Қазақстанда қиын жағдайда жүрген отбасылар көп

Жарияланды
Депутат "Отбасын қолдау орталықтарын" құру қажет дейді

Депутат Динара Закиеваның Премьер-министрдің орынбасары-Қаржы министрі Е.Жамаубаевқа жолдаған депутаттық сауалында елімізде «Отбасын қолдау орталықтарын» көптеп құру қажет дейді.

Мәжілісмен өз сауалында Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегін келтіріп өтті. Министрлік мәліметі бойынша, қазіргі таңда қазақстандық 6 млн 750 мың отбасының жартысына жуығы қолдау қажет. 1 145 100 отбасы дағдарыс жағдайында тұрып жатыр, 1 592 600 отбасы өте қиын жағдайда екен.

Аталған санаттағы бүкіл отбасыға кешенді көмек, әлеуметтік оңалту, сүйемелдеу, жұмысқа орналасуға көмек көрсету, құжаттандыру, жәрдемақылар, төлемдер, АӘК және басқа да қызметтер қажет. Сондықтан барлық қызметті бір терезеде алуды қамтамасыз ету үшін еліміздің әр ауданында инфрақұрылым, атап айтқанда, Отбасын қолдау орталықтарын құру қажет деп пайымдайды депутат.

Қазір елде 220 ауданға тек 47 Отбасын қолдау орталығы бар.

«Мысалы, Түркістан облысында 14 аудан мен үш қала, 2 миллионнан астам халық бар. 330 мың отбасы төтенше қиын және дағдарысты өмірлік жағдайда тұрады, облыста зорлық-зомбылық деңгейі де жоғары. Облыс бойынша тек екі дағдарыс орталығы бар, бір Отбасын қолдау орталығы енді ашылып жатыр. Үшеуі де Түркістан қаласында орналасқан. Қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасының, балалы әйелдің шалғайда жатқан ауылдан орталық іздеп жүздеген километр жүріп баратын не күші, не қаржылық мүмкіндігі жоқ. Республиканың басқа өңірлері бойынша да осындай жағдай. Өкінішке қарай отбасылардың әлеуметтік мәселелерінің шешілмеуі және оларға уақтылы көмек көрсету мүмкіндігінің болмауы көп жағдайда қайғылы салдарға әкеліп жүр. Мұндай мысалдар бізде жеткілікті», дейді Динара Закиева.

Тиісті орталықтарды ашу туралы тапсырманы Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев 2022 жылғы 23 маусымда Қазақстан полициясының 30 жылдығына арналған салтанатты іс-шарада берген.

Депутаттың айтуынша, 023-2025 жылдар аралығында тағы 158 орталық ашу қажет. Бұл жергілікті бюджеттер есебінен болжанған еді. Алайда аталған орталықтарды ашу үшін өңірлерде қаражат жоқ.

Сондай-ақ оқыңыз