«Алатау жастары» бағдарламасына қатысу үшін үміткерлер қандай құжат дайындауы керек?

Бағдарламаға өтінім қабылдау 1 желтоқсанға дейін жалғасады

Алматы облысында 35 жасқа дейінгі жастарды баспанамен қамтуға бағытталған «Алатау жастары» бағдарламасы іске қосылды. Бағдарлама аясында өңір тұрғындары пәтерге немесе жер үйге қол жеткізе алады. Ол үшін тиісті шарттарға сай болуы керек. Сонымен қатар 1 желтоқсанға дейін әкімдікке өткізуі тиіс бірқатар құжаттар да бар.

Облыстық әкімдік «Отбасы Банк» АҚ желісі бойынша Алматы облысының жас мамандарын жеңілдікпен кредиттеуге қатысуға құжаттарды қабылдаудың басталғаны туралы ресми хабарлады.

Бағдарламаға қатысушыға кредит беру шарттары мынадай:

  • Кредит сомасы – 10 000 000 (он миллион) теңгеге дейін;
  • Бастапқы жарна – негізгі тұрғын үй үшін 0 пайыз, қайталама нарықтағы тұрғын үйге және жер үй үшін 10 пайыз, жеткілікті кепілдік шартымен;
  • Пайыздық мөлшерлеме – жылдық 5 пайызға дейін (бес пайыз) ;
  • Қарыз мерзімі – 19 жылға дейін
  • Сатып алынатын тұрғын үй – Алматы облысының бастапқы/қайталама нарықтарында және жер үйлер пайдалануға берілген тұрғын үй.
  • Кепілдікті қамтамасыз ету – сатып алынатын тұрғын үй, мүліктік құқық. Кепілмен қамтамасыз ету жеткіліксіз болған жағдайда жылжымайтын мүлік не банктегі бағдарлама қатысушысына не өзге үшінші тұлғаға тиесілі тұрғын үй құрылыс жинақтары түріндегі қосымша кепіл қабылданады;
  • Сатып алынатын тұрғын үйдің құны – шектеусіз;
  • Төлем қабілеттілігін растау – банктің ішкі құжаттарына сәйкес жүргізілетін кредиттік тұрғын үй сатып алу үшін салымшы болып табылатын бағдарламаға қатысушының қаржылық мүмкіндіктерін айқындау.

Бағдарлама қатысушысына қойылатын негізгі талаптар мынадай:

  • Қазақстан Республикасының Азаматтығы.
  • Алматы облысында кемінде 1 жыл тұрақты тіркеудің болуы.
  • Жұбайының (зайыбының) жасына қарамастан, бағдарламаға қатысу үшін өтініш берген кездегі бағдарламаға қатысушының жасы 35 жасқа дейін (қоса алғанда).
  • Бағдарламаға негізгі қатысушы ретінде қатысуға ерлі-зайыптылардың біреуіне ғана рұқсат етіледі.
  • Бағдарламаға қатысушыда және оның отбасы мүшелерінде соңғы 5 (бес) жылда Қазақстан Республикасының аумағында сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйдің немесе меншік құқығындағы тұрғын үйдің (ерлі-зайыптылардың ортақ бірлескен меншігі, өтінішке енгізілетін отбасының басқа мүшелерімен бірлесіп ортақ үлестік меншік) болмауы;
  • Қатысушының таңдалған саладағы ресми жұмыс өтілі Алматы облысында өтініш берген сәтте соңғы бір жылдан кем емес болуы керек және ол зейнетақы шотының үзінді көшірмесімен расталуы қажет.

Үміткерлер келесі құжаттарды тапсырады:

  1. Азаматтық халін мемлекеттік тіркеу туралы куәлік (бала туу, қайтыс болу, неке қию (ерлі-зайыпты болу), некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу;
  2. Өтініш берушіге және Қазақстан Республикасы бойынша отбасының барлық мүшелеріне жылжымайтын мүліктің жоқ (бар) екендігі туралы анықтама; (анықтама өтінім берген сәттен бастап күнбе-күн алынуы тиіс);
  3. Ұйымның / мекеменің фирмалық бланкісінде анықтама берілген күні, шығыс нөмірі, жұмысқа орналасқан күні және атқаратын лауазымы мен лауазымдық жалақысы көрсетілген жұмыс орнынан берілген анықтама. Ресми бланк болмаған жағдайда анықтамада ұйымның мөрі болуға тиіс;
  4. Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 35-бабына сәйкес еңбек өтілін растайтын құжаттар; (қызметтік тізім, еңбек кітапшасы және т. б.);
  5. Еңбек қызметінің бүкіл кезеңі үшін зейнетақы аударымдары туралы үзінді көшірме;
  6. Өтініш берушіге немесе оның отбасы мүшелеріне (жұбайы, балалары) мүгедектігі туралы анықтама (бар болса);
  7. Ерлі-зайыптылардың екеуіне де соңғы 6 айдағы табысы туралы жұмыс орнынан анықтама (егер ерлі-зайыптылардың екеуі де жұмыс істеген жағдайда).

Жеке кәсіпкер (ЖК) ретінде тіркелген қатысушылар мынадай құжаттарды өткізуі тиіс:

  1. ЖК мемлекеттік тіркеу туралы куәлік.
  2. Салық органынан қарыздың жоқтығы туралы анықтама.
  3. Өткен есепті жылдағы салық есебі (ф. 200, ф. 240, ф. 220).
  4. Соңғы есепті жылдағы кәсіпкерлік қызметке патент.
  5. Соңғы есепті жылдағы кәсіпкерлік қызметке патент (форма 911.00).
  6. Шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін соңғы есепті жылдағы оңайлатылған декларация (форма 910.00).
  7. Салық төлеушінің салық есептілігін ұсынуы туралы хабарлама (растау).
  8. ЖК қызметін растау үшін қажетті қосымша құжаттар.


Құжат қабылдау 2022 жылдың 1 қарашасынан 2022 жылдың 1 желтоқсанына дейін жүргізіледі. Құжаттар жұмыс күндері дүйсенбі-жұма, сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін (сағат 13.00-ден 14.30-ге дейін түскі үзіліс) Қонаев қаласы, Қонаев көшесі 41, мәжіліс залы (БЦ Бәйтерек) мекенжайында қабылданады

Google News сайтында бізге жазылыңыз
Қатысты материалдар
Қазір оқуда