Тәңірберген Бүркітұлы: Үш рет тақырға отырып, тек төртінші талпыныста кәсіп аштым

Авто тауарды сату күніне 500 мың теңге таза табыс әкеледі

Автокөлік аксессуары (автоаксессуар) – автокөлікке арналған қосымша, көмекші бұйым немесе құрылғы. Оның ішіне рульге арналған чехол, автокөлік орындығына арналған ілгіш, орындық чехолы, ауа ионизаторы, панорамалық линзалар, бампер, автокөлік тоңазытқышы, балалар автокреслосы және т.б. заттар жатады.

Бүгінгі сұхбатымыздың кейіпкері Тәңірберген Бүркітұлы өзінің төртінші бизнесі автокөлік тауарларын сатумен айналысып жүр. Тәңірберген мырза автокөлікке арналған жапқыштарды сатып қоймай, өзінің арнайы цехінде тігеді.

– Неге автокөлікке байланысты кәсіпті бастадыңыз?

– Негізі бұл кәсіпке келмей тұрып үш бизнесте жолым болмай, банкрот болдым. Бұл менің төртінші рет бастаған кәсібім. Өзім автокөлікке жақын болғандықтан осы кәсіпті таңдадым. Мен өз цехімде тігілген жапқыштарды( чехол) өз дүкенімде сатамын. Дүкенде автокөлікке арналған барлық жабдықтар бар.

– Бұл кәсіппен қанша уақыттан бері айналысып жүрсіз?

– Бұл кәсіпке 2014 жылы келдім. Бастапқы уақытта автокөлік тауарларын  жәй сатып жүрдім. Кейін бұл салада табыс көзі жақсы екендігін түсініп, кішігірім дүкен аштым. Серіктестер тауып, цех ашып, тауарларды өзіміз тіге бастадық.

– Цехте тек көлікке арналған жапқыш тігесіздер ма?

– Жоқ. Тек жапқыш тікпейміз. Цехте автокөліктің панеліне арналған жапқыш, поликтар тігеміз.

– Шикізатты қай жерден аласыздар? Нақты мультикам апараты мен тігін машинасын қай елден тапсырыс беріп аласыздар?

– Шикізатты Қытай және Ресей мемлекетінен аламыз. Ал мультикам апараты мен тігін машинаны Қытайдан тапсырыс беріп аламыз.

– Мекемені жалға аласыздар ма? Иә, болса айына қанша қаражатқа жалға аласыздар?

–  Иә, мекемені жалға аламыз. Айына 300 мың теңге төлейміз.

– Бұл кәсіптің кемшіліктері қандай?

– Бұл бизнес өзіме ұнағандықтан кемшілігі жоқ сияқты. Бұл саланы бастағалы 5 жылдан асты, сұраныс деген өте жақсы.

– Бұл салада бәсеке бар ма?

– Әрине бар. Нарық болған соң, бәсекелістік әрқашан жоғары болады. Ең бастысы тұтынушыға сапалы тауарды ұсыну. Өз ісіңді жақсы көру керек.

– Күніне, айына қанша қаражат табасыздар?

Бір күндік табысымыз 400-500 мың теңге көлемінде.  Кәсіптен түсетін таза айлық табысымыз 20 млн теңге. Мекемені жалдау, жарнама, жұмысшылардың жалақысын алғанда, өзіме таза 2-3 млн теңге таза пайда түседі.

–Дүкендеріңізде қандай тауарларды ұсынасыздар?

– Автокөлікке байланысты барлық тауар бар.  Бір күнде 30-40 тапсырыс қабылдаймыз.

– Қанша адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырсыз?

– Қазіргі уақытта қарамағымда 9 адам қызмет атқарады. Оның ішінде тігінші, СММ маманы, мультикам аппаратының операторы және менеджер жұмыс істеп жүр.

– Кез келген адам кәсіпкер бола ала ма?

– Жоқ. Кез келген адам кәсіпкер бола алмайды. Кесіпкер болудың өз артықшылығы мен кемшілігі бар. Әр адамның өз ерекшеліктері болады. Кейбір адамдарға үлкен компанияларда жұмыс істеген дұрыс, ал кейбір жандар жеке кәсіпкер болған жарасады. Ең бастысы табаңдылық қажет. Бастаған істі аяғына дейін жеткізу қажет.

– Қандай жағдайда кәсіптен бас тартқан дұрыс?

– Ең бастысы, бастайтын кәсіпке сұраныс бар ма, жоқ па соны білу қажет. Егер нарықта нақты сұраныс болмаса, бұл саланы бастаудың қажеті жоқ.

– Кәсіпкерге қажетті басты қасиеттер қандай болуы керек?

– Бастысы қайтпайтын табандылық. Саған сенген адамдар алдында жауапкершілікті ақтау. Өзін әрқашан дамыту. Жақсы орта табу. Өзін дұрыс басқару. Сондай ақ, тәртіп (дисциплина).

– Бұл кәсіп өзін ақтайды ма?

– Бұл сала өзін 100 пайыз ақтайды деп сенімді айта аламын.

Сұхбатыңызға рақмет.

Google News сайтында бізге жазылыңыз
Қазір оқуда