Мамандықты қалай дұрыс таңдау қажет?

Жарияланды
Дұрыс таңдау жасау үшін 7 қарапайым кеңес ұсынамыз

Қазіргі кезде көптеген адамдар жоғарғы оқу орнын бітірген соң, алған дипломын сандыққа салып қояды. Кейбір жастар өзі оқыған мамандық бойынша неге жұмыс істегісі келмейді?  Мамандық таңдау – болашақ өміріңізге қатысты өте маңызды және жауапты қадам. Сондықтан шешім қабылдамас бұрын, сіз қай салада жұмыс істегіңіз келетінін шешіп алу керек.

Адамның әлеуметтік құндылығы, оның адамдар арасындағы орны, жұмысының ұнауы, физикалық және психикалық денсаулығы, кәсіби жолдың қаншалықты дұрыс таңдалғанына байланысты. Дұрыс шешім қабылдау үшін мамандық таңдауға әсер ететін негізгі факторларды ескеру қажет. Ата-ананың пікірі, материалдық жағдай, жеке ерекшеліктері, денсаулық жағдайы, баланың жеке қабілеті – мұның бәрі оның қандай мамандық таңдайтынына әсер етеді.

Дұрыс таңдау жасау үшін мына қарапайым кеңестерді ұсынамыз.

1.Болашақ мамандығыңыздан не қалайтыныңызды ойлаңыз.

Кім болғыңыз келетінін, немен айналысуды ұнатасыз, неге қол жеткізгіңіз келетінін, қандай қызмет саласында жұмыс істеген қызықты, жоғары жалақы қаншалықты маңызды екенін анықтаңыз.

2.Сіз қандай жұмысқа бейімдісіз, қабілеттеріңізді, қызығушылығының бен ынтаңызды ескеріңіз.

Қызығушылық дегеніміз – затты немесе құбылысты білуге, оны зерттеуге ұмтылу. Бейімділік – белгілі бір қызметпен айналысуға ұмтылу. Қызығушылықтар мен бейімділік сәйкес келуі немесе сәйкес келмеуі мүмкін. Қызығушылық адамды білім алуға итермелейді, ой-өрісін кеңейтеді, мамандықты меңгеру жолындағы кедергілерді жеңуге көмектеседі.

Сондай-ақ, кәсіби қызметте табысқа жету үшін сізге ұнайтын жұмыс түріне қабілеттілік қажет. Ал қабілет дегеніміз – кез келген іс-әрекеттің табысты болуын, осы әрекетті игеріп, меңгерудің жеңілдігін қамтамасыз ететін тұлғаның жеке ерекшеліктері. Өз қабілетін білмеу және оны мамандық талаптарымен байланыстыра алмау дұрыс емес таңдауға әкеледі.

Көптеген хобби мен қызығушылықтар еңбек нарығындағы ұсыныстармен сәйкес келеді. Мысалы, компьютерлік ойындарды ойнағанды ​​ұнататын болсаңыз, сіз ойын дизайнері немесе ІТ маманы бола аласыз. Егер сіз сурет салуды немесе өнерді ұнатсаңыз, дизайнер немесе сәулетші мамандығын үйренуге болады. Егер сіз спортпен айналысуды ұнатсаңыз, жаттықтырушы қызметін қарастырыңыз. Сіз химияны жақсы көретін болсаңыз, болашақта сіз фармацевт бола аласыз. Тамақ жасау қабілеті сияқты дағдыларды аспаз немесе кондитер сияқты кәсіпке айналдыруға болады.

3.Денсаулық жағдайыңызды ескеріңіз.

Денсаулығыңызға байланысты сізге істеуге болмайтын мамандықты таңдамас үшін міндетті түрде дәрігермен кеңесіңіз. Белгілі бір физикалық сипаттарды және денсаулық жағдайын білмеу – мамандық таңдауда зиян келтіруі мүмкін.

Қазіргі уақытта белгілі бір мамандықтарды алуға көптеген қарсы көрсеткіштер бар.. Мысалы, жүрегі ауырыртан адамдар,  ұшқыш бола алмайды. Ал аллергиямен ауыратындар химик немесе шаштараз болып жұмыс істей алмайды. Сондықтан денсаулық жағдайының барлық ерекшеліктерін білу қажет.

4.Еңбек нарығына талдау жасаңыз.

Қазіргі уақытта қандай мамандықтар сұранысқа ие екені туралы мүмкіндігінше мол ақпарат жинаңыз. Бес жылдан кейін, оқу бітірген кезде қандай жұмыс орындары сұранысқа ие болатынын ойланыңыз. Бұл жағдайда ең жақсы көмекші бұқаралық ақпарат құралдары, жұмысқа орналасу сайттары. Сондай-ақ, мамандық туралы жақсы білетін мамандардың кеңесіне құлақ асыңыз.

5.Қаржылық жағдайыңызды талдаңыз.

Мамандықты меңгеру сіздің қаржылық жағдайыңызға да байланысты болуы мүмкін. Сіз ақылы бөлімде оқи аласыз ба, соны ойлаңыз. Бұл мәселені отбасылық кеңесте талқылаңыз. Оқыту құны сізге ауыртпалық салмас үшін қаржылық мүмкіндіктерді де ескеру қажет.

6. Кеңес тыңдаңыз, бірақ таңдауды өзіңіз жасаңыз.

Көбіне ата-анаңыз мен достарыңыздың пікірі болашақ мамандықты таңдауға әсер етеді. Олардың нақты тәртібіне қарай мамандық таңдауға болмайды. Сіз тек олардың пікірін тыңдай аласыз, бірақ мамандық таңдау сіздің жеке ісіңіз.

 Әрине, бір шаңырақтағы бірнеше ұрпақ бір салада еңбек етіп жатқан жағдайлар бар. Бірақ адамның белгілі бір кәсіпке бейімі мен қабілеті болмаса, ол ешқашан жоғары білікті маман бола алмайды. Өз өміріңіздегі күрделі мәселені өзіңіз шешуді үйренуіңіз қажет.

7.Сізді қызықтыратын мамандық бойынша жұмыс істейтін адамдармен сөйлесіңіз.

Сізді қызықтыратын мамандықтар туралы көбірек біліңіз. Сізді қызықтыратын мамандықтар туралы түрлі мамандық өкілдерінен сұраудан ұялмаңыз. Олар қызмет саласы туралы құнды ақпараттармен бөлісе алады, өзіңізге ұнайтын мамандықтың артықшылықтары мен қиындықтары туралы айта алады.

Сізге ұнайтын мамандықтарды оқытатын оқу орындарына барып, танысып көріңіз. Міндетті түрде ашық есік күндеріне барыңыз. Бұл болашақ мамандыққа қатысты маңызды ақпараттыбере алады.

Дұрыс таңдау жасау дегеніміз – адамның мүмкіндіктерін, оның қабілетін, денсаулық жағдайын, білім мен дағды деңгейін ескере отырып, қызықты және жүзеге асыруға болатын мамандықты табу. Сондықтан мамандық таңдауда ең бастысы – сіздің бейімділіктеріңізді, қабілеттеріңізді және қызығушылықтарыңызды, сондай-ақ таңдаған мамандыққа еңбек нарығындағы сұранысты ескеру.

Соңғы шешімді көптеген кеңесші емес, сіз ғана қабылдауыңыз керек екенін әрқашан есте сақтаңыз.

Сондай-ақ оқыңыз