Ақшаны алтынмен сақтау қаншалықты тиімді?

Ұзақ мерзімді инвестор болғысы келетіндерге таптырмас әдіс

Ақша қорын жинаудың түрлі әдісі бар. Соның бірі — алтынмен сақтау. Қымбат метал түрінде жинаудың қандай артықшылықтары мен кемшіліктері бар? Қазіргі таңда қаражатты алтынмен сақтау қаншалықты тиімді? Бұдан пайда көруге бола ма? Бүгінгі материалымызды осы туралы толығырақ тарқатамыз.

Алтынмен инвестиция жасау әдістері

  • Құйма сатып алу;
  • Алтын тиындар сатып алу;
  • Алтын әшекейлер сатып алу;
  • Жеке адам атынан арнайы металл шот ашу;
  • Алтын ПИФ пен ETF-терге инвестиция жасау;
  • Алтын өндіретін компаниялардыңқұнды қағаздарын сатып алу;
  • Алтынға фьючерстермен инвестиция жасау.

Алтын құймалар сатып алу

Алтын құймаларды банктен, биржадан немесе арнаулы фирмалардан сатып алуға болады. Ең кем дегенде 1 грамм алуға болады. Ал сатып алу мен сату арасындағы айырма шамамен 5-10 пайыз болып қалады. Сатып алу процедурасының ішіне құйманы өлшеу және сертификатты рәсімдеу кіреді. Алтын құймалардың басты ерекшілігі — сирек кездесетін қымбат металдың қолмен ұсталатыны, сақталатыны. Ұзақ мерзімге инвестиция жасағысы келгендерге осы әдіс дұрыс. Бастысы, оларды сақтайтын сенімді жер болса болғаны. 

Тиындар сатып алу

Алтын тиындарды банктен, аукционда, арнаулы фирмалардан немесе нумизматикалық дүкеннен сатып ала аласыз. Тиынның екі түрі болады: инвестициялық және коллекциялық. Біріншісінің құны металлмен шамалас болып қалады. Ал көркемдік құны жоғары саналатын екіншісі қымбаттау. Тиын да құйма секілді физикалық объект. Ұзақмерзімді инвестиция ретінде өте жақсы. Бірақ ескеретін бір жайт: егер бетіне қандай да болмашы сызат түссе де, оның құны төмендейді. Сақтау үшін арнайы жер керек дейтіні сондықтан.  

Алтын әшекей бұйымдар сатып алу

 Алтын бұйымдарды кез келген зергерлік дүкеннен алуға болады. Ақшаны әшекейге салу әдісін сенімді деп айту қиын. Бірақ сенімсіз деуге де бола қоймас. Олай дейтін себебіміз, бұйымның құнына бірнеше фактор әсер етеді. Дегенмен басқа тәсілдерге қарағанда сатып алу да, тасымалдау да оңай. Әйтсе де, жеке адамдардан алатын болсаңыз, сапасы төмен не тіпті өтірік алтын сатып жіберуі мүмкін. Сол жағын да ойлау керек. Әдетте әшекейлерді жасағанда басқа металлдарды ерітіп, солармен қоспа қылып істейді. Яғни таза алтын болмайды. Десе де, бағасына зергердің қол еңбегі қосылады, сауда кезінде көтеріп сатылады. Ал енді тарихи не көркемдік экземплярлар өте қымбат болады. 

Арнайы металл шот ашу

Бұл шот банктен ашылады. Капиталыңыз металл эквивалентте сақталады. Клиент шотты толықтырып, металл алады. Бірақ физикалық түрде алтын құйма болмайды. Мұның жақсы тұсы — қайда сақтаймын деп әуре болмайсыз. Операциялар жасалғаны үшін ҚҚС төлемейсіз. Жеке адамның атынан ашылатын металл шоттың екі түрі бар:

  • Мерзімсіз немесе қазіргі. Алтын құнының өсуіне байланысты болғандықтан, табыс әкелуі шектеулі. Кез келген уақытта қолма-қол ақшаға айналдырып алуға болады. Бірақ шотты жабатын кезде ҚҚС төлеуіңіз керек.
  • Мерзімді немесе депозиттік. Табыс екі түрлі әдіс арқылы түседі: алтын курсының өсуіне байланысты және пайыздың артуына байланысты. Толықтыруға немесе мерзімінен бұрын шешіп алуға болмайды. Өйткені шешіп алсаңыз, төлем берілмейді. 

ETF

Бұл дегеніміз — биржалық инвестициялық қор. Оның акциялары биржада саудаланады. Қор әдетте бірнеше құралға инвестицияланады. Олардың бәрі белгілі бір принцип бойынша біріктіріледі. Айталық, елдер немесе экономика секторларына байланысты. «Алтын» ETF алтынға құйма сатып алмай-ақ инвестиция жасауға мүмкіндік береді. Ал бағасы болса, портфельдегі активтерге тікелей байланған. 

ПИФ-тер

 ПИФ — жарналық инвестиция қоры. Мұнда портфельде бірнеше актив болады. Алтын ПИФ-тердің құрамында көбіне биржа қорында сатылатын ETF-тер болады. Бұл қорлар акцияларының құны қымбат металл бағасының өзгеруіне байланысты. Инвестициялық жарна яки ПИФ иесі болу үшін сол пайды яғни жарнаны сатып алу жеткілікті. Ол дегеніміз — қордағы үлеске құқылы екеніңізді растайтын жеке құнды қағаз. Жарна құнының өзгергеніне қарай табыс та өзгеріп тұрады.  

Алтын өндіретін компаниялардың акцияларын сатып алу

Қымбат металға инвестиция жасаудың жанама әдісі десек болады. Дегенмен алтын өндіретін компаниялардың акциясы өсуі әлемде алтын бағасының өсуіне тікелей байланысты бола бермейді. Мысалы компания қандай да бір себеппен шығынға батып жатса, акцияларының құны төмендеуі мүмкін. Сол себепті компания таңдаған кезде металл өндірудің өзіндік құнына баса мән беріңіз. Өзіндік құны неғұрлым төмен болған сайын, өндірістен түсетін табыс соғұрлым жоғары. Сәйкесінше, керісінше де болады. Одан бөлек, компанияның қаншалықты табысты екенін де бағамдау қажет. Себебі бұл көрсеткіш акция құнына тікелей әсер етеді. Өзінің алтын қоры жоқ және өндіріс жоспарын сақтамайтын, жиі бұзатын компаниялардың акциясына жоламаған жөн.

Фьючерстер

 Алтынға фьючерстер дегеніміз — сатып алушы мен сатушының арасында болатын, алдын-ала белгілі бір баға мен көлемге келісілген келісімшарт. Яғни болашақта есеп айырысатын кезде қандай шартта болатыны бекітілетін, қымбат металл сатып алуға жасалған келісімді айтамыз. Алтынның әлемдік нарықтағы динамикаы мен фьючерстер курсы шамалас. Ал табысы мен шығыны келісімшартты сату мен сатып алу құнының айырмашылығына байланысты. Сату үшін брокерлік шот қажет. Жедел келісімшарттар — қомақты табыс әкелетін және өте өтімді құрал. Сауда жасау арқылы стратегиялар мен спекуляцияларға жол ашылады. Алтын құйма мен тиындар сатқанда мұндай нұсқа қарастырылмайды. Десе де, соған сәйкес бұл тәуекелі жоғары құрал екенін есте ұстаңыз. Сәтті сауда жасау үшін білім мен мол тәжірибе қажет болады. Ұзақ мерзімді инвестицияларға арналмаған әдіс. 

Алтынмен инвестиция жасаудың қандай кемшіліктері бар?

Инвесторлар қымбат металлмен инвестиция жасаған кезде мынадай бес түрлі кедергіге тап болуы мүмкін:

  • Сақтау оңай емес. Бұған дейін айтқанымыздай, құйма мен тиындарды сақтайтын жерге айрықша мән беру керек. Өйткені олардың құны сататын кездегі түрінің қандай болатынына байланысты. Сызат түскен болса, бағасы арзандайды. Сол себепті сол күйі сақталатындай жағдай жасау қажет. Қымбат металды банктегі ұяшықта сақтаған қолайлы. Бірақ ол үшін ақы төлеп отырасыз. Болмаса, үйдегі сейфке салып, орап қоюға да болады. Бастысы, үйіңізде құйма алтын тұрғанын біреу-міреу біліп қалмасын. Әйтпесе, ұры түсуі ғажап емес.
  • Айырмасы көп. Құймалар, тиындар, металл шоттардың сату және сатып алу кезіндегі бағасында айырмашылық көп болады.
  • Сақтандыру жоқ. Салымдарыңыз сақтандырылмады деген сөз ақшаңыздың айырылып қалу қаупі жоғары екенін білдіреді. Егер банк жабылып қалса, ақшасыз қалуыңыз мүмкін.
  • Табыс табу үшін ұзақ күтуіңіз керек. Алтынмен инвестиция жасаған соң, оның жағымды әсерін он жылдан астам уақыт күтесіз. Сондықтан аз уақытта біраз пайда тапқысы келгендерге бұл әдіс қолайсыз.
  • Алтынның физикалық эквивалентіне пайыз төленбейді. Табыс табу үшін міндетті түрде сату керек. Яғни оны жылдап сақтағаннан иесіне ешқандай ақша түсіп тұрмайды. Банктегі депозитте ақшаңызды салғаныңыз үшін пайыз түсіп тұратын болса, мұнда олай емес.

Алтынды қалай сатып алған дұрыс?

Бірінші шарт — алтын алғалы тұрған ақшаңыз сізге алдағы 5-10 жылдықта керек болмауы керек. Яғни анық артылып тұрған қаражатқа ғана алған дұрыс. Өйткені алғаннан соң шамалы уақыттан кейін сататын болсаңыз, инвестицяиның шамалы бөлігін жоғалтып алуыңыз ғажап емес. Осы ретте эксперттердің мына кеңесін айта кетейік: диверсификация принциптерңн ұстанып, алтынға портфеліңіздің 10-20 пайызын ғана салған жөн. Одан артық қажет емес. 

Қашан алған жөн?

Алтынды ең қорғалған актив деп те атайды. Өйткені инвесторлардың алтынға қызығушылығы қашан да жоғары. Әсіресе, экономикалық кризис пен ұлттық валюта құнсызданып жатқан кезде сұраныс артады. Қымбат металл курсының өсуіне әсер ететін мынадай үш нәрсе бар: гиперинфляция болған кезде, елдегі экономикалық ахуал тұралап жатса және Ұлттық банк мөлшерлемесі төмендегенде. Кризис кезінде алтынға қаржы салу өзінің тиімді тәсіл екенін дәлелдей түседі. Дегенмен бірден алып тастамай, біртіндеп сатып алыңыз. Қолда бардың бәрін салмаған дұрыс. Әр түрлі курстың болуы шығындардың айырмашылығын минимумға түсіреді. 

Кімнен және қай жерден алған дұрыс?

Физикалық эквивалентін бұған дейін айтқанымыздай, банктерден немесе жеке иелерінен алуға болады. Бірақ жеке адамнан алған кезде сапасыз түріне ұрынып қалуыңыз мүмкін екенін естен шығармаңыз. Себебі кейбір өндірушілер алдап, құймаға болат немесе вольфрам қосып, салмағын көбейтіп қоюы мүмкін. Ал ПИФ-тер мен ETF-терді биржадан ала аласыз. 

Қайда сақтау керек?

Физикалық алтынның күйі өте маңызды дегенбіз. Өйткені бағаға тікелей әсер етеді. Кішкентай сызаттың өзі құнын әжептеуір түсіріп тастауымүмкін. Сол себепті басқалардың көзінен аулақ, қолы жете бермейтін жерде сақталғаны жөн. Қымбат металды үйіңіздегі сейфке салып қойсаңыз да ерік өзіңізде. Болмаса, банктен ұяшық алып, сонда салып қойыңыз. Ол кезде құйманың сақталып, түрі бұзылмауына банк жауапты болады. Бірақ банк сақтағаны үшін ақы сұрайды. Өзіңіз үйде сақтаймын деп шешсеңіз, сызат түспейтін жағдай жасаңыз.  

Google News сайтында бізге жазылыңыз
Қатысты материалдар
Қазір оқуда