Смайлов басқаратын Үкімет отставкаға кетуі мүмкін бе?

ЖІӨ-нің өсу қарқыны – 2,5 пайыз

Үкімет 10 айдың қорытындысын шығарып, Қазақстан экономикасы қалыпты өсу қарқынын сақтап отыр деген шешімге келіпті. Бір қарағанда бәрі де дұрыс. Сақтап отырмыз. Бірақ Үкімет қалыпты өсімді сақтап отыру үшін ғана жұмыс істей ме? Түсінеміз, жаһандық сын-қатер қыспаққа алып тұр, өсім бізде ғана емес, дамыған елдердің өзінде қиындық тудырып жатыр. Бірақ тап осы геосаяси дағдарыс, тап осы экономикалық дағдарыс басқа-басқа емес, дәл біздің ел үшін «жаңа мүмкіндік кезеңі» еді. Үкімет біртіндеп сол мүмкіндікті уыстан шығарып бара жатқандай көрінеді.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, биылғы 10 айда республикада жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) өсу қарқыны 2,5 пайыз болған. Атап айтқанда, экономиканың нақты секторы 2,8 пайызға, қызмет көрсету саласы 1,6 пайызға өскен.

Салалар арасында:

  • Ауыл шаруашылығы 8,2 пайызға;
  • Ақпарат және байланыс 7,1 пайызға;
  • Құрылыс 5 пайызға;
  • Өңдеу өнеркәсібі 4,3 пайызға;
  • Сауда 4,1 пайызға;
  • Көлік және қоймалау 3,9 пайызға өсім көрсетіп, оң динамикаға ие болған.

Биыл қаңтар-қыркүйек айларында елдің сыртқы сауда айналымы 35 пайызға өсіп, 98,4 млрд доллар болды.

Экспорт бойынша көрсеткіш 47,5 пайызға (63,8 млрд доллар), өңделген тауарлар экспорты 37,5 пайызға (19,3 млрд доллар) өсті.

Импорт 34,6 млрд долларға жеткен (16,5 пайызға өсім). Жалпы, Қазақстанның оң сауда теңгерімі 29,3 млрд долларға жетіпті (2,2 есе өскен).

Премьер-Министрдің орынбасары, Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың деректері бойынша, мемлекеттік бюджетке 12 трлн 427 млрд теңге кіріс түсті (жоспар 104 пайызға орындалды). Атап айтқанда, республикалық бюджет 8,4 трлн теңгеге (102 пайыз), жергілікті бюджеттер 4 трлн теңгеге (108,5 пайыз) толықты.

Мемлекеттік бюджет шығыстары 96,7 пайызға, оның ішінде республикалық бюджет шығыстары 98 пайызға (14,5 трлн теңге), жергілікті бюджеттер шығыстары 94 пайызға (8,1 трлн теңге) орындалған.

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың айтуынша, ел экономикасы қалыпты өсу қарқынын сақтап, нақты сектор экономиканы тұрақтандырудың негізгі факторы ретінде дамудың оң үрдісін көрсетіп отыр.

«Өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 4,3 пайызға, машина жасау саласындағы өндіріс көлемі 7,7 пайызға, ауыл шаруашылығында 8 пайыздан астамға өсті. Ішкі және сыртқы инвестицияларды тарту – экономикалық өсудің маңызды факторы. Жалпы аталған кезеңде негізгі капиталға инвестициялардың өсуі 6,7 пайызды құрады. Оның ішінде экономиканың шикізаттық емес салаларына тартылған инвестиция көлемі ұлғайып келеді. Инвестицияның жоғары өсімі жылжымайтын мүлікпен жасалатын операцияларда, сондай-ақ көлік және қоймалау, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіпте тіркелді», деді Үкімет басшысы.

Оның сөзінше, барлық негізгі макрокөрсеткіштер бойынша Қостанай, Ақмола, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Қызылорда облыстарында, Алматы және Шымкент қалаларында өсім бар. Ең төменгі қарқын Ұлытау, Абай және Маңғыстау облыстарында тіркелген.

Әлихан Смайылов тұрақты даму қарқынын ұстап тұру үшін экономиканы әрі қарай әртараптандыру, инвестиция тарту және тұрақты жұмыс орындарын құру бойынша жұмысты күшейту қажеттігін атап өтті.

«Өңір әкімдіктері жоспарланған көрсеткіштерді қамтамасыз етіп, инвестиция тарту жұмыстарын жандандыруы қажет. Сондай-ақ инвестициялық жобаларды іске асыруға тұрақты мониторинг жүргізуі тиіс. Сонымен қатар, бағаның өсуін тежеу жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстау керек. Себебі азық-түлік тауарлары бағасының өсуі инфляцияға айтарлықтай әсер етіп келеді. Бұл, бірінші кезекте, әкімдіктер тарапынан қабылданып жатқан шаралардың жеткіліксіз екенін көрсетеді»,деді Әлихан Смайылов.

Сөз соңында Үкімет басшысы өңірлер осы жылдың соңына дейін әлеуметтік-экономикалық дамудың жоспарланған көрсеткіштеріне қол жеткізіп, Мемлекет басшысы қойған міндеттердің тиімді іске асырылуын қол жеткізу қажеттігін атап өтті.

Үкіметтің мұндай бірсыдырғы отырыстары бұған дейін де өткен. Сарапшылар мұндай жұмыспен Смайлов үкіметі алысқа бара қоймайды деп болжам айтады. Экономикалық үрдістерге әркез пікірін сергек білдіріп отыратын Нұрсұлтан Ерболатұлы жуық арада үкімет оставкасы болуы мүмкін дейді.

«Инфляция 18,8 пайыз болып, 2008 жылдың деңгейіне жетті. Экономика ай сайын төмендеп келеді. Мұнайдың бағасына қарамастан өсім небәрі 2,5 пайыз болып тұр. Тренд осылай қала берсе инфляция 20 пайыздан асып, 3 пайыз өсімді түсімізде көреміз…

Өндіріс өсім бар, бірақ аз. Ауыл шаруашылық 8,2 пайыз өсіммен жақсы келе жатыр. Ең позитивті сала – инвестиция. Биыл 6 айда Қазақстанға 15 млрд доллар шетел инвестициясы келді. Жыл соңына дейін 20+< болар.

Инфляция тым жоғары. Азық түлік инфляциясы ырықтан шығып кеткен. Смайлов жылдың қорытындысын 20 пайызбен жапқысы келмейді. Әкімдерге өз деңгейінде баға өсуін шектеу шараларын күшейтуді тапсырды. Желтоқсан инфляция айы екенін бәріміз білеміз… Ұзаққа бармайтын үкімет», деп жазады ол.

Google News сайтында бізге жазылыңыз
Қатысты материалдар
Қазір оқуда