Экономикаға несие: Банктер бизнеске несие ұсынуға неліктен дайын емес?

Ақша-несие саясатын жеңілдету жоспарланып отырған жоқ

Банктер экономикаға несие беруге дайын ба? Олардың қаржылық жағдайы мен мүмкіндігі қандай? Ұлттық Банк базалық ставканы неліктен түсірмей отыр? Кәсіпкерлер қымбат ставкамен де қазір кредит алуға дайын ба? Осы және өзге де сұрақтарға спикерлер X Қаржыгерлер конгресінде жауап беруге тырысты.

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы кеңесінің Төрайымы Елена Бахмутованың айтуынша, экономикалық өсімнің баяулап қалғанына, ақша-несие саясатының біршама қатайғанына қарамастан банк секторы орнықты өсім көрсетіп жатыр және экономика үшін займның негізгі көзі болып қала береді.

«Биыл үш тоқсанда қаржы секторының капиталы мен активі өсті. Жаңа өнімдер мен технологиялық шешімдер пайда болды», деді ол.

«Қазір команда толыққанды болжаммен жұмыс істеп жатыр. Қажеттілік болса базалық ставканы тағы да көтеруге дайынбыз. Ставканы тым төмен дейтіндер де, жоғары дейтіндер де бар. Жалпы, базалық ставка бойынша пікірталасқа оң қараймын. Қысқа мерзімді перспективада ҰБ ставканы төмендетпейді. Біз оны қабылдау кезінде макрофакторларға, болжамдарға, деректер мен инфляциялық күтулерге сүйенеміз», деді ҰБ төрағасы Ғалымжан Пірматов.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованың сөзінше, банктерге жүргізілген тәуекелге негізделген қадағалау (AQR) олардың мүмкіндігін бағалауға жол ашты.

«Осы арқылы банк ішіндегі бизнес процес сапасын да бағалай аламыз. Биыл осы үш жылдық жоспар бойынша қадағалауды аяқтадық. 85 пайызын орындадық. Енді экономикаға берілетін жаңа кредиттер әлдеқайда сапалы кредиттік андерайтингке негізделіп берілетін болады. Қадағалаушы ретінде екі маңызды элементті атап өткім келеді: бұл – тұрақты AQR-дың енгізілуі, яғни, әлемдік қаржылық реттеушілері 5-10 жылда бір рет өткізетін тәуелсіз AQR-дан бөлек, біз жыл сайынғы AQR-ды енгіздік. Біздің де қадағалауымыз сол әлемдік әдіснамаға бейімделген. Биыл 10 ірі банкте (отандық банк секторындағы активтің 72 пайызына ие) тұрақты AQR жүргіздік. 17 қазанда аяқтадық. Қазір қолымызда тиісті нәтижелер бар. Оған сәйкес, банктерде экономикаға сапалы кредит беру бойынша орнықтылық қоры бар екені анықталып отыр», деді Әбілқасымова.

Ол сондай-ақ Агенттіктің қаржы нарығы қатысушыларының ұсыныстарын ескере келе өтімділік капиталы қорының жеткілікті мөлшерін 1-ден 0,8 пайызға дейін азайтқанын, банктердің кепіл саясаты бойынша реттеушілік талапты төмендеткенін мәлімдеді.

«Қазақстан Халық Банкі» АҚ басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова базалық ставканың көтерілуі депозитке оң әсер еткенін айтады.

«Заңды және жеке тұлғалардың теңгелей депозиті өсім көрсетуде. Бөлшек депозит портфелінің 70 пайызы теңгемен, 30 пайызы доллармен сақталған. Мұндай жағдай бірінші рет болып тұр. Кәсіпкерлер қазір несиені 16 пайыздан жоғары ставкамен алады, банктің минималды маржасы 3 пайыз болса, соның өзінің 1 пайызын – провизия шығындары, тағы 1 пайызын операциялық шығындар алады да, 1 пайыз ғана пайдаға қалады. Әрине, бұл банктің кірістілігін төмендетеді, тиісінше несиеге деген ынтаны да азайтады. Біз кәсіпкерлерге кредит алыңыздар дейміз, бірақ олардың көбі экономикадағы белгісіздіктің басылуын, жоғары базалық ставканың төмендейтін кезін күтіп жүр. Өйткені елде инфляция жоғары, халықтың  төлем қабілеті төмендеп жатыр. Соған қарамастан бизнесті сақтау керек, қолдау керек. Бір позитивті нәрсе бар, ол Ресейдегі бизнестің Қазақстанға көшіріле бастауы. Олардың бизнесі Қазақстанға келсе, біздің кәсіпкерлер үшін де тамаша серіктестер табылады», дейді Шаяхметова.

Halyk Bank басшысы жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі де төмендеуі керек деп есептейді.

«Қазір жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 56 пайызбен реттеледі, соны 40 пайызға дейін төмендету керек. Соның арқасында банктердің маржасы азаяды және бөлшек несие беру бұрынғыдай аса тиімді болмайды. Бұл дегеніміз бөлшек несие, яғни жеке тұлғаның қарыз жүктемесі. Қазір көбі табысты қолма-қол алғысы келеді. Өйткені ақша карточкаға түссе, проблемалық займының бар болуы себепті, ақшасы ұсталып қалады. Екінші жағдай – импорттық тұтыну тауарларының несиесі. Телефон, басқа да құралдар. Біздің халық өзінің төлей алатын мүмкіндігінің шегінде несие алу керектігін біле бермейді. Мүмкін несие амнистиясы жарияланып қалар, не болмаса банк банкроттыққа ұшырар, сөйтіп қарызымыз кешіріліп кетер деп үміттенеді», дейді ол.

Банк төрағасының айтуынша, экономиканың нақты секторындағы ұзақ мерзімді инфрақұрылымдық жобаларды қолдағымыз келсе, онда оларды салық жүктемесінен босату керек.   

Kaspi.kz басқарма төрағасы Михаил Ломтадзе ірі, шағын және орта бизнестің анықтамаларын қайта қарауды ұсынды. Шағын және орта бизнес қазір табысты дамып келеді, мысалы, жаңа кафелер мен мейрамханалар үнемі ашылуда. Бірақ мұндай бизнес үшін жеке есептілік жоқ.

«Мен 100 миллион теңге несие алушыларды орта бизнес деп қараймын. Ал егер 10 миллион доллар алса онда бұл – ірі бизнес. Шағын және орта бизнес жеке-жеке талданбайды, цифрларды көре алмаймыз. Бұл үлкен қолайсыздықтар тудырады. Сосын, есептілікте 4-5 жыл бұрын алған кредиттер, жұмыс істемейтін кредиттер не үшін көрсетілген? Ең болмағанда соңғы үш жылдағы, тіпті әрбір айда неше кредит берілетінін көрейік. Есептерді қарау қалыпты жағдай, мұның бәрі көз алдымызда болмаса дұрыс шешім қабылдай алмаймыз», деп пікір білдірді Ломтадзе.

Google News сайтында бізге жазылыңыз
Қазір оқуда