырауы ықтимал. Битумның жоқтығынан жол жөндеу жұмыстары да тоқтап, тоқырап тұр. Осыған орай министрлік арнайы жиын да өткізген. Жиында еліміздегі битум тапшылығы мәселесі егжей-тегжейлі қарастырылып, жол құрылысына қажетті материалды дер кезінде сатып алу және сақтау сияқты сұрақтар көтерілді. Жиын барысында әкімдіктер мен «ҚазАвтоЖол» ҰК өкілдері алдағы уақытта битум тапшылығы мен жол-құрылысы жұмыстарының тоқтауы тағы да қайталануы мүмкін екендігін жеткізді.

Бұған басты себеп – мердігерлердің битумды сақтайтын жері жоқ болғандықтан, алдын ала сатып ала алмайды. Сондықтан олар дайын асфальт сатып алуға мәжбүр.

«Жол құрылысы саласындағы мердігерлер мезгілдің жылы кезінде битумды жаппай сатып алады. Ал қалған кезеңде битум өндірушілер өнімге деген төмен сұраныстың әсерінен шығынға тап болады. Алайда, олар мұны өнім сұранысқа ие маусымда оның бағасын өсіріп өтейді. «ҚазАвтоЖол» компаниясы мен әкімдіктер Энергетика министрлігімен бірлесіп ай сайын битумды бөлу бойынша бөлуді жүзеге асырады. Бірақ оған негізгі сұраныс жазда келеді», деп атап өтті жиын қатысушылары.

Басқосу барысында мәселені оңтайлы шешу жолын Қазақстан жолшылар қауымдастығының президенті ұсынды.

«Шұңқырлар – битумды сақтайтын ең қолжетімді орын. Бірақ бұл шұңқырларда битум қатып қалады, оны үнемі жылытып отыру қажет. Ал бұдан оның сапасы төмендейді. Демек жолдардың сапасына да тікелей әсер етеді. Шикізатты ангар қоймаларында сақтауға да болады. Өйткені, әрбір мердігердің осындай қоймасы бар. Содан кейін қыста да, жазда да битум сатып алуға болады», деді Бағлан Баймағамбетов.

Өз кезегінде Энергетика министрлігі мұнайды тасымалдау және өңдеу департаменті директорының орынбасары Самат Мергенов ведомстволық биржаларда сатылатын битумның үлесін арттыруды ұсынды. Оның айтуынша, бұл тараптағы көрсеткіш 2021 жылдан бері өзгерген жоқ.

Есте болса, бұған дейін битум тапшылығы мәселесін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та көтеріп, ірі көлемде мұнай өндіретін ел үшін бұл ұят жағдай екендігін айтқан болатын. Осыған орай Президент Үкіметке бұл мәселені тікелей бақылауға алуды тапсырған еді.

Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың сөзінше, отандық битум зауыттарының қуаттылығы және Ресейден импортты жүзеге асыру елде тапшылықты болдырмайды.

«Жүргізілген жұмыс нәтижесі бойынша Ресейден гудрон импортына квота 280-нен 430 мың тоннаға дейін ұлғайтылды. Сондай-ақ Ақтаудағы битум зауытындағы битум өндірісі отандық өндірісті 300 мың тоннаға дейін көбейтуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде жыл сайынғы жиынтық қуаттылық 1,2-1,3 миллион тоннаны құрайды. Мұндай көлеммен жол құрылыстары үшін ішкі қажеттілікті жабуға болады», дейді министр.

Оның айтуынша, тапшылық жол-құрылыс компанияларының битумды біркелкі іріктемеуінен туындайды, атап айтқанда, қыс-көктем кезеңінде битум өндірісіне өтінімдер іс жүзінде түспейді. Биыл 8 айда елімізде 726 мың тонна битум өндіру жоспарланған, алайда шын мәнінде 600 мың тонна ғана битум шыққан. Министрдің айтуынша, жоспардың орындалмай қалуына жол құрылысы компанияларынан сұраныстың түспеуі себеп.

Бұл ретте Энергетика министрлігі битумды тұтыну көлеміне қарай өңірлерді үш аймаққа бөледі. Ең аз тұтыну көлемі – батыста – жылына 500 мың тонна өндіріс жағдайында батыс 191 мың тонна битумді қажет етеді. Солтүстік-шығыс өлкелерде битум тұтыну көлемі – 308 мың тонна. Аса қатты тапшылық оңтүстікте байқалады – жылына 374 мың тонна өндіріс жағдайында 602 мың тонна битумды қажет қылады. Сонда бәрін қоса есептегенде жыл сайынғы битум тапшылығы миллион тоннаға жетіп қалады.

Бұл ретте Энергетика министрі Болат Ақшолақов автожол компанияларына Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінен бірыңғай сатып алушы арқылы қыс-көктем мезгілінде битумның қосымша көлемін сатып алу шығындарын жоспарлауға кеңес береді.

Қазақстанда жиынтық битум өндірісін жылына 1,2 млн тоннаға дейін жеткізу жұмыс істеп тұрған зауыттардағы жүктемені арттыру есебінен жүзеге асуы мүмкін: Атап айтқанда, Қаражанбас мұнайын қайта өңдеу арқасында CaspiBitum өндірісті жылына 500 мың тоннаға дейін (бұрынғыдан 94 мың тонна артық) көбейтсе, ресейлік гудронды импорттау есебінен «Qazaq Bitum» мен «Ontustik Битум» және «Экобитум» бірлесе отырып өндірісті жылына 374 мың тоннаға дейін (бұрынғысынан 200 мың тонна артық) ұлғайтады.

Өндірістің артатынын осыған дейін «ҚазМұнайГаз» басшысы Мағзұм Мырзағалиев те айтты. Дәл қазір елімізде битум өндірумен 3 зауыт айналысып, олар ішкі нарыққа жыл сайын 850 мың тонна битум жөнелтіп тұр.

«Caspi Bitum » зауытының қуатын 1,5 есе арттыруға мүмкіндік бар. Біз осылайша өндіріс көлемін 500-ден 750 мың тоннаға көбейте аламыз. Оның техникалық-экономикалық негіздемесі де әзір тұр. Мамандар жобалауға кірісті. Біз осы арқылы ішкі нарықты толық қамтимыз», дейді Мағзұм Мырзағалиев. 

Google News сайтында бізге жазылыңыз
Қатысты материалдар
Қазір оқуда