Елімізде биыл жұмыссыздар саны 450,3 мың адамды құрады

Жарияланды
Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы хабарлады

2022 жылы III тоқсанда Қазақстан экономикасының әртүрлі салаларында 8,8 млн адам жұмыспен қамтылды, олардың 6,7 млн-ы (жұмыспен қамтылғандардың жалпы санынан 76,1%) жалдамалы қызметкер болса, 2,1 млн адам (жұмыспен қамтылғандардың жалпы санынан 23,9%) өзін-өзі жұмыспен қамтушылар.

Жалпы жұмыспен қамту 2021 жылғы III тоқсанмен салыстырғанда 12,5 мың адамға, жалдамалы қызметкерлер саны 28,5 мың адамға өсті, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны, керісінше, 16 мың адамға азайды.

Толық жұмыспен қамтылмағандар (жұмыс көлемінің төмендеуіне, жұмыс берушінің бастамасы бойынша, сырғымалы жұмыс кестесіне және басқа да себептермен аз жұмыс істегендер) саны алдынғы тоқсанмен салыстырғанда 8% өсіп, 299,3 мың адамды құрады.

2022 жылы III тоқсанда жұмыссыздық деңгейі (ХЕҰ әдістемесі бойынша) тұрақты болып, 4,9% құрады. Жұмыссыздар саны 450,3 мың адамды құрады.

Жұмыссыз жүрсе де оны іздемеген немесе жұмысқа кірісуге дайын болмаған адамдар (потенциалды жұмыс күші) саны 2022 жылғы II тоқсанмен салыстырғанда 6,6% азайды және 48,1 мың адамды құрады.

15-28 жастағы* жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,8%, NEET жастарының жұмыссыздығы, яғни білім алумен немесе кәсіби даярлықпен айналыспайтын жастардың үлесі 0,1 пайыздық тармаққа өсіп, 6,5% құрады.

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жұмыспен қамту органдарында 2022 жылғы қазан айының соңына 238,2 мың жұмыссыз ресми тіркелген. Олардың үлесі өткен жылмен салыстырғанда 0,5 пайыздық тармаққа өсті және жұмыс күшінің 2,6% құрады.

Сондай-ақ оқыңыз