Көлік-логистикалық хаб ретінде Ақтау және Құрық порты қалай өзгереді?

Жарияланды
Ақтауға 580 млрд теңге бөлінді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысына сапары барысында ұлттық экономиканы ісжүзінде әртараптандыру – мемлекет алдында тұрған басты міндет деп атады. Оның айтуынша, мемлекет 2023-2026 жылдары 29 жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Соның нәтижесінде 3 мың тұрақты жұмыс орны ашылмақ.

Мемлекет басшысы Маңғыстау географиялық тұрғыдан ұтымды жерде орналасқан өңір екенін және бұл өлкені әлемдік деңгейдегі көлік-транзит торабына айналдыру керектігін атап өтті.

«Портты қала Ақтау – Қазақстанның теңізге шығатын қақпасы. Жаһандық логистикалық жүйе қайта қалыптасып жатқан қазіргі кезде Каспий теңізінің маңызы күрт арта түсті. Порттың инфрақұрылымын дамыту үшін инвестиция тартуды, контейнерлік және көлік-логистикалық хаб құруды көздеп отырмыз. Біз үшін қазіргі әлемдік нарықтағы ахуалды ескеріп, Транскаспий бағдарын одан әрі дамыту өте маңызды. Осы мәселе бойынша серіктес елдермен өзара түсіністік бар», деді Президент.

Мемлекет басшысы «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы инвестиция тарту, өнім өндіру, салық төлеу көрсеткіштері бойынша республикада ең үздік үш аймақтың бірі екенін атап өтіп, арнайы экономикалық аймақтарда игерілмеген жер телімдерін инфрақұрылыммен қамтамасыз етуді тапсырды.

«Үкімет арнайы экономикалық аймақтардың жұмыс істеу мерзімін ұзартуы қажет деп есептеймін. Қазақстан шетелдік әріптестермен инвестициялық ынтымақтастықты дамытып келеді. Соның бірі – «Жасыл» сутегін өндіру және тарату орталығын» салу жобасы. Өткен аптада Еуропа кеңесінің Президенті Шарль Мишель біздің елге ресми сапармен келгенін білесіздер. Сол кезде Қазақстан мен  неміс-швед компаниясы арасында инвестиция туралы тиісті келісімге қол қойылды. Инвестор Маңғыстау облысында «жасыл» сутегі өндірісін іске қосуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ күніне 255 мың текшеметр су тұшытатын зауыт, 40 гигаватт жаңғыртылатын қуат көздері стансасын салу жоспарда тұр. Осы жоба жүзеге асырылса, құрылыс кезінде 3500, ал нысан іске қосылған кезде 1800 тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік туады. Өз мамандарымызды оқытып, даярлаймыз. Тиісті инфрақұрылым салынады. Инвестор өзіне жүктелген әлеуметтік міндеттемелерін орындайды», деді.

Сондай-ақ жиын барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстаудың сумен қамтамасыз ету жүйесін және инженерлік инфрақұрылымын жаңғыртып, Ақтау мен Жаңаөзен қалаларын дамытудың маңыздылығына тоқталды.

«Біз Ақтау қаласын еліміздің басты туризм орталығының бірі ретінде дамытуды көздеп отырмыз. Теңіз жағасындағы қала қазіргі заманғы озық талаптарға сай болуға тиіс. Облыс орталығындағы ескі үйлердің мәселесін шешу қажет. Қалада мұндай 280 үй бар. Үкіметке Ақтау қаласындағы тұрғын үйлерді жаңғырту жөнінде арнайы бағдарлама әзірлеуді тапсырамын. Жаңаөзенді кешенді дамыту мәселесіне баса назар аудару қажет. Ондағы күрделі түйткілдерді  шешуге 580 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді. Бұл – бір қала үшін қомақты қаржы. Оны мақсатына сай тиімді жұмсау қажет» деді.

Бұдан кейін Мемлекет басшысы облыстың білім беру, денсаулық сақтау салаларын дамытып, жастарға қолдау көрсету керек екенін атап өтті. Маңғыстау облысында балабақша мәселесі толық шешімін таппаған, 10 мыңға жуық балаға орын жетіспейді. Сондай-ақ 13 мың оқушыға мектептен орын жетпей жатыр. Апатты жағдайдағы, үш ауысыммен оқытатын мектептер бар.

Мемлекет басшысы жыл сайын мал азығының 75 пайызын басқа облыстардан алатын Маңғыстау облысында жем-шөптің бағасын арзандату мәселесі өте өзекті екенін айтты. Өзге өңірлерден мал азығын тасымалдау үшін жеңілдетілген тарифтер енгізу жолын қарастыру керек екенін атап өтті. Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев туризм және экология салаларына да арнайы тоқталды. Оның пікірінше, қазір бүкіл әлемде туризм экономиканың маңызды саласына айналды. Бұл ретте Маңғыстаудың алатын орны айрықша.

«Каспий жағалауындағы мемлекеттермен бірлескен халықаралық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігін қарастырған жөн. Әсіресе, круиз туризмін дамыту қызығушылық тудырады деп ойлаймын. Жалпы, Маңғыстау көптеген киелі орындарымен әйгілі. Бекет ата, Шопан ата, Шақпақ ата жер асты мешіттерін ерекше атап өтуге болады. Мұндай бірегей нысандар дүние жүзінде бірен-саран. Тарихи-мәдени қорықтар мен музейлерге де баса мән берген жөн», деді Мемлекет басшысы.

Айтуынша, Маңғыстаудың экологиясында күрделі түйткілдер бар және экологиялық тепе-теңдік пен Каспийдің биоалуандығын сақтау – маңызды міндет.

Сонымен қатар Президент Каспийде заңсыз балық аулаудың жолын кесу, судың тартылу себебі мен салдарын жан-жақты әрі жіті зерттеу керек екенін атап өтті. Мемлекет басшысы Каспий теңізін зерттеумен айналысатын мемлекеттік ғылыми институт құрған жөн деп есептейді.

Сондай-ақ оқыңыз